Әйел – жақсылық пен жамандықтың арасы, әлемнің анасы

Әйел – жақсылық пен жамандықтың арасы, әлемнің анасы
Фото: Amur.kz

Әйел заты – әлемдегі ең керемет жаратылыс. Олардың нәзіктігі, ерге бергісіз төзімділігі әлі күнге дейін даналарды да, ғалымдарды да таңдандырып келеді. Сондықтан әйелдерді құрметтеңіз.

Әйел заты – әлемнің де, ердің де бағы. Оған түрлі себеп бар. Себебі соғысты ашатын да, оны қайта тоқтатын да солар. Жүрсін Ерман өз өлеңінде келтіргендей:

Қай жерде, мейлі, қай елде

Әлемнің мәні – Әйелде.

Шын мықты болсаң оныңды

Әйелге барып дәлелде!

Шынымен мықты болсаңыз соларға барып дәлелдеп көріңіз. Тарихқа бір көз жүгіртіп шықсақ.

Әлемге әйгілі «Троя» шайқасы ең сұлу Елена арудың қашып кетуімен басталды. Ең ақыры сансыз әскер қырылып, дала қанға боялды. Ал сол кезде Елена не істеді деп ойлайсыз? Ештеңе. Ол ханзадасының ағасы Гектардың көз алдында Ахилестің қылышынан қаза тапқанын көріп тұрды.

Атағы жерді жарған Леонардо да Винчидің «Мона Лиза» картинасындағы кейіпкер – әйел. Бірақ бір әйелдің жұмбағын әлем әлі шешкен жоқ. Суретшінің бұл шеберлігі ғана емес, әйел затының да жұмбақ әлемінің ерекше екенін көрсетеді.

Сақ даласының патшайымы болған Томирис ше? Ерге бергісіз ерлігімен тарихта қалған жоқ па?! Томирис десе қолына найза алып, жауға шапқан батыр халықтың қызы елестейді.

Екінші Дүниежүзілік соғыс кезінде жаудың бетін қайтарған Әлия Молдағұлова десе, жастардың жүрегі елжірейтіні, қыздардың рухтанып кетері анық. Бір қолымен бесік тербетіп, бір қолымен әлемді тербеткен әйел затына қандай дау айта аласыз? Ең ақыры ол – анаң, ол – әпкең, ол – қарындасың.

Қоғамда «әйелдің шашы ұзын, ақылы қысқа» деген пікір бар. Бұл тіптен қисынсыз. Әйел затының бәріне жағылған күйені Жиреншенің жары – Қарашаш ана ақтап алар еді. Жиреншені шешен әрі даңқты қылған сол анамыз емес пе?!

Ең ақыры қазіргі заманға бір соқсақ, ережесіз төбелестің патшасы атанып үлгерген Конор Макгрегордің жары ше? Киерге киім, ішерге асы болмаса да, әлі күйеуі болмаған спортшы үшін жанын салып, барын берді. Әйел тілеуін тіледі, әрі сол үміт, сол намыс ерді бүгін әлем мойындаған аңыз адамға айналдырды.

Құрметті ер-азаматтар, сүйіктіңізді, қызыңызды, анаңызды, апаңызды, әпкеңізді құрметтеңіз. Олар сонау ғасырдан бері сыйлауға лайықты халық. Нәзік демеңіз, жүрегі үлкен. Әлсіз демеңіз, төзімді. Жаман демеңіз, олардан жақсы жоқ. Әдемі емес демеңіз, олар әдемілік үшін жаралған.

М. Ақан