Екінші дубль: қызды таң қалдыру қажет пе?

Екінші дубль: қызды таң қалдыру қажет пе?

Естеріңізде болса, өткен аптада редакциямыздың қыздар қауымы алғашқы кездесу жайлы өз материалдарын жариялаған болатын. Сол мақаланы оқи отырып, бізде, жігіттерде, бірден бірнеше сұрақ туындады:

1. Бұдан былай ақ қайыңның қасында қанша қыз-келіншектер алғашқы кездесулерін белгілейді екен?

2. Белгілесе де, сол қыздардың барлығы аспаннан гүл шоғының салбырап түскенін күтпек пе?

3. Бір қызықтырған жайт: осындай әрекет жасау қандай жігіттің басына келуі мүмкін .... мұндай жігіттерді  ұстап алып, екінші мәрте қайың емес мүлдем ағаш жанына жоламайтындай ету керек. Себебі қызды бұлай еркелеткені, қалған жігіттерді де осындай әрекеттке мәжбүрлейді. 

Сондықтан да бүгін жігіттердің  шынайы соны амалдары жайында сөз қозғамақпыз.

Қымбатты қыздар! Сіздерді алдын ала ескертеміз, оқып отырғандарыңыз еркектердің 99 пайызын құрайтын қалыпты жігіттердің тұжырымы. Қалған 1 пайызы әйелқұмарлар мен өжет романтиктер.

Сонымен, егер де сіз нағыз романтикке кезіксеңіз, ағаштағы гүл де, торт ішіндегі сақина да, жүрек формасында жағылған шырақ та болады, бұған еш күмәнданудың қажеті жоқ. Бұл арнайы сіз үшін шын жүректен жасалған сый. Дегенмен, ақ мерседестегі ханзада секілді нағыз романтиктер өте аз.

Келесі категориядағы жігіттер – құмарлық үшін алуан түрлі батылдыққа баруға дайын әйелқұмар жағымпаздар. Мұндай әрекеттерді сізді қуанту үшін емес тек өзінің «тәбетін тойдыру» үшін ғана жасайды. Сондықтан көз жасыңызды «шелектеп» төгіп қиналмас үшін мұндай жігіттерді мейлінше тез анықтағаныңыз өзіңізге жақсы.

Міне енді, өмірде кездесетін барлық еркектердің 99 пайызын құрайтын қалыпты жігіттерге де кезек келді. 
Әрине, біз сіздерді таңдандырғымыз-ақ келеді. Бірақ, сіздерді өзіміздің ақылымызбен, харизмамызбен, батылдығымызбен, әзілкештігімізбен таң қалдырғанымыз әлдеқайда дұрыс деп есептейміз. Және біздің түсінігіміз бойынша соны қылық дегеніміз  миллион ал қызыл раушан сыйлау ғана емес.
Жаңа айтылғандай, шырақтар, торттағы сақина, «Мен сені сүйемін» деген жолдағы жазбаларды, т.б. әрекеттерді романтикалық фильм сценаристері ойлап тапқан және олардың еркек болуы да екіталай.

Қалыпты жігітке мұндай «далбасаларды» ойлап табу қиынға соғады. Оның қолынан келетін бар нәрсе – интернетке кіріп, «қызды қалай таң қалдыру керек» деп гугл досының көмегіне жүгіну. Ал гугл болса, жаңағы шырақтарды, торттағы сақина т.б. ұсынады. Ал қызының экс-жігіті немесе құрбысының жігіті жасаған сценарийді қайталаудан құдай сақтасын. Теориялық жағынан қарағанда оларды қайталау әбден мүмкін. Ал егер қайталанып қалса, өзгелерден ерекшеленбегені үшін тағы да ренжисіз. Сондықтан қыздың рақметін естігенше, жігіттің үшінші ұлы отан соғысына дайын болғаны дұрыс. 
Егер жігіт қызды шынайы жақсы көрсе, ол сүйіктісі үшін кез келген қаһармандыққа дайын, тіпті терезеңіздің астында жүрек формасында от та жаға алады.
Бірде, біздің танысымыз ғашық болғаны соншалықты сүйгенінің үйінің алдында жүрек формасында арық қазып, бензин төгіп жаққан. Бұны көрген қыз "балмұздақтай еріп, оның сезімдерін түсінер" деген ойда болған ғой әрине.  Бірақ... көршілер өрт сөндірушілерді шақыртып, шатақ шығарады. Содан қыздың әкесі мұндай есуаспен араласуына қатаң тыйым салған.

Бұдан шығар қорытынды, романтикалық қулықтарға алданғанша, ең бастысы оның сізбен араласу пиғыл-мақсаттарын, адам және еркек ретінде қандай тұлға екенін анықтауға тырысыңыз. 

Осы тақырыпты форумда талқылаңыз