Алғашқы жүздесуде ақымақ болып көрінгіңіз келмесе...

Алғашқы жүздесуде ақымақ болып көрінгіңіз келмесе...
Фото: wikihow.com

Адам алғаш танысқанда не бірінші кездесуге барғанда айтарға сөз таппай, абдырап жатады. Мұндайда орынсыз ойға жол беріп, өзімізді ақымақ көрсетіп алуымыз мүмкін. Қандай әрекетке баруға болмайды?

Тым көп кеңес беру. Ақыл айтуда бәріміз шеберміз, алдымызға жан салмаймыз. Таңғалатын түгі де жоқ. Біреу басындағы мәселесін айта бастаса, бірден өз өмірімізде болған оқиғаны айтып, кеңес беруге кірісеміз. Бірақ адамдар кейде жай ғана үнсіз тыңдай білетін жанды қажетсінеді. Серігі сөйлеуге тым белсенді болса, өзін тым ақылды етіп, барлық сұрақтың жауабын білетіндей көрсеткісі келеді деген ой тууы мүмкін. Өзі мәселеге қатысты пікіріңізді сұрамаса, буынсыз жерге пышақ ұрмаңыз.

Өзгені өсектеу. Алғаш жүздескен адамыңызбен әңгімелесіп отырғанда қарсы отырған үстелдегі әйелдің май шашын, мыжырық киімін, жылаған баласын, жағымсыз күлкісін сөз етсеңіз, алғашқы әңгіме әрі соңғысы болғанына да таңданбаңыз. Айналадағы бейтаныстарды әңгіме қылу, сыртынан өсектеу – ешкімге абырой әкелмейді. Ары қарай араласудың да мәні жоқтай көрінеді.

Бос мақтанға салыну. Кей адамдар жаңадан алған көлігімен, жоғары жалақысымен өзгелердің қызығушылығын оятамын деп ойлайды. Бұл дұрыс деуге болады. Дүние байлығына таңдай қағатындар бар... ақымақтар. Ал ақылды кісілер мұндай мақтаншақ адамды қуыс кеуде, көзсіз көкірекке балайды.

"Ал мен...", "Маған...", "Менде мынадай..."
Өзін өте жақсы көріп, жоғары бағалаудың да шегі болуы қажет. Шекарадан шығып, кез келген диалогты өзі туралы монологқа айналдыра беретіндер де сүйкімін жоғалтады.

Кім-кіммен де әңгімелескенде ойыңызды жинақтап сөйлеңіз. Қателік жіберуден қорқып, не айтып-не қойғаныңызды білмей отырсаңыз – бұл да қателік.

@. @assel_assanova