Болашақ анаға психологиялық көмек керек

Болашақ анаға психологиялық көмек керек
Фото: glodealer.com

Жүктілік кезеңінде кез келген әйел адамның психологиясы ай сайын өзгеріп отырады. Мәселен, бірінші айында ананың іші тек қана үрейге толы болса, үшінші айдан бастап барлық қорқыныш басылып, дені сау баланы дүниеге әкелуге деген ұмтылыс табиғи түрде дамиды. Ал босанатын күні жақындаған сайын баланы ертерек дүниеге әкелуге асығады. Алайда осы кезең аралықтарында тез ашулану, ренжу, көңілшектік, ұмытшақтық, күйзеліс, себепсіз жылау секілді құбылыстар орын алады. Сонымен қатар түрлі аурулар мазалай бастайды. Сол себепті осының бәрін жеңе білу үшін болашақ анаға психологиялық тұрғыдан кеңестер қажет.

Жүктіліктің алғашқы кезеңінде психотерапиядан өткен дұрыс. Бұл терапия сізді қорқыныш пен уайымнан, күйзеліске түсуден аулақ етеді.

Болашақ анаға жолдасының көмегі ерекше қажет. Себебі жүктілік кезде болашақ ананың мінезі мен іс-әрекеті күрт өзгереді. Кейбір келіншектерге тіпті өз күйеуінің мінезі, жүріс-тұрысы ұнамай, жанына жолатқысы келмейтін кездер де болады. Сол себепті үнемі ұрыс-керіс орын алуы мүмкін. Осындай кезеңде жолдасы жұбайының барлық еркеліктері мен тосын мінезін, талаптарын сабырмен орындағаны дұрыс. Егер дәл осындай тұста жары дұрыс қолдау көрсете алмаса, жүкті ана күйзеліске түсіп немесе өзге де дертке шалдығуы мүмкін. Ал мұның барлығы болашақ жарық дүние иесінің денсаулығына кері әсер етеді. Тіпті бұл  кезеңнен өте алмасаңыз, психолог маманына жүгіну артық етпейді. Барлық келеңсіздіктің оңай әрі жеңіл шешімін таба аласыз.

Әрқашан іштегі баланың жағдайын ойдан шығармаған жөн. Бұл тұста отбасы орнын да ескеру қажет. Яғни, отбасын сақтап қалу үшін жолдасыңызбен көп ұрыспағаныңыз абзал.

Қиыншылықтарыңызбен бөлісе біліңіз. Себебі бұл сізді күйзеліске түспеуден қорғайды. Қатты қиналған уақытта жақын адамыңызға сыр бөлісу арқылы кез келген ауру мен кедергілерден құтылуға болады.

Сабырлы болыңыз. Бұл үшін уақытылы демалып, таза ауада көп серуендеу қажет. Сіздің сабырсыздығыңыз іштегі балаңызға кері әсер етеді. Себебі балаңыздың жақсы көңіл-күйде болуы сізге байланысты.

Н. Үсенова