Баянды махаббат неден басталмақ?

Баянды махаббат неден басталмақ?
Фото: Андрей Хамицевич

Өмірде жұп табу ең қиын да, жауапты мәселе. Бүгін танысып, ертең үйленетін заман емес бүгін. Адам да уақыт ағымына ілесіп өзгереді, дамиды, құлдырайды, тоқырайды. Сол себепті қандай да бір адаммен тағдыр қосу үшін, оның сізге деген пейілін, ойын, ниетін ұғыну қажет.

Екі жүрек бірін-бірі  кездестіргеніне ең алдымен риза болады. Жігіт те, қыз да олқы қылықтардан аулақ боп, бірі-біріне ұнаудың амалын жасайды. Алайда, жігіттің бізге  деген ойы дұрыс не, бұрыс екенін аңғаруды кейде ұмытып жатамыз. Тәтті сезім мен кернеген қуаныштың  кей уақыттан соң, арбалған жүрекке айналмасына кім кепіл? Бүгін бақытты күн кешіп, ертең сан соғып қалмас үшін ең әуелі жігіттің сізге деген көзқарасын анықтап алу керек.

Ойы да, сөзі де, ниеті де түзу адамдар кейде, айналаға көз жүгіртіп қарасақ, тіпті жоқ сияқты. Немесе "ұнады-ау" деген жігіттің сүйіктісі не жары болып, одан да көңіл қалады. Бүгінгі кезде, қыздар алып Алматыдағы кептеліс секілді көрінеді. Өмірінде бағы жанып, жасыл түс жанған арулар нағыз жігітпен кездессе, қалғандары тағдырының қызыл не сары түс жанғанын сөзсіз-ақ түсініп, күтіп тұра береді. Нәзік жандылардың өз теңін таба алмауына әлеумет әйтпесе  заман емес, тектілігін жоғалтып, ұсақталып келе жатқан жігіттер кінәлі. Егер де сіз, өз жартыңызды тауып, оның сізге деген қарым-қатынасын білгіңіз келсе, демек, бұл мақала сізге арналған. Көреген қыз әрдайым, бас қосып, бірге болар алдында, жігітпен ең әуелі жақсы дос болу керектігін ескереді. Тығыз араласып, құпияларын жасырмай, өзін еркін ұстаған сәтте ғана адамның болмысын толық тани аламыз. Жігіттің қимылы мен сөздерінен, айтқан әңгімесі мен пайымдамаларынан қызға деген пейілін аңғаруға болады.

Жігіттің сізге көзқарасын қалай анықтауға болады?

Кездесіп жүрген жігітіңізді сөйлетуге тырысыңыз. Өміріндегі елеулі оқиғалар мен жақындары туралы сұрап көріңіз. Егер жан дүниесінде бүкпесі жоқ адам болса, міндетті түрде, қызығушылықтары мен өзіне ұнайтын нәрселер жайында, жұмысы не оқуы, жанұясы, достары жайында қызық баяндама жасап береді. Және бұрынғы қыздарын да атап өтуі мүмкін.  Егер де қойылған сұрақтарға  құлықсыз жауап қайтарса, өзі туралы ақпарат бермесе, онда бұл есер желдің екпіні секілді уақытша махаббаттың белгісі. Қаншалықты қыз қасында болып, жанынан табылса да, жігіт оны өзінің көлеңкесі ретінде ғана көреді. Болашақта жауапты қадамға сол қызбен барамын деген ой да болмайды. Бірге болып, бір арумен өмірлік серік атанамын деген ниетті жігіттердің ең әуелі, арақ-шараппен шатысы болмау керек. Егер сізге маскүнем жігіт жолығып, сүйем-күйем десе, оның әңгімесінің қаншалықты сау екенін білу өте қиын. Сондықтан маскүнемдік, құмар ойын секілді бойында бұрыс қасиеттері бар адамнан аулақ жүруге тырысыңыз.

Есіңізде болсын, сіздің бақытыңыз үшін қолынан келгенін жасамайтын адам, сыйластық пен махаббатыңызға тұрмайды. Сізге оң көзбен қарайтын адамның қасында ғана, өзіңізді ең қалаулы, бақытты сезінесіз.

Ер адамның ғашығына расымен қолдау көрсетіп, нағыз арқа сүйер азамат екенін түрлі іс-қимылдарынан байқауға болады. Қызды билеп-төстеп, шырмалған шырмауықтың ішінде ұстағысы келетін типтегі еркектер де болады. Өз еркіне бағындыру үшін олар әдетте мына әрекеттерге барады: ең әуелі, сізді достарыңызбен, жақындарыңызбен араласуға шектеу қою; болмашы нәрсе үшін, көпшіліктің алдында төмендетіп, жекіру; сіздің материалды жағдайыңызды айтып, тәуелді ету; өзін қожайын санау;

Міне, махаббаттың соңы осындай қарекеттерге, машақатқа айналмау үшін сөйлесетін адамды дұрыс таңдау керек. Сырты бүтін, іші түтін адамдардың құрығына тұсу қиын емес. Ондай адамдарды жаныңызға жолатпау үшін, тілдескен сәтте аңғарымпаз болыңыз:

Олар көбіне, ішімдікке әуес, аса жұмысбасты, өзімшіл, барлығынан ерекше жан екенін айтып, тек сіз ғана оны түсінуге ынталы екеніңізді айтады; жақындасуға асығу, себепсіз қызғаныштар секілді іс-әрекеттерден  оның кім екенін анықтауға болады. Ал шынымен сізді сүйетін жүректің иесін қалай сезуге болады?

Бірін-бірі сөзсіз түсініп, қолдау көрсету; сіз де, ол да, билеуге құмартпау, кемшіліктерді қайта-қайта ескертпеу; жеке өміріңізге қызығушылықпен қарап, сіз туралы толық білуге тырысу сияқты құбылыстар кіршіксіз тұнық махаббаттың бастауы болмақ.

Егер, өзіңіздің пайымдауыңызша, қасыңызда лайықты жан жүрсе, оны мейлінше қадірлеуге тырысыңыз. Ал жаңа қосылып, өмірге енді бірге қадам басып жатсаңыз, асықпаңыз. Әр нәрсе өз орнымен, уақытымен, байыбымен болады. Қайда жүргенін жасырмай, күш көрсетпей, дауыс көтермей, ойы түзу жігіт екенін дәлелдеп жүрсе, онда ол тек сізбен бір айдында жүзгісі келетін сыңарыңыз деп біліңіз!

Н. Айдархан