Ол неге сізді таңдамады?

Ол неге сізді таңдамады?
Фото: Тимур Өтешбеков

«Жақсы әйел – ерінің басын төрге сүйрейді, жаман әйел ерінің басын көрге сүйрейді» демекші, ер азаматтың, оның құрған отбасының берекесі тікелей сүйіктісімен байланысты. Өйткені оны ер деген атқа лайық қылып, болашаққа барар жолда оған демеу болатын – болашақ жары.

Оқуды бітіре салысымен қыздар да, жігіттер де «Қашан тұрмысқа шығасың?», «қашан отбасын құрасың?» деген сұрақтарды жиі естиді. Бұл сұраққа әдетте «Жақсы қыз жоқ, жігіт жоқ» деп жауап қайырады.

Отбасылық өмірде сүйіктісінің қол көтеріп, ауыр сөздер айтқанына көніп жүре беретін әйелдер де бар. Мұның барлығы да жалғыз қалып қалмау үшін жасалатын әрекеттер. Олар өздерін сыйламайды, қоғамнан сұр түсті киімнің астында жасырынуды жөн көреді. Ашық түсті киімдер кимесем, мені ешкім байқамайды деп ойлайтын болар. Осылардың барлығын не үшін айтып отырсыз дейтін шығарсыз. Кезекті материалымызда ер азаматтардың қалауы туралы жазуды ұйғардық. Сондықтан, ең алдымен, нәзік жандылардың қателіктерін айтқан жөн болар.

Жігіттер қандай қызбен танысқысы келеді? Ең алдымен, ол сүйіктісін көптің арасынан байқауы тиіс. Бұл үшін қыздың сыртқы келбеті әдемі болуы керек. Өзіңізді көрсетуден, денеге қонымды киім киюден қорықпаңыз. Түрлі аксессуар тағып, биік өкшелі аяқ киім киіңіз. Тәніңіздің артықшылықтарын көрсете біліңіз. Өзіңізді жақсы көріңіз. Дәл қазір мини белдемшелер мен етегі кіндікке жетпейтін кеудешелер, өкшесінің биіктігі 15 см-ден асатын аяқ киімдер туралы айтып жатқанымыз жоқ. Бар болғаны бақыттың құшағына еніп, аспанда қалықтай біліңіз дейміз. Жігіттің сізге көзі түскен соң бақылауға кіріседі. Мінезіңізге, жүрісіңізге, өзіңізді қалай күтетініңізге назар аударады. Ең бастысы, тәрбиеңізге мән береді. Жігіт үшін қызының мінсіз болуы маңызды. Алайда мінсіздікті әркім түрліше түсінеді...

Жоғарыда айтқанымыздай, ол сізді ұзақ бақылайды. Бірі жібектей селдір шашыңызға қызықса, енді бірі тал мүсініңізге жоғары баға береді.

Жігіттерге ұнау өте оңай. Оларды сыйласаңыз болғаны, аспандағы айды алып береді. Алғашқы махаббатыңыз, бұрынғы жігітіңіз туралы сөз қозғайтын болсаңыз, сізден көңілі суып, осыны әр кез ойлап жүреді. Ренжіскен кезде жиі есіңізге салады. Ал ақжарқын, кеңпейілді, күлімсіреп жүретін қыздарға бірден ғашық болады.

Жақында құрбым бізден «Неге менің жігітім жоқ? Неге барлығы сенімен танысқысы келеді, ал маған мүлдем назар аудармайды?» деп сұрады. Оған өзіміздің жеке пікірімізді айттық.

«Сен үнемі шу шығарып жүресің, тек қиындықтарың туралы айтасың. Айналаңды үнемі бақылап, өзіме лайық жігіт бар ма екен деп аңдып жүресің. Мен үшін айналамда не болып жатқаны маңызды емес. Өзгелерге ұнауға тырыспаймын. Өйткені олардың маған қызыға, қызғанышпен қарайтынын білемін. Әр сәттен ләззат аламын. Төсекте жатып кітап оқысам да, автобус күтіп тұрсам да, достарыммен бір дастархан басында отырсам да, мен артық ешнәрсе ойламаймын. Қиындық болмайды емес болады. Ол кезде жақын адамымның жанында отырып жылап аламын».

Жігіттер жылаңқы қыздарды ұнатпайды. Олар сүйген жарларынан күш-қуат алып, өмірге деген құлшынысы арта түссе екен дейді. Бұл үнемі көңілді жүру керек деген сөз емес. Бастысы шынайылық екенін жадыңыздан шығармаңыз. Ал ер адамның қандай екенін, ойын алғашқы күндерден-ақ білуге болады. Бастапқыда сыпайы болып көрінгенмен. Артынша шынайы болмыстарын көрсетеді. Мұнысы да орынды. Көрінгенге жалтақтап, өзге қыздарға көз салатын жігітпен отбасын құру мүмкін емес. Ол адал жар да, адал дос та бола алмайды. Ал ақылды жігіт тән қалауынан жан қалауын артық көріп, ханшайымын бақытты етеді. Мұндай жігіттер өте аз, бірақ бар. Сондықтан өзіңізді көрсетуден қорықпаңыз. 

Сөз соңында айтарымыз ғашық болыңыз! Өзіңізді де, өзгелерді де көтеріңкі көңіл-күймен бақытты етіңіз. Кез келген азаматты биік шыңдарды бағындыруға шабыттандыратын – өмірлік жары. Осыны ұмытпаңыз. Сіз бақытты болуға лайықсыз!

Қ. Бүйенбай