Сен сияқты мені ешкім еркелетіп...

Сен сияқты мені ешкім еркелетіп...
Фото: amur.kz

«Сен сияқты мені ешкім еркелетіп, 
Сен сияқты мені ешкім түсінбеген»

Иә, бір-бірін еркелетіп сүйген ғашықтардың махаббаттары да ерекше болатын шығар. Көшеде жүргенде тәтті сезімнің құшағында жүрген жұптардың қызықты қылықтарын байқауға болады. Бір-біріне балмұздақ жағып, бір-бірінен қуаласып ойнап жүргендерді көруіңіз мүмкін. Ал кейбірі тіптен салмақты. Яғни, артық қимыл жоқ, бір ізбен барып, бір ізбен қайтады. Бірінші аталған топтағы ғашықтарға не әсер етуі мүмкін?

Алдымен, жас. Жас ерекшеліктің бұл психологияда да маңызы зор. Егер қыз жігіттен кіші болса, бұл еркелік орынды. Тіпті, жастары шамалас жұп та бір-біріне деген сезімдерін еркелеп жеткізеді. Достықтан пайда болған махаббатта да еркеліктің желі есіп тұрады. Бір-бірін бала кезден танитын ғашықтар бұл қылықтарын есейгенде де жасырып қалуы мүмкін емес.

Екінші фактор – мінез. Жігіт салмақты болса, ғашығы үйдің сүт кенжесі дейік. Үйден еркелікке «батып» өскен қыздың қай ортада ерке болатыны сөзсіз. Ақылды еркесін жігіт қауымы «кішкентайым», «еркем» деп еркелетіп жүреді.

Үшінші фактор – орта. Салмақты ортада жүрген ғашықтар өздерін барынша қай жерде де түзу ұстайды. Олар ел көзіне өздеріне ғана мәлім еркелікті бәз біреулерге көрсете бергісі келмейді.

Тәтті қылығымен жанын қытықтайтын ханшайымдарының еркелігін көтере білген ханзадалардың да сабыры мықты болады дейді психологтар. Мұндай жігіттердің көбі «ғашығыңыз ерке ғой» десе, «ол осы қылығымен мені баурап алды ғой» деп жауап береді екен.

Ендігі бір сұрақ бұл еркеліктің «жарамдылық мерзімі» бар ма? Яғни, отбасы болып шаңырақ құрған кезде сананы тұрмыс билеп, еркеліктің орнын әлдеқандай сезім басып кетпей ме?

Бірінші фактор бойынша сөйлесек. Жас ерекшелік психологиясы жылдың өтуіне орай өзгереді екен. Өйткені, сәбидің еркелігін қызықтайтын шақ бұл.

Көп қыздың мінезі өзгере бермейді. Өзгерткісі келетіндер ғана еркелігінен «құтыла» алады. Егер «жарым осы қылығымды ұнатты ғой» десе, қылығымен ерін қуанта да алады, сәбиіне де жылуын бере алады.

Ал, ортасына байланысты айтатын болсақ, ортаға бейімделгіш қыздар еркелігін үлкен өмірге қадам басқанда өзгертуі мүмкін. Өзі өскен ортадан «үлкен» ортаға сіңісіп кетудің оңай еместігі белгілі. Еркелеп жүріп, бәрінің көңілінен шыға білсе, құба-құп.

Ғашығының шамына тимей орнымен еркелеген қыздар ақылды ерке болары сөзсіз. Ал сіз қандай еркесіз?

Г. Берік