Демалыстан кейінгі жұмыс

Демалыстан кейінгі жұмыс

Кеше ғана жылы теңіздің жағажайында жатқан едіңіз, ал бүгін ауасы тар кеңседе жұмысқа толы қағаздар арасында отырсыз. Бәрін тастап кетуді армандайсыз ба? Сірә, сіз демалыстан кейінгі депрессияға шалдыққан боларсыз.

Неге екені белгісіз, бірақ біз демалыстан кейін одан бетер шаршаған күйде боламыз. Жұмысты істегіміз келмей, демалысты аңсап отырамыз. Жұмысқа қайта жақсы көңілмен қарап, өз ісіңізді ойдағыдай атқарамын десеңіз, мына кеңестерге көз жүгіртіңіз.

Күш жоқтығының басты себебі - биологиялық ырғақтардың ауысуы. Демалыста түске дейін ұйықтап, түнімен қыдырсаңыз, жұмыс кезінде бұл күн тәртібімен қош айтысу керектігі анық. Еліңізден алыс, сағаттық белдеуі, климаты, ауа-райы басқа жерде демалсаңыз, бұл одан бетер күшіңізден арылтады. Үйге оралғанда сіздің ағзаңыз нағыз стрессті өткереді. Түшкіру, жөтелу, дене қызуының өзгеруін күтіңіз. Сондықтан демалыстың соңы мен жұмысқа шығатын кездің арасында бірнеше күн болғаны абзал. Осы күндері ұйықтап, тынығып, түсініксіз жөтелу мен түшкіруді өткеріп, жұмысқа даяр боласыз.

Дені сау емес адамның көңілі де мәз емес болады. Сондықтан бұл депрессия - демалыс салдары екенін ұмытпай, жұмыстан шығу, әріптестермен ұрсысу деген ессіздіктерге бармаңыз. Жұмысқа шыққаннан кейінгі бірінші аптада мойыныңызға көп тапсырма жүктемеген дұрыс. Мүмкіндік болса, жұмыстан ертерек қайтып, үлкен жобаларды алмағаныңыз жөн. Үйде компьютер мен теледидардан аулақ болып, қызықты кітап оқыңыз. Сағынған достарыңызды жинап, отырыс жасауға асықпаңыз, оларды әлі де көре аласыз. Ал тым кешкі отырыстар сізді одан әрі шаршататыны анық.

Мүмкіншілігіңізше уақытыңызды далада серуендеп өткізіңіз. Түскі ас кезінде кеңседен шығып, кешке де жаяу қайтып көріңіз. Таңертеңгі жаттығуларды да күнделікті өміріңізге қайтарған жөн. Тіпті 5 минуттық таңғы жаттығулар  денеңізді сергітіп, оятады.

Демалыстан келе салып, үй шаруаларына кірісуге асықпаңыз. Киім жуу мен пәтер жинау бірнеше күн күте тұра алады. Одан да жаныңыз қалайтын шаруалармен айналысыңыз. Кездесуге барыңыз, өз қалаңыздың дүкендерін аралаңыз, сүйікті тамағыңызды әзірлеңіз... Демалыстағы суреттер мен бейнебаяндарды қараңыз - жақсы сәттерді еске алып, біраз тынығасыз.

Бастысы демалыстан қайтқаннан кейін қарапайым өмір сүріңіз. Ертерек ұйқыға жатып, ерте оянып, жақсы тамақтаныңыз. Артық кездесулерге бармай, өзіңізге қызықты шаруалармен айналысыңыз. 

Айта кетсек, жұмыстан кету туралы өтініштердің 80%-ы демалыстан кейін жазылады екен.

Дайындаған: Сания Aринова

Сурет: onlinecareertips.com

С. А