Сыңарыңызбен сырласыңыз, сыйласыңыз

Сыңарыңызбен сырласыңыз, сыйласыңыз
Фото: vk.com

Біздің құрбыларымыз өз сүйгенінің теріс жақтарын көп талқыға салып жатады. Біреуі сүйіктісінің аз табыс табатынын, жалқау әрі өзімшіл екенін айтып ренжісе, енді бірі махаббат пен қамқорлықтан тыс қалғанына өкпелі. Әйелдердің еркектерге артатын жүгі қаншалықты ауыр болса, қоятын талабы да соншалықты көп. 

Отбасының берекесі – тыныштық пен жанұяның жылылығында. Бұл орайда көп нәрсе әйелге байланысты. Кез келген әйел өзі лайықты ер адамға сыңар болады. Ер мен әйел бір-бірін сүйіп қана қоймай, түсініп, сыйласа, одан асқан бақыт жоқ. Екі адам тіл табыса алмай, бір-біріне бөтен күйінде қалса, үлкен сұрақ туындайды. Бұндай жұптың тағдыры ажырасумен аяқталып жатады. Жүректе өкініш те, реніш те қалмай ажырасқан адамдар жай ғана бір-бірінің қасынан бұдан артық табыла алмайды. Ажырасу мәселесін көп жағдайда әйел адам бірінші болып көтереді. Басында "кетем" деп көп айтып, ер адамның жақсы жағына қарай өзгеруінен үміттенеді. Бірақ баяғы жартас сол жартас қалпында қалса, әйел соңғы шешімін шығарып, суық әрі батыл түрде артына бұрылмай кете барады. Өмір адамдарды өзі екіге айырады. Әйелдің суықтығын сезінген еркек өзінің бұдан әрі керексіз екенін түсінген бойда қайырылмастан кетеді. Кім болса да, жағымсыз көзқарас пен суық көңіл көрсеткен адамның жанында ұзақ жүре алмайды. Еркек әйелдің жанында демалып, күшін толықтырғысы келеді, жаны жайланғанын қалайды. Тек ездер ғана әйелдің үздіксіз ұрысына шыдап жүре береді. Ең қызығы әлсіз, езді де, мықты еркекті де әйелдің өзі тәрбиелейді екен. Ер адамға деген махаббат, сыйластық көптеген ғажайыпты қолдан жасауға қауқарлы. Ешкім бізді қолымыздан сүйреп сол адамға қосқан жоқ. Кімді таңдасақ та, өз қалауымыз. Ендеше кішкентай қиындыққа шыдай алмай, өз таңдауымызға неге қарсы шығамыз? Адамның қасында жүрген сыңары – оның айнасы. Оның өзіңізді сыйлағанын қаласаңыз, бірінші болып өзіңіз оны сыйлап, алғашқы қадам жасаңыз. Ол үшін ең алдымен өзіңіз өзгеріңіз. Өз жүрегіңізді тыңдап, өзіңізді осы қалпыңызда қабылдап, сүйіңіз, жақсы көріңіз. Сондықтан өзара сыйластыққа жетем деген әйел ер адамды сол қалпында қабылдап, оның жанын түсінуге тырысуы керек. Егер сыңарыңызға сеніп, оның жақсы жақтарын байқап, әдемі әңгіме-дүкен құра білсеңіз, жан сырыңызды ақтарып, оның да айтар сөзін тыңдай алсаңыз, "нағыз еркек" тәрбиелеп шығасыз. Ер адам – жауыңыз емес. Егер өміріңізді дәл сол еркектің жанында өткізем десеңіз, оның мықты, сүйікті болуына, сіздің қаһарманыңызға айналуына жол беріңіз. Оның мысын басып, тұқыртқан үстіне тұқырта түссеңіз, бәрін қолдан құртасыз.  

М. Оңғарова