Жігіттің жүрегіне жол табамын десеңіз...

Жігіттің жүрегіне жол табамын  десеңіз...
Фото: www.elarna.com

Ер адамның жүрегіне жол табу кез-келген әйелдің қолынан келе бемейді. Махаббат – жұмбағы көп, шешімі жоқ, машақатқа толы ұлы сезім. Біреулер оның буына мас болады. Біреулер қызғанышпен уыстан шығарып алып жатады. Ақылдылар алақанда аялайды. Ер адамға ұнау үшін хас сұлу болудың немесе шамадан тыс ақылды болудың қажеті шамалы. Сіз бен біз болып ескере жүрер ережелерге назар аударайық.

Өзгелерден дараланыңыз! Сұлулық – жеке әңгіме. Сүйкімді әйелдер де көп екенін ұмытпаңыз. Сол себепті де көпшіліктен ерекшеленіп тұратын қылығыңыз болғаны дұрыс. Ол үшін шашыңызды қызыл-жасыл түске бояудың қажеті жоқ. Жай ғана бір-екі қылығыңыз көз тартарлықтай болса жеткілікті.

Сұлулыққа құмар болыңыз! Қандай жағдай болмасын, ер адамдар сыртқы бейнеге мән береді. Содан кейін ғана ішкі әлемге үңіледі. Тән мен жан сұлулығын қатар алып жүрсеңіз өзіңізге де жақсы.

Жүрісіңізге мән беріңіз! Әсіресе, биік өкшелі туфли кигенде иығыңызды тік ұстаңыз. Жай сүйретпе аяқ киіммен әдемі жүретін әйел, қисаңдаған туфли көрінісінен әлдеқайда әдемі көрінеді.

Үнемі күліп жүруге тырысыңыз! Ер адамдар әйелдің жүзінен күлкіні көбірек көргісі келеді. Ашық-жарқын адаммен әңгіме-дүкен құру да оңай.

Күтініңіз! Ер-азаматтың алдында мыжырық халатпен, күтімсіз шашпен жүрмеуге тырысыңыз. Өзіңізді сыйлап үйреніңіз. Үйде де әдемі болып жүруге болатынын ұмытпаңыз.

Ақыл айтуға тырыспаңыз! Әйел адамның ақылды болғанын ер-азаматтар аса ұната қоймайтынын естен шығармаңыз. Сөз таластырмаңыз. Өзіңіз біліп тұрсаңыз да, эмоцияңызды іште сақтаңыз.

Ер-азаматтарға тәуелді емес екеніңізді көрсетпеңіз! Олар көп жағдайда өздеріне тәуелді болғанды ұнатады. Еркелеуді ұмытпаңыз.

Тыңдап үйреніңіз! Әңгіме қызықты болмаса да, ер адамды соңына дейін тыңдаңыз. Түсінуге тырысыңыз. Алайда, кез-келген жағдайда шешімді азаматтың өзіне қалдырыңыз.

Өзіңізді бағалаңыз! Бірінші кездесуде барынша салмақты болыңыз. Сезімге ерік беруден сақтаныңыз.

Бетперде кимеңіз!  Барынша шынайы болғаныңыз дұрыс. Ер адамдар барлығын оңай аңғарады.

Ә. Жутаева