«Жаным деген жігітті жек көрмеңдер»

«Жаным деген жігітті жек көрмеңдер»
Фото: massaget.kz

Ғашық жандар арасында бірінің сезімі күштірек болса, алтын орталықты ұстануға бола ма? Әр некедегі әйел арманындағы азаматымен бас қосқан ба? «Жаным деген жігітті жек көрмеңдер, Өзі сүю қыздардың соры ғана» деп Ақұштап Бақтыгереева апамыз жырлағандай өзің сүю мен сүйікті болудың қайсысы басым болғаны жөн?

Қазақ қыздары қашанда ұяңдығын сақтап, өзі ұнатып тұрса да жігітке алғаш боп қадам жасай алмай, «Жігіт сүйсе алады, Қыз сүйсе қалады» деген мәтелге сайып, сезімін іште тұншықтырып қала берген. Соңында өмір бойы қу тізесін құшақтап жалғыз өтпес үшін тағдырдың жазуына мойынсұнып, кездескенін таңдап, махаббатын оятуға өзін мәжбүрлеген. Қазір XXI ғасыр, өз таңдауыңды жасау  да ұят емес дегенмен, осы қазақи ибалылықты сақтап, тағдыр қосқан қосағымен қоса ағарып отырғандар қаншама.

Егер әйелі көбірек жақсы көрсе
Балалары бар, қарапайым тұрмыс кешіп жатқан отбасыда барлығы жақсы көрінгенімен, кейде ер азаматы тұрғысынан салқындық байқалып тұрады. Әйелі үнемі бәйек болып, ерінің алдында құрақ ұшып жүрсе де, оны бағалап, құрметтеп жатқан еркекті көрмейміз. Керісінше, ұсақ-түйекке жүйкесі тозып, көп уақытын түзде өткізіп, отбасына аса көңіл бөлмейді. Алайда жүрегі тастан жаралған адам болмаса, бәрібір әйелінің өзіне деген шексіз махаббатын бір күні мойындап, оған көңіл бөледі. Отбасында алаулаған сезім болмағанымен, бір жылылық, жанға жайлылық, достық ықылас болса, күндердің күнінде нағыз махаббат та туары сөзсіз.

Ал ерінің сезімі күштірек болса...
Көптеген әйел осы нұсқаны таңдайды. Бірі өз сұлулығына пайданады, енді бірі еркектің өзінен бұрын қымбат көлігі мен қалың әмиянына қызығады. Мұндай әйел заты өзін күн сайын сыйлықтармен еркелетіп, тәтті сөздерімен құлағына бал құйып отыруын қалайды. Алайда мұндай қарым-қатынас ары кетсе, екі жылға созылуы ықтимал. Әйел табиғаты құбылмалы болғандықтан, бір күні «күнде мейрамнан» да жалығып, өзгеріс іздей бастайды. Ақ боз атпен келген ханзадасының өзінің бойынан күн сайын түрлі кемшілік көре береді. Егер өзіңіз беріліп сүймеген адаммен өмір бойы бірге тұруға дайын болмасаңыз, аз күндік бал өмірге алданғанша, қарым қатынасты уақытында тоқтатқан дұрыс.

Кейде жай ғана күтуге тура келеді. Мүмкін өмір сізге таңдау қалдырмай-ақ, өзі тосынсый дайындап қойған болар.

@. @assel_assanova