Махаббат дәлелдеуді талап ете ме?

Махаббат  дәлелдеуді талап ете ме?
Фото: Азат Шектібаев

Біз әлеуметтік желілерден махаббат жайлы оқиғаларды жиі оқып тұрамыз. Соның бірі «дәлелдеу» туралы. Бір жігіт сүйікті қызына махаббаты жайлы айтса, әлгі қыз дәлелдеуін талап етеді. Қамыққан жігіт «сен үшін жанымды қиюға дайынмын» деп, өз өмірін құрбан етеді. Бұл әңгіме бәрімізге дерлік таныс.

Расында махаббат дәлелдеуді талап ете ме?

Бұл сұраққа бәрі «жоқ» деп жауап беретіні анық. Алайда жартысынан көбі өмірінде бір рет сезімін дәлелдеуге тырысып көргені сөзсіз. Неліктен? Әдетте бұл сыңарымыздың бізге сенбеуінен болады.

Дәлелді кім талап етеді?

Екі ғашықтың бірі қаттырақ жақсы көреді деген «халық теориясы» бар. Расында да көптеген жұпта бір адам өзін құрбан етуге дайын болады. Ал екіншісі сезімге қатты берілмей, өзін салмақты ұстауға тырысады.

Жігіт қызға сезімін білдіргенде, ол сенбеуі мүмкін. Себебі қазіргі заманда сезімнің құны төмендеп кеткендей. «Сүйемін» деген сөзді екінің біріне айтып жүрген жігіттердің қарасы көп. Мұндай жағдайда қыздың сенбеуі орынды.

Ал кей жағдайда жігітпен ойнап жүретін қыздар да болады. Өзін жақсы көретінін біліп тұрып, «сенбеймін» деп теріс айналып кетеді. Дегенмен алыстамай, әлгі жігітті байлап отырады. Керек кезде көмекке келетін, себепсіз сыйлық сыйлайтын жігіт болғаны жақсы емес пе? Әрине бұл қыздың ойы. Ал жігіттің сезімі алданып, жүрегі жаралы жүреді. Қыздың оған деген сезімінің бар-жоғын түсіне алмай, не кетерін, не қаларын білмей қиналады. Ал қыз болса «саған деген сезімімді түсіне алар емеспін...» деп созып, жүре береді.

Күндердің күнінде жігіт шаршап, өзін ойыншық еткенін түсініп, келмеске кетеді. Махаббаттан көңілі қалып, жүрегі қатайып, «енді сүймеспін» деп, басқа жолмен кетеді. Кез келген қызбен танысып, 1-2 апта жүріп, «ғашық болмай тұрғанда» екі жаққа кетуге тырысады. Жігіттің мұндай қылықтарына кім кінәлі?

Шын махаббат дәлелдеуді талап етпейді. Бұл - ақиқат. Егер сіздің біреуге деген сезіміңіз шынайы бола тұра, сізден соның дәлелін талап етсе, ойланбастан тәуекел етіп, өз жолыңызбен кеткеніңіз жөн. Сізді шын сүйетін адам әлі де кездеседі. Бұған күмәнданбаңыз!

Ф. Абилова