Қызың кешке кетіп барады... сенсіз!

Қызың кешке кетіп барады... сенсіз!

Иә, жігіттер, бұл бізге өте қиын сын. Үндемей қалудың өзі жер болумен бірдей-ақ. Делебең қозып, дел-сал күйге енесің де кетесің. Бұл қалай болғаны? Ол сізбен бірге болғысы келмей ме? Сізден шаршады ма? Әлде басқа бір жігіттермен кездескісі келе ме? Олай болмаса, бірге баруға болмас па?

Бұл жағдай барлық жігіттің басынан өтті немесе әлі де өтетініне сенімдімін. Мұны massaget-тік жігіттер болып бірге шешіп көрейік дегенбіз. Бірақ мұнда да жауап сан алуан қалыпқа өзгерді. Біреу сенеді, ал біреу қызғанады. Ішінен өзіңіздің дұрыс деп тапқан жауабыңызды өмірлік кредоңызға айналдырарсыз, бәлкім...

Уәлихан Қосанбай: «ЖІБЕРЕМІН»

- Бірде дәл осындай жағдайда мен жібермей қойған едім. Группаласының туған күніне. Маған қатты ренжіді сол күні. Бірақ ашуым басылған, мейлі бара бер деп жібердім. Бірақ ертесіне группаластары: "Қызыңды «оқып» жібергенсің бе? Бір жерде отырғаннан басқа ештеме істемеді ғой" деген. Содан бері мен ондай жағдайда жіберетін болдым. Өйткені, мен оған сенемін. Ол да менің көңілімді мейлінше қалдырмауға тырысады.

Болат Қосмағамбет: «КЕЛІСІМ»

- Егер қыз баласы осындай сауық-сайранның ортасын өмірлік ұстаным деп білсе, ал сіз оған келіспесеңіз міндетті түрде дау-дамай туындайды. Мұндай жағдайда, сіз оған мән-жайды мұқият түсіндіруіңіз керек. Егер бір рет осындай жерге баруға сізден рұқсат сұраса, келіскеніңіз абзал. Ал егер бұл жүрісін күнделікті режиміне айналдырса, онда әрине жағдай екеуіңіз үшін де қиын болғаны. Демек, бұдан былай ұрысты қаламасаңыз, сіз екеуара келісіп, ортақ келісімге келгеніңіз дұрыс.

Еркебұлан Қайрахан: «БҰЗЫЛАДЫ!»

- Қарсы боламын. Өзге жігіттердің кампаниясында би билеп, сайрандауына рұқсат бере алмаймын. Қыз сенімді адам болған күннің өзінде клубтың атмосферасы адамға кері әсер етеді. Әдетте адам өзгерейін деп өзгермейді, сыртқы фактордың әсерінің себебінен өз еркінен тыс бұзылады.

Қайсар Қауымбек: «ҚЫЗҒАНШАҚПЫН!»

- Өз басым қызғаншақ адаммын. Тіпті өзімнен өзге көздің махаббатыма қадалып қарағаны үшін жарылып кете жаздайтын кездерім көп. Дегенмен, өз қызғанышым үшін оның көңілін жаралап алудан да қорқамын. Ал бірақ, мұндай іске жолығып көрмеппін. Тек маған ғана байланысты дүние болса азар да, безер қарсы болар ем. Бірақ, ең бастысы оның талғамына құрметпен қарағаным жөн шығар. Өз басым би кеші дегеннен мүлде аулақпын. Билей де алмаймын. Қыздар көбінде биге әуес. Жат көз болмаса, қыздармен билегенде тұрған не бар. Егер басқаша болса, онда ол кісі өзі де бара қоймайды-ау ондайға.

Ардақ Құлтай: «СЕНБЕЙМІН»

- Мұндай жағдай көп болды менде. Мен үшін бұл мәселенің өте ауыр екенін де мойындаймын. Десек те, сүю мен күюдің арасында арпалысып жүрген кезіміздің өзі бір қуаныш пен бір мұңаю ғой. Мұның барлығы да – махаббат. Мен оны жібергім келмейді, расында. Ол барғысы келсе де өз «жарлығымнан» таймақ емеспін. Сену? Ол түгілі... мен кейде өзіме де сенбеймін, ал!  

Дайындаған: Фараби Бақыт

Сурет: shkolazhizni.ru

А. Құлтай