Күзгі депрессияға жол жоқ!

Күзгі депрессияға жол жоқ!

"Күз - көңілсіздік мезгілі" деген ұстанымды естіп, онсыз да құлдыраған көңіліңіз түсе бастайды ма? Иә, күзде жанымыз да, тәніміз де азып, ерекше күтімді қажет етеді. Күздегі депрессияға берілмеймін десеңіз, кейбір рәсімдерді орындап, көңіліңізді көтеріп қойыңыз.

1. Киім сөрелерін жинаңыз. Жаздық киімді күздікпен ауыстыру осы кезден басталуы керек. Бірте-бірте күн суытып, жаңбырлы күндерге де көп қалған жоқ. Сондықтан киім сөрелерін алдын ала ретке келтіріп алған дұрыс. Жаздық аяқ-киім, сарафан, жеңіл көйлектер, шортыларды алысырақ салып қойсаңыз болады. Күзгі киімдерді қораптардан шығарып, қажет болса, жуып, суық күндерге дейін тазалап үлгересіз. Күзге қажетті киімнің тізімін жасап, дүкен аралап шыққанда, өзіңізге не қажет екенін нақты білетін боласыз.

2. Рахаттаныңыз. Күз - ақындардың өлеңге қосып, суретшілердің шығармашылығында көрініс тапқан, сұлулығымен ерекшеленетін алтын мезгіл. Ендеше күзгі депрессияны емес, мысалға күзгі табиғатты еске алыңыз. Компьютеріңіздің жұмыс үстеліндегі жазғы демалыста болған жағажайдың суретін күзгі табиғат көрінісімен ауыстырыңыз. Күзгі табиғат аясында құрбыңызбен фотосессия жасаңыз. Сарғайып түскен жапырақтармен ойнап, әбден көңіл көтеріңіз. Осылайша табиғаттан рухтанып, күш алыңыз.

3. Телефон, онлайн-плеер не плееріңіздегі әуендерді жаңартып қойыңыз. Жазда болған "демалыс" өлеңдерін өшіріп, сол демалыс жайлы ойлай бермеуге тырысыңыз. Одан да жаңа шыққан, көтеріңкі, еріксіз билетіп, шаттандыратын өлеңдерді жазып тыңдаңыз. Өлеңдерден шабыт іздеңіз.

Осы істерді жасасаңыз, расында күз көңілсіз мезгіл емес, жаңа бастамаларды, өзгерістерді әкелетін керемет сұлу кез екенін байқайсыз.

Дайындаған: Сания Аринова

Сурет: beatmypic.com

С. А