Мұңайған адамды қалай жұбатуға болады?

Мұңайған адамды қалай жұбатуға болады?
Фото: obviousmag.org

Мұңға батқан не жолы болмаған жақындарымызды кездестіріп жатамыз. Олардың бұрынғыдай жадырап жүргенін көрмейміз, жүздерінен күлкі көргіміз келеді, сол үшін жұбатып, жақсы сөздермен демегіміз келеді. Мұндай жағдайда арқасынан қағып қана қою аздық етеді.

1. Өзіңізді көрсете біліңіз

Біреуді жұбатар кезде аузыңа сөз түспей, не айтарыңды білмей қаласың. Негізінде олар бізден ақыл-кеңес күтпейді. Тек қасында оның жанын түсінетін адамның барын, жалғыз еместігін сезінгенін қалайды. Сондықтан алдымен өзіңіз мұндай жағдайда не сезінетініңізді айтып алыңыз. Егер осындай оқиға басыңыздан өтсе, «Бұл жағдай менің де басымнан өткен, мен сені жақсы түсініп тұрмын», «Бәрі өткінші» деп, оның ішкі дүниесін көріп тұрғаныңызды сездіре біліңіз.

2. Уайыммен бөлісіңіз

Жақын адамның мұңайғанын көріп, ауызбен ғана «түсінемін» деу аздық етеді. Шыдамы шегіне жеткен адам «сен ештеңе түсінбейсің» десе, не деп жауап қатарыңды білмей қаласың. Өзіңіздің басыңыздан өткен қиындықты, оны қалай жеңгеніңіз, қазіргі жағдайыңыз туралы айтып беріңіз. Бірақ, бар әңгіме тек өзіңіз туралы боп кетпесін. Бастысы, сіз көрген қиындықтың қазір ұмытылып кеткенін айтыңыз.

3. Мәселені талқылау үшін жақыныңызға көмектесіңіз

Егер адам қиын жағдайдан шығудың амалын іздесе, алдымен ақыл айтар жақынымен сөйлесуі керек. Әсіресе, бұл әйелдерге қатысты. Сол себепті мәселенің шешімін ұсынбас бұрын, тыңдап алыңыз. Кейде өз уайымыңды біреумен бөліскеннен, өзгенің мәселесін талқылаған жеңілірек. Жұбатып отырған адамыңызға сұрақ қойыңыз, ол жауап беріп отырып, қай жерден қате жібергенін немесе ненің дұрыс еместігін өзі тауып алуы мүмкін ғой. Мысалы, мынадай сұрақтар қойсаңыз болады:

– Не болғанын айтып берші.

– Сені не мазалап отыр?

– Бұл жағдай неден туды?

– Қазір қандай жағдайда отырсың, маған түсіндіріп берші...

– Бәрінен бұрын неден қорқасың?

Бастысы «не үшін?» деген сұрақтан аулақ болыңыз, егер болған жағдайға ол кінәлі болса, «мен үшін» деп ашуға булығуы мүмкін.

4. Күлдіруге тырыспаңыз

Жақыныңыздың жылап отырғанын көрсеңіз, қуантамын деп, жөн-жосықсыз әңгіме айтып, бос күлкіге салынбаңыз. Ол оның ашуын тудырады. «Біреу тоңып секіреді, біреу тойып секіреді» деп жүрмесін.

5. Алдағы уақытта да қолдайтыныңызды айтыңыз

Әңгіме соңында қандай жағдай болмасын жанынан табылатыныңызды айтыңыз. Рухани да, материалдық жақтан да үнемі қолдап, демеп жүретініңізді де айтуды ұмытпаңыз.

Г. Берік