Тастағы жазу

Тастағы жазу

Бір топ студент география пәнінің тапсырмасы бойынша тау жыныстарынан үлгі алу үшін табиғатқа сапар шекті. Олар талай қырқаны асып, бірнеше күншілік жол басты. Қалада ержеткен жастар даланың қатал мінезіне шыдас бере алмай, қия беткейдің, құзар шыңның, тасыған өзеннің бәрі-бәрі оларға үлкен асу сияқтанып көрінді. Құрал-саймандары мен азық-түліктерін теңдеген жалғыз аттары 2-3 күн жүрістен кейін таң аспай, бабы қашып жүрістен қалды. Тау жолы барған сайын тарайып, өрлеген сайын мүк басқан тоғай тіптен жүріс бермеді. Олар ақылдаса келе қарсыдағы жотасы биік таудың қыратына шығып жол шалып келуді жөн деп тапты. Оған тек бір адам бару керек. Бәрі шаршаған, шалдыққан, зорыққан.

Франк нық сеніммен орынынан тұрып: «Мен барамын, меніңше таудың ар жағында міндетті түрде жол бар» деді.

Ол өзін қаншама қиындықтардың күтіп тұрғанын білсе де, алған бетінен қайтпады. Барлығы оның жігерлі сөзінен кейін серпіліп, қайраттанып қалғандай болды. Ақыры ол тау жотасына да жетті. Сайдағы достарына қуана айғай салды: «Қараңдар, мынау таста жазу бар екен».

Көпшілік тастағы жазуды оқуға талпынып, биік таудың қырқасына қалай жеткендерін білмей қалды. Таста «Мен 15 тамыз күні сүйікті итіммен бірге осы биікке шықтым» деген жазу бар екен. Жастар бір-бірлеріне қарасып, селтиіп тұрысып қалды.

- Бұл кісі бізден бес-ақ күн бұрын осында келіпті.

"Келген кісі кім? Ол бұл арада не істеп жүр?" деген сұрақтар әркімнің көкейінде тұрды. Дегенмен, неге екені белгісіз, бәрінің шаршаған, шалдыққандары басылып, рухтанып, қуанып қалды.

Студенттер тау басынан өздері іздеп жүрген үлгіні де тапты, әрі биік таудан түтіні будақтаған елді мекенді де көздері шалып, сол жаққа қарай бет алды. Бірнеше сағаттан кейін олар таулы ауылға да жетті. Тоя тамақтанды, тынықты. Таудағы көргендері мен білгендерін, әркім өз әсерлерін жарыса айтысып шу-шұрқан болысып отырды. Тақырып ауаны тастағы жазуға ауысты. Біреу оны аңшы десе, біреу орманшы деп, бірі ғашығын іздеген сергелдең жігіт болар десіп жатты.

Дәл сол сәтте Франктың беті ду етті де, көпшілікке қарап:

- Достар, ол тастағы жазуды мен жазып ем. Ойымда қайтсем көпшілікті биік таулы белестен қатты қинамай, сергек көңілмен асырып әкетсем деген игі ниет қана болды. Сол себепті, осы өтірікпен сендерді алдадым, – деп төмен қарады.

"English Square" журналынан 

Дайындаған: Мейіржан Әуелханұлы

Сурет: davidsbuendler.kz

M. Auelkhan