Махаббатты күшейте түсетін сөздер ☺(қыздарға)

Махаббатты күшейте түсетін сөздер ☺(қыздарға)
Фото: Анастасия Смирнова

Жігіт пен қыз бір болашаққа бағыт алғаннан кейін, арада махаббат оты тұтанған кезде сол отты өшіріп алмай, отынын салып, үрлеп отыру екеуіне де бірдей міндет. Бір-біріне көмектесу, қамқор болу, көңіліне қарау, жанасу, сыйлық беру арқылы сезімді өршіте түсуге болады. «Ғашықтықтың тілін көзбен көріп, ішпен білген» қазақтың ұрпағы болсақ та, қарым-қатынасты тілге тиек етіп, сөздермен де қолпаштап отыру зор септігін тигізеді. Жігітке қандай сөздер арнауға болады?

Сіздің жаныңызда жүргенде ештеңе қорқынышты емес
Әр ер азаматы үшін аруының қорғаны болса, өзі үшін зор мәртебе. Мұны қызы үнемі айтып, ескеріп отырса, жігіт одан сайын өзін батыр сезінеді.

 Сіз тұрғанда басқа ештеңе маңызды емес
Қыз баласы үшін махаббат өмірдегі ең маңызды ұғым. Олар жігіті дегенде басқа бар шаруаны, ұйқыны, күлкіні ұмытып, сол адамның қамын жасауға да бар. Мұны жай ғана жасап қоймай, сөзбен де білдіріп отырған жөн.

Сіз риза болсаңыз болды
Әйел заты өмірге ер азаматының ұрпағын көбейтіп, жапырағын жаю үшін келеді, өмір бойы сол кісінің ризашылығын алу үшін әрекет етеді. Әр ісіңізге рақмет айтқан сайын осы сөзді айтып отырыңыз.

Қалай көңілімді көтеруді білесіз
Қыздар жігітін көрген бетте-ақ, дауысын естіген сәтте-ақ жадырап, жайнап шыға келеді. Осындай кездің барлығында болмаса да, ретін тауып бұл сөзді де айтып отырыңыз.

Сіздің жаныңызда жүріп біраз нәрсе біле түсемін
Қыз баласы неше миллион романдарды оқып тауысса да, қанша ғылымның жілігін шағып, майын ішсе де, ер азаматтың алдына шыға алмайды. Сол себепті одан жаңа нәрсе үйренген сайын осыны айтып отырыңыз.

Сағынсам қалай шыдаймын
Әдетте, қыздар жігіті ешқайда кетпей, үнемі жанында болуын қалайды. Бірақ өмір болған соң 24 сағат бір адамға байланып қалу мүмкін емес. Туыстарының, достарының да көңілін аулап келуі керек. Мұндайда жібергім келмей тұр десеңіз, жолым болмай қала ма деп ол мұны жаман ырымға балауы мүмкін. Сол себепті қимастығыңызды да дұрыс жеткізе біліңіз.

Сізден ең жақсы әкенің үлгісін көремін
Әр ер жігіттің арманы артына ұрпақ қалдырып, балаларына үлгілі әке болу. Сіз де жігітіңізді осы үдеден шығады-ау деп таңдаған болсаңыз, мұны жиі айтып отырудың еш сөкеттігі жоқ.

Сіз сияқты нағыз қайсар ер азаматты бірінші рет кездестірдім
Қыздар жастары 18-ден асып, жас жеткіншектен нағыз бойжеткенге айналған соң, көп жігітті бірден ұната бермейді. Бірінің мінезі сай келмесе, бірімен көзқарасы үйлеспейді. Көп жігіттің ішінен таңдағаныңыз бұл сөзге лайық болса, мархаббат...

Сіз үшін жаралған сияқтымын
Байқасаңыз, ерлі-зайыптылар бір-біріне ұқсас келеді. Сондайда еріксіз тағдыр екеуін дәл тауып қосқан деген ой келеді. Сіз өз жұбыңызға қарап та сондай ойға қалсаңыз, осы сөзді айтыңыз.

Нағыз махаббатты сіз арқылы ғана түсіндім
Бұрын соңды ешкіммен көңіл жарастырмаған боларсыз. Әлде жеке өміріңіз әртүрлі жігіт болған шығар. Сол кезде шын махаббат болса, ол қазір жаныңызда болар еді ғой. Демек, болашағыңыз дәл осы адаммен байланысты екеніне көзіңіз жетсе, айтыңыз...

Бұл сөздерді айтудың ретін, жөнін біліңіз, орнымен қолданыңыз.

Жалғасы бар...

@. @assel_assanova