Сіз бақытты болуға лайықсыз

Сіз бақытты болуға лайықсыз
Фото: Наталья Бугрова

Адам баласының алдында әрдайым екі таңдау тұрады. Ол рухани құндылық пен дүние-мүлік. Бірі жетіссе, екіншісі кем болып тұрады. Тепе-теңдікті ұстай білу қиынға соғады. Десе де таңдау еркі тек қана өзімізде. Әрине, ақшаның үлкен рөл атқаратыны анық. Қымбат киім, техника, дәрі сатып ала аласыз. Ал табандылық, жігер, қайрат сынды қасиеттер тегін келмейді. Бойымызда ерік-жігер болса, тау мен тасты да қопарамыз. Қолдан келмес іске ұмтылып, оны орындамайынша тынышталмаймыз.

Адамның сыртқы келбетін ретке келтіруді жақсы көретін Сильви ди Джусто: «Сіздің айлығыңыздың қанша екені маңызды емес. Бойыңыздағы сенімділкке ешнәрсе де теңесе алмайды», - дейді. Сильвиден McKinsey, BMW және Thomas Cook сынды әйгілі корпорациялардың менеджерлер кеңес сұрап келеді. Оның кеңестерін сіз бен біз де біле жүрейік. 

1. Киімге ақшаны орнымен жұмсаңыз. Аз зат сатып алсаңыз да, матасының сапалы болуына назар аударыңыз. Яғни затыңыз 3 есе аз, ал сапасы 3 есе көп болсын. Сапалы заттар талғамыңыздың жоғары екенін ғана көрсетіп қоймай, өзіңізді барынша сенімді ұстауға көмектеседі.

2. Детальдарға мән беріңіз. Детальдар сіз туралы көп нәрсені баяндайды. Тіпті телефоныңыздың қабына қарап, сізге баға беруге болады. Оның сырылмауына, таза болуына мән беріңіз. Табиғатыңыздан бойшаң болсаңыз жақсы. Егер орта немесе қысқа бойлы болсаңыз, үнемі өкшелі аяқ киім киюге тырысыңыз. Бұл да өз кезегінде өзіңізді сенімді ұстауға әсер етеді.

3. Күнделікті киім ұқыпсыздықты білдірмейді. Сasual стиліндегі киім кез келген уақытта қалаған жерімізге киіп баруға жарайды. Бірнеше қарапайым детальдарды қамтыған іскерлік образ да сasual стиілне тән. Киімнің таза, түтігі шықпаған болуына мән беріңіз.

4. Әтірді аз себіңіз. Бұл әрекетіңіз Италия, Франция сынды мемлекеттерді орынды болуы мүмкін. Ал бізде мұны дөрекілік деп түсінеді. Сол себепті артық кетпеңіз.

5. Өзіңізге сенімді болыңыз. Шашыңыз май, киіміңіз үтіктелмеген болса да, бойыңыздағы сенімділіктен айырылмаңыз. Мұндай майда-шүйдеге бола еш уақытта алаңдамаңыз.

6. Ұйқыңызды қандырыңыз. Ұйқы адамның сыртқы келбетіне де әсер етеді. Күнделікті бір уақытта ұйықтап, бір уақытта оянатын болсаңыз, теріңіз ерекше балғындыққа ие болады. Мұнымен қатар, көңіл-күйіңіздің көтеріңкі болуына да әсер етеді.

7. Күлімсіреңіз. Сылбыр жігітті, қиындықтары бітпейтін бойжеткенді, үнемі мұңайып жүретін жандарды ешкім де жақсы көрмейді. Шынайы күлімсіреудің арқасында көп жетістікке қол жеткізе аласыз. Қалтаңызда уыс-уыс ақша болмаса да, өзіңізді осы әлемнің патшасындай сезініңіз. Есіңізде болсын: Адамдар, ең алдымен, сыртқы келбетіңізге назар аударады.

Олай болса, іске сәт! Әр күніңіз қуанышқа толы болсын!

Қ. Бүйенбай