Адамдар қорқатын үш нәрсе

Адамдар қорқатын үш нәрсе
Фото: Валерия Белугина, Дмитрий Бернар

Кез келген адам өмірінде бір рет болсын аяғын шалыс басып, қателік жібереді. Осы қателігінен сабақ алса да, жүрегінің түбінде қорқыныш қалып қояды. Көпке дейін сол қорқыныштан арыла алмай жүреді. Барлығына тек өзіміз ғана қол жеткіздік деп айту қиын. Өйткені өмір атты ұзақ жолда жолықтырған адамдарымыз бізге тәжірибе үшін жіберілген. Бар мәселе оның қандай тәжірибе екендігінде. Артыңызға қарап, өткен өміріңізді есіңізге түсіріңізші. Жолықтырған адамдарымыздың бірі бізді ренжітсе, екіншісі бақытқа бөлеген. Олардың әрқайсысының өзіндік орны мен құны бар.

Федор Михайлович Достоевский бір кездері «Адамдардың көбісі қорқатын үш нәрсе бар: сенім арту, шындықты айту, шынайы болу» деп айтқан екен. Ол өз заманында өмір сүре тұра бүгінгі қоғамның қорқынышын көре білген сияқты.

1. Біреуге сенім артуға қорқамыз

Мейлі жас болайық, кәрі болайық, талай сатқындықты бастан кешіріп, көп нәрседен көңіліміз қалғаны рас. Өмір бізге өз сабағын үйретті. Уақыт өткен сайын адамдарға сенім арту қиындай түсті. Жасымыз ұлғайған сайын адамның шынайы болмысын бірден танып, ойын айтпаса да сезетін дәрежеге жеттік. Ия, арам пиғылы бар адамды көріп тұрып, үндемей қалу өте қиын. Бірақ мұның барлығы бізді дана болуға баулиды.

Біздің жанымыздың тәнімізден бір айырмашылығы бар. Осыған дейін тән жараса жазылса да, жан жарасының жазылмайтындығы туралы көп естідік. Жан жарасының мәңгілік есте қалатыны да жиі айтылады. Бірақ жанымыздың тамаша қасиеті бар. Ол – өзін тірілте білуі. Адамдардан қашып, қоғамнан алшақтаудың қажеті жоқ. Оларға өзімізді тануға, жүрегімізге үңіліп, көңіліміздегі сырды ұғуға мүмкіндік берейік. Яғни бейтаныс адамдарға жүрегімізді ашуға қорықпайық. Кешегі бейтаныс адам, ертең болашақ жарымызға, адал досымызға айналуы мүмкін емес пе?! Бірақ бұл кез келген адамға ағынан жарылу деген сөз емес, біреумен тілдескенде шынайы болуға үйрену.

2. Біз шындықты айтуға қорқамыз

Әрқайсымыз кішкентай кезімізде бір рет болсын өтірік айтып, оның арты жақсылыққа апармайтынын білгенбіз. Өтірікшінің ешуақытта жолы болған емес. Ол өзгені алдап, ала жібін аттап, тыныш өмірінің шырқын бұзады немесе іштей «кім, қашан біліп қояр екен?» деп қынжылумен болады. Біз шындықты сирек айтамыз, айтсақ, жарқын болашағымызға кедергі жасайды деп ойлаймыз. Өтірік шындықты айтып тұрып ұрыс естігенге қарағанда жеңіл болып көрінеді.

Кез келген ситуацияда шындықты айтып үйренген жөн. Егер айтарыңыз болмаса, тіпті айтарыңыз өтірік сөзбен шектелсе, үнсіз қалғаныңыз артық. Өзгелер ойланбастан сенім артатын адамға айналуға тырысыңыз.

3. Біз шынайы келбетімізді көрсетуге қорқамыз

Айналамыздағы адамдардың мінезін ескеріп, шынайы бейнемізді көрсете алмайтынымызды түсінеміз. Құдды бетперде басты әшекейімізге айналғандай. Ал әрқайсымыздың мақсатымыз — күн астынан орын алу. Өзгелерді ренжітсек те, қуантсақ та, табысты болуға ұмтыламыз. Жеке қалғанда тұлғалық қасиетімізді сезіп, ерекше екенімізге көзіміз жетсе де, көптің ортасында адасып қаламыз. Оларға еліктеп, қоғамға сіңісуді мақсат тұтамыз.

Өзіміздің шын мәнінде не қалайтынымызды түсінсек, армандарымызға бір табан жақындай түсер едік. «Өзгелер не ойлайды» деген ойды шетке ысырып, шынайы өмір сүріңіз. Әлемге шынайы бейнеңізді көрсетсеңіз, ол да өз кезегінде ең қымбат сыйын ұсынары анық.

Қ. Бүйенбай