Бастығыңыздың болмысы қандай? #2

Бастығыңыздың болмысы қандай? #2
Фото: Гороскоп, avoka.do

Жер бетіндегі адамзат атаулы өмір бойы бір-бірімен тығыз байланыста өмір сүріп келеді. Өзара қарым-қатынас, тіл табысу, түсінісу біздің өміріміздің ең ажырамас бөлігі. Мұны өзінше бір ғылым деуге де болады. Себебі кез келген адаммен тіл табысып кету оңай нәрсе емес. алдыңдағы адаммен дұрыс сөйлесу үшін де оның мінезінен аздап хабардар болуға тура келеді. Ал бастықты түсіну, онымен тіл табысу көбінде оңай бола бермейді. Ендеше бастығыңыздың жұлдызнамасын және төмендегі жұлдыз-жорамалды ескере жүріңіз.

Басы

Таразы

Таразы жұлдызындағы басшы басқарушының рөлін ойнағанды ұната бермейді. Сондықтан қызметкерлерімен тең дәрежеде, іскер серіктестер іспетті сөйлескенді жөн көреді. Ол өте ұстамды, салмақты. Оған істің мән-мазмұнынан гөрі сыртқы көрінісі маңыздырақ. Себебі ол қызметкерлерінің сәнді, ерекше киінгенін қалайды. Өзінің талғамы бойынша жасақталған кеңсесінің аты да «айқайлап» тұрғанын қалайды. Ондай басшымен бірге жұмыс істегенде іскерлігіңізді айшықтай түсетін костюм киюіңізге, әдептілік ережелерін сақтап, көңіл-күйіңізге қарамастан күлімдеп жүруіңізге тура келеді.

Сарышаян

Бастығыңыз сарышаян жұлдызды болса, онда төтенше жағдайларға дайын жүріңіз. Бұл басшы адамдардың мүмкіншілігінен асып түсетін тапсырма бергенді жақсы көреді және оның орындалуын қатаң қадағалайды. Ешқандай қиындық пен мәселелерге құлақ аспайтын ол тапсырманы уақытында тап-тұйнақтай етіп орындалуын талап етеді. Жұмысқа жауапсыз, немқұрайлы қарағандарды ұнатпайды. Білікті, білімді қызметкерлерді сыйлайды, оларға қолынан келгенше материалдық көмек беріп, қолпаштап отырады. Ал түк шықпайтын, жауапсыз қызметкерлерден бірінші мүмкіндік туғанда-ақ құтылады. Оның көңіл-күйін біліп болмайсыз, ол өз сезімін қатал бақылауда ұстайды. Мұндай басшымен жұмыс істесеңіз, жұмыстың тынымсыз да ауыр болатынына көндігуіңізге тура келеді. Сонымен қатар алдау деген нәрседен аулақ болыңыз, себебі бәрібір біліп қояды. Ондай жағдайда өзіңізге қиын болады.

Мерген

Егер бастығыңыз мерген жұлдызында туылған болса, офис оған кішілік етеді дей беріңіз. Мұндай жұлдыздағы басшыға трибуна керек. Себебі ол саяси және әлеуметтік тақырып төңірегінде тоқтаусыз сөйлеуге дайын. Ол – ерекше адам. Философиялық және идеологиялық пікірді қатаң ұстанады. Қоластындағылармен бәстескенді жақсы көреді, ал егер оларды өз жағына шығара алмаса ренжіп қалады. Мерген жұлдызды басшы ұсақ-түйекке мән бермегенімен, мәселелерді тез көреді және оның шешімін тез арада табатын қасиетке ие. Сонымен қатар оның басты ұстанар сенімі – шыншылдық. Мұндай басшымен дауласуға болмайды, оның беделін мойындаған жөн және өзекті мәселелер жөнінде оның пікіріне қызығушылық танытыңыз.

Тауешкі 

Тауешкі жұлдызындағы басшы барлық жұлдыз белгілерінің қасиеттерін бойына біріктіріп алған деуге болады. Мысалы, ол торпақ секілді өте еңбекқор, шаян секілді қамқор. Бикеш секілді іскер, таразы секілді салмақты, сарышаян сияқты батыл мінезді және табанды. Одан бөлек тауешкі-басшы кімнің қандай іске бейім екенін керемет айыра алады. Себебі қоластындағылар оған шахмат тақтасындағы фигуралар іспетті. Ол шыдамдылықты бағалайды, ал көпшілік арасынан дараланып шыққандарды суқаны сүймейді. Үлкендерді сыйлап жүретіндерді құрметтейді. Басты билікті өз қолына алғанды дұрыс көреді, ал басқаларға көңіл бөлмей, басып тастайды. Толып-жетілген жастағы адамдарды жоғары бағалайды, ал жастарға сақтықпен қарайды. Мұндай басшының жұмыс тәртібіне бағына білу керек және көзге ерекше түспей, тосын идея айтпай, сақ жүріңіз.

Суқұйғыш

Бастығыңыз суқұйғыш жұлдызында туылған болса, оны түсіну қиындау. Оның өмірге деген көзқарасы да қызық, өзгеше. Сондықтан айналасына өзгеше ойлайтын адамдарды жинап алады. Оған өзі сенетін қызметкерлер құрамы керек, яғни бір пікірлі, сыбайластар ұжымы қажет. Бұл ұжым тәртіпке бағынбаса да, қалай болса солай киінсе де бәрібір. Ең бастысы өте бай идеялар мен ерекше шешімдер шығарып жүрсе болғаны. Суқұйғыш-басшы қоластындағыларды карта араластырғандай етіп жібере салады. Оның пікірі мен шешімі аяқ асты өзгере салуы мүмкін. Мұндай басшымен ішің пыспайды. Жұмыста өз мамандығыңыздың барлық соңғы жаңалығын біліп жүрсеңіз болғаны. Сонымен қатар мұндай жұлдыздағы басшыға өз ойыңызды қымсынбай, тіке айта беруіңізге болады. Тіпті онымен бәстесе де аласыз. Сонда ғана қызметіңіз жоғарылауы мүмкін.

Балықтар

Бастығыңыз балықтар жұлдызында туылған болса, жолым болды деп есептей беріңіз. Себебі олар басшы болуға қабілетсіз. Адамдарды басқару, тірлікті үйлестіру оған арналмаған. Мұндай басшы ырымшыл, тез иланғыш және айналасындағылардың сөзіне тез ереді. Оны неге болса да тез көндіруге болады. Ол адамдарды аяғыш және қызметкерлердің кез келген қателігін кешіре салуға дайын. Онымен бірге ақша таба алмайсыз. Балықтар әлеуметтік көмек қоры немесе медициналық мекемеде ғана басшы бола алады. Ал әлеуметтік-саяси, төтенше жағдайларда тез шешім қабылдайтын қызмет оның оң жамбасына келмейді. Сонымен қатар мұндай басшымен сөйлескенде қатты кетпеңіз, қайта дінге деген сеніміңізді сездіріп, қайғыға қашан да ортақ бола алатыныңызды білдіріп, қайырымды бет-бейне көрсетіңіз және оны қатал сөге көрмеңіз.

Н. Үсенова