Сізге кедергі болатын 5 зат

Сізге кедергі болатын 5 зат
Фото: myunigram.com

Арманыңыз асқақ, мақсатыңыз айқын болғанына қарамастан, өмір теңізінде еркін жүзуге мүмкіндік бермейтін қасиетіңіз бар ма? Алға қадам басар шақта өзіңізге сенбей артта қалуды жөн көресіз бе? Сіздің бойыңыздағы өзіңізге деген сенімділікті жоятын бес негізгі себеп мыналар:

Салыстыру

Бала кезден салыстырудың құрбаны болып өссеңіз, кез келген іске бел буа кірісу сіз үшін қиындық тудыруы әбден мүмкін. Бірақ оған бола уайымдағаннан гөрі, өзіңіздің ең үздік нұсқаңызды жасауға тырысыңыз. Өйткені әр адам әртүрлі. Олардан озамын деп жүргенде, өзіңіздің бар адами қасиетіңізге нүкте қоясыз. Егер ата-ана болып, бала тәрбиелеп отырсаңыз, өзге балалармен салыстырудан гөрі, қазіргі қателігін баланың осы уақытқа дейінгі іс-әрекетімен салыстыруға тырысыңыз. Әйтпесе, болашақта балаңыздың уақыты өзін іздеуге кетеді.

Өткен сәтсіздіктер

Бір сәтсіздікке бола болашағыңыздан бас тартсаңыз, әлсіз болғаныңыз. Сәтсіздік – қателік. Ал қателік – сабақ. Сәтсіздіктерге сіз бара жатқан жолды бөгеуге мүмкіндік  бермеңіз.

Дайындықсыз әрекет

Жеңімпаз болу үшін жеңімпаз секілді ойлауға тиіссіз. Сіз қиындықпен күресуге дайынсыз ба? Нәтиже үшін кез келген асудан өтер ме едіңіз? Егер "иә" десеңіз – дайындалыңыз. Физикалық тұрғыдан ғана емес, рухани дайындалыңыз. Ойыңызды реттеңіз.

Қорқыныш

Өзгелердің не ойлайтынынан жасқану – әлемдегі ең үлкен қорқыныш. Шындығына келгенде, өзгелердің ойында ешқандай күш жоқ. Егер сіз өзіңізге сенсеңіз, ол барлық қорқыныш пен мазасыздықтан әлдеқайда артық.

Жаман ой

Сізде мыңдаған мүмкіндік барын естен шығармаңыз. Егер жүрген бағытыңыз бұрыс болса, оны бұра салыңыз. Сізді төменге сүйрейтін ойдан құтылыңыз. Әсіресе, еріншектікті, «кейін» деп артқа қадыра беруді доғарыңыз.

Барлық іс-әрекет ойдан басталады. Ең алдымен, өзіңіздегі ойды дұрыстаңыз. Осылайша қолдан жасап алған қорқыныштардан арыласыз. Өзіңізге сеніңіз!

Т. Есқали