Эгоисті жаман адам деп кім айтты?

Эгоисті жаман адам деп кім айтты?

Эгоист қазақша тәржімалағанда өзімшіл, өз қарақан басын ойлайтын адам деген түсінік береді. Неге екені белгісіз, біз бірақ эгоист болуды жамандыққа балаймыз. Адам өзге біреуді жарылқамас бұрын ең алдымен өзін, өзінің отбасын ойлау керектігі дінде де айтылған. Демек эгоист болу өрескел қате емес, қарапайым заңдылық, табиғи инстинкт.

Өмірде көбінесе қандай адамдар қателікке бой алдырады? Кімдер теріс жолға түсіп тура жолдан адасады? - біреудің ой жетегіне ілескендер яғни өзіндік ұстанымы, пікірі жоқтар. Немесе сол пікірін ашық айта алмайтындар, қорғай алмайтындар. Эгоист адам өзінің бұл өмірден не қалайтынын жақсы біледі. Ал, мақсаты айқын адамды көздегенінен бас тартқызу немесе оны адастыруға тырысу оңай шаруа емес. Ол "Жоқ!", "Келіспеймін!", "Қаламаймын!", "Бұл маған қажет емес!" деп қысылмай, қорықпай кесіп айта алады. Жастарға байланысты бүгінгі күні туындап жатқан мәселелердің көбі "Жоқ!" деген бір ауыз сөзді айта алмаудан бастау алуда. Есірткі ұсынып тұрған дос сымағының көңіліне қарайды, ұрлыққа түсейік деген дос сымағына "Барғым келмейді", "Маған бұл қызық емес" дегісі-ақ келсе де демейді. Біздің уақытта эгоистті ескі заман түсінігіне сүйеніп, жаман адам деп қабылдамау керек. Эгоист деген кәдімгі адам. Кәдімгі адамға эгоисттік қасиет қажет. Ол өсіп-өнуі үшін, тірі қалуы үшін. Қазақ балаларын эгоист болуға тәрбиелеу керек керісінше. Мұнымнан бірақ шошып қалмаңыздар. Мен эгоизмді түпкілікті жақсы дүние деуден аулақпын. Сонымен қатар эгоизмнің іші толған негатив деп те айта алмаймын. Ол мөлшер-шегін білген жанға пайдалы. 

Y. Almabek