«Моцарт әсері» жалған болып шықты

«Моцарт әсері» жалған болып шықты

Жақында зерттеушілер «Моцарт әсері» аталатын тұжырымның жалған екенін анықтады. Шын мәнінде бұл композитордың музыкасы адамның ойлау қабілетіне осыдан он екі жыл бұрын айтылғандай күшті әсер ете алмайды екен.

Моцарттың музыкасының адам миына әсер ететінін алғаш рет ғалымдар 1993 жылы жариялады. Олар Моцарт музыкасын тыңдаған балалар тыныштықта отырған балаларға қарағанда тапсырманы әлдеқайда өнімді орындайтынын дәлелдеген.

Ғалымдар бұл жағдайды Моцарт туындыларының ми сигналдарының биіктігі мен тазалығына беретін әсерінен деп түсіндірген. Сол кезден бастап «Моцарт әсері» анықтамасы пайда болды.

Қазіргі уақытта Моцарттың музыкасы Альцгеймер ауруы мен дамуы артта қалған балаларды емдеуге арналған терапевтік құрал ретінде қолданылады.

Дегенмен, жақында жүргізілген зерттеулер барысында белгілі болған нәтижелерге сүйене отырып, Вена университетінің зерттеушілері «Моцарт әсері» жалған деген тұжырымға келді. Олар үш мың ерікті қатысқан жұмыстардың ешқайсысы Моцарттың музыкасының ми қызметінің белсенділігін арттыруға ықпал етпегенін айтты.

А. Оралқызы