Бәрінен де кім сұлу?

Бәрінен де кім сұлу?

Өткен аптада қыз бен жігіт арасындағы қарым-қатынасты қозғап кеткендіктен, бүгін ерлер клубында асыл жанды қыздарымызбен тілдесу қиындықтарын талқылауды ұйғардық. Неге десеңіз, жауап берейік, себебі қыздар керегі жоқ, мүлдем орынсыз сұрақтарды тым көп қояды. Соның ішінде біз ең көп тараған сұрақтарды іріктеп, назарларыңызға ұсынамыз.
Ендеше, кеттік!
1. Маған ешнәрсе айтқың келмей ме?
Сұрақ еркектерді бірден тығырыққа тірейді. Себебі сөйлемнің өзі сұрақ па әлде өтініш пе мүлдем түсініксіз. Әйтсе де, бізден не естігілері келеді, жаңалық па немесе баяғы сол «ой Жаным, Күнім..» деген бос сөздер ме? Қысқасы мұндай жағдайда не істеу керек?
2. Маған дейін қанша қызбен жүрдің?
Қыздар осындай сұрақты қандай мақсатпен қояды? Есімізде болмауы мүмкін, болса да ешқашан шындықты біле алмайсыздар. Дегенмен, қыз жігіт аузынан не естімек болмағаны?
3. Өміріңде біреуге ғашық болып көріп пе едің?
Бұл да бір ақылға қонбайтын сұрақ. Егер шынымызды айтсақ, артынан қызғаныш ұрыс-керісі басталады.
4. Саған менің құрбым (әпке-сіңлім) ұнады ма?
Бұл да тығырыққа тірейтін сұрақ. Құрбысы (әпкесі ме, сіңлісі ме) шынында да ұнап қалса, не деп жауап беру керек?
5. Балық аулауға (пикник,  аң аулауға т.б.) кім-кім бардыңдар? Қыздар болды ма?
Балық аулауға бардым, сонымен.... ? Қармақ, балық жемі жайлы айту керек пе әлде ол жаққа қыздарды апармайды деп «құлақтан тебу» керек пе?
 6. Көзіме шөп салдың ба?
«Жоқ» десең сенбейді, «Иә» десең өлдім дей бер. Сондықтан бұл сұраққа үн қатудың өзі бір үлкен проблема.
7. Анау жігітті қарашы, сымбатты екен, иә?
Сонда бізге: «Аха, жаным әдемі-ақ, бірақ маймақтау екен» деу керек пе? Әлде біздің жынымызға тию сылтауы ма? Жалпы осындай сұрақ қоюдың керегі бар ма?
8. Өмірде нені қалайсың?
Жігіттер айта берсе, қалайтын нәрселері қыздардікінен де асып жатыр. Дегенмен, қыздардың логикасы мүлдем өзгеше болғандықтан, бұл сұрақтың астарын түсіну қиын.
9. Неге мені түсінбейсің...?
Жаңа айтып кеткеніміздей қыздардың түсінігі мүлдем басқаша... Біз сендерді түсінуге тырысамыз, бірақ түсіне алмаймыз.  Енді қыздарды ренжітпес үшін қалай жауап берген дұрыс?
10. Есіңде ме, өткен аптада қара етігімді киіп едім ғой? Қара етік ше...?
Жігіттер кеше өздері не кигендерін білмей тұра, бұл сұраққа қалай жауап бере алады?
11. Екеуміз көрген фильм есіңде ме, сонда Том Круз (мейлі кез келген басқа әртіс) ғашығына ... айтып еді ғой?
«Гранатометпен атысқаны есімде, ал ғашығына не дегенін білмеймін» деген жауапқа қыздар неге ренжіп қалады? Мүмкін қыздар жанында құрбысы емес, жігіті отырғанын естен шығарған шығар? Жарайды естерінен шықпады делік, сонда қыздың сенде Том секілді романтик болшы дегені ме? Қалай сонда?
12. Менің қандай қасиеттерім ұнайды?
Әрине, жігіттердің 99 пайызы «бәрі» деп жауап береді, ал қыздардың 99 пайызы соған ренжиді. Сонда жігіттер басқа қалай жауап бергендері дұрыс?


P.S. Қыздар қауымы мұндай сұрақтарды жиі қояды. Және біз олардың бұл сұрақтарына қалай жауап берерімізді білмейміз.  Сол себепті қыздар қауымы байыпты да, дәл жауап беру туралы кеңестерін көрсетер деген үмітпен олардың түсіндірмелерін асығыспен күтеміз.

Егер сізге де орынсыз сұрақтар қойылса, мұнда жазыңыз.

Сурет livemaster.ru сайтынан алынған