Кофе мен мінез

Кофе мен мінез

Таңғы асын кофесіз елестете алмайтын жетерлік. Ал жұмыс уақытында бірнеше мәрте кофе ішетін жандар ше?! «Таяқтың екі ұшы бар» дегендей кофенің де пайдалы тұстары мен кері жағы, сондай-ақ, оның кәдеге жарайтын қасиеті бар. Психолог мамандар кофе мен адам мінезінің ерекшеліктерінің өзара байланысының бар екендігін дәлелдеген. Олардың пайымдауынша, кофе арқылы адамның бітім-болмысын анықтауға, мінез-құлқын білуге болады.

Қара кофені немесе эспрессо ұнататын жандардың мінезі қатты әрі тік келеді. Өз ісіне жауапты, жіберген қате-кетіктерін мойындап, оны жөндеуге тырысады. Шешімді тез қабылдайды, өз күшіне сенім артады. Басқа жандарға көмек-қолдау көрсетуге ұмтылады. Бұл қасиеті үшін өзгелерге міндет артып, жауап күтпейді. Барды бар, жоқты жоқ деп саралайды. Дербес болуды көздейді.

Қант қосылған қара кофені ұнататын жандар шешімді бірден қабылдай бермейді. Әр нәрсеге күмәнмен қарап, аса мән беріп, жіті қадағалаған соң, бір түйінге келеді. Бұл жандар өзге үшін өз ісін орта жолдан құрбан етіп, көмекке келеді. Өзі де айналасындағы жандардан қолдау-демеу күтеді.

Сүт қосылған қара кофені қалайтындар қылықты, нәзік болып келеді. Бірден ашуланып, бірден жараланып қалуы мүмкін. Ақкөңіл, кең пейіл мінезімен өзгелерді баурап алады.

Капуччино сияқты ең танымал кофені ұнататын жандар кең пейіл, ақкөңіл, арам ойдан ада, сезімтал, қиялшыл болып келеді. Нәзіктікті, пәктікті, адалдықты сүйеді. Тәттіге құмар. Әрдайым көтеріңкі көңіл-күйде жүреді. Уайым-қайғыға салынбай, шаттық-қуанышқа ұмтылады. Адам баласының бойынан тек жақсы қасиеттерді байқап, бағалауды қалайды.

Ерігіш кофені ұнататын жандар уақытты бағалайды. Өз мақсат-мүддесіне тезірек жетуге ұмтылады. Сөзге емес, іске кіріседі. Табысты болуды көздейді.

Қант пен сүт қосылған ерігіш кофені қалайтын жандардың мінезі қиын келеді. Құлап жатып, сүрінгенге күлетін кетік қасиеттері бар. Олардың көңілін аулау қиынға соғады. Бірде ай, бірде сай болып жүреді.

Кофеинсіз кофе немесе «зиянсыз кофе» пайдаланатын жандар байсалды болып келеді. Олар жан-жақты болуға құштар, алайда мақсат-мүдделеріне жетуге асықпайды. Атақ құмарлыққа, бос кербездікке жақын емес. Өз денсаулығына, болашағына, жақындарының амандығына алаңдайды.

Латте кофесін қалайтындар көпшіл, ақкөңіл әрі әзілқой келеді. Әрдайым жұртшылық назарында болуға, көңілді жүруге ұмтылады. Жүрегі кең, тез тіл табысқыш болады.

Американо кофесін ұнататын жандар өмірдің рахатын көруге ұмтылады. Алға қойған мақсат-жоспарларына жетуге асығады.

Дайындаған: Ғазиза Ұзақ

Суреттер: bochkavpechatleniy.com, vashkofemem.ru

Ғ. Ұзақ