Мәңгілік майдан (қыз мұңы)

Мәңгілік майдан (қыз мұңы)
Фото: Massaget.kz

Жалғыздық. Жалқы ғұмыр. Жат мінез. Жадау көңіл. Жоғалтып алғандаймын мен өзімді. Өктемдік. Өткен өмір. Өр мінез. Өкініш көп. Өзіңе енді айтпаймын сезімімді.

Пенденің әр күні бақытқа толы болса, сол бақыттың парқына жетуден, қадірін білуден қалған болар едік қой. Сол үшін де кей күндерді көлеңкелі, кейде тіпті жауынды, қатты сынаса нөсерлі етуі де ғажап емес. Ешкімге иілмеген басты, сүймеген жүректі құрыққа салу оңай емес. Ал бағынған жүректегі сезімді аялай алмай сөндіріп алу қиынның қиыны. Ең таза жер – жүрек. Ең кіршеңі – көңіл. Біз, адам баласы осы екеуін шатастырып жатамыз. Алайда, көңіл кірлеген сайын жүректің жаралана беретіні тағы бар. Ең әдемі махаббат – жұрт сөзімен былғанбай, өлі намыстың жетегіне кетпей, себепсіз сүю. Мендегі жүректің дүрсіліне құлақ астым. Ақ жауынның тырсылына зер салдым. Терезені ұрған тамшыға талай түнгі сырды ақтардым. Жалықпадым. Бір әуеннен. Бір сарыннан. Бір үннен. Сағындым. Дауысты. Дыбысты. Диалогтар тым ыстық. Тіпті, сол диалогтар дастанға айналып кетерін білдік пе?! Бәрі де сақталыпты.

Жүректің тереңінде. Бір ән бар. Мен тыңдайтын. Мәтінінде сен барсың. Өзімді таппаймын. Сценарий жазылды. Тағы да мен жоқпын. Сірә, мен сенен өзімді іздеп жүрген болармын. Мүмкін, мәңгілік майдан енді басталған болар. Бәрін жалғыздыққа арта саламын. Оған артқанда не табам! Жеке мұңым болмаса, жалпы жалғыздықтан жамандық көрген мен жоқ.  Мендегі жалғыздық – жұпыны. Жабайы. Жылауық. Жасқа ерік береді. Жүрекке тіл бітеді. Үнсіз жылайсың. Қатты күлесің. Мейлі, мендік жүрек сағына берсін,сарыла берсін. Кім кедергі?! Қысқасы, сүймей-ақ сағынамын. Жүрмей-ақ жақсы көрем.

Ә. Жутаева