Кешікпеуді қалай үйренуге болады? #2

Кешікпеуді қалай үйренуге болады? #2
Фото: Бижигит Кайржанов

Өмір атты ұзақ жолда бәрінен де күткен жаман. Екі қолың байланып, сарғая сағынған адамыңның жолын қарайлаумен боламыз. Санамызға сан түрлі ой келіп, алаңдаймыз. Жолда бірнәрсеге ұрынбады ма екен деп өзімізді жегідей жейміз. Екі қолымызды арқанмен байлап қойғандай шарасыз күй кешеміз. Күтуден басқа амалымыз жоқ. Ал бұдан өткен жаман нәрсе деп күттіруді айтамыз. Осыған орай, кешікпей, әр істі өз уақытымен орындауға көмекші болар деген ниетпен ой бөліскен едік. Жазбамызды жалғастырайық...

Алтыншы: ұйқыңызды қандырыңыз! Тәулігіне 8 сағаттан кем ұйықтасаңыз, таңертең оятқыны өшіріп тастайтыныңыз анық. Кейде 5 минут жата тұрайын деп бірнеше сағат ұйықтап кететін кездеріміз болады. Одан да ертерек ұйықтаңыз. Бойыңызды үйрету үшін күнделікті бір уақытта жатыңыз.

Жетінші: сағатыңызды бақылаңыз! Әмияныңызда қанша ақша барын ғана емес, дәл қазір сағаттың қанша болғанын бақылауыңыз қажет. Бұл әдетіңіздің арқасында қалыпты графиктен ауытқымауды үйренесіз. Ал қолыңыздағы сағат сізді үнемі асықтыратын болады.

Сегізінші: басымдылықты анықтаңыз! Өзіңізге пайдасын тигізбей, тек уақытыңызды шығындайтын жұмыстардан бас тартыңыз. Мысалы, бірнеше сағат бойы отыратын әлеуметтік желілер бізге еш пайдасын тигізбейді. Айналаңыздағыларға үнемі көмектесе бермеңіз. Уақыт өте келе олар мейірімділігіңізді пайдаланып кетуі мүмкін.

Тоғызыншы: қайырлы таң! Таңыңыздың қандай болғанын қалайсыз? Асығыс шәй ішіп, кешегі тамақты қазаннан жеп, жалма жан киініп жүруді жөн көресіз бе? Әлде асықпай жуынып, таңғы асыңызды рахаттанып ішкенді қалайсыз ба? Бұл үшін бар болғаны 15 минут бұрын оянуыңыз керек.

Оныншы: жақсы сөз – жарым ырыс. Мысалы, «Сөзіңізді бөлгенім үшін кешіріңіз, алайда менің кетуім керек болып тұр». Әрине, қарсы алдыңызда әңгімесін көсіліп айтып отырған адамның сөзін бөліп, өз жұмыстарыңызбен кетіп қалу қиын. Кей адам мұны дөрекі мінез деп таныса, енді бірі ақылға салып, сізге түсіністікпен қарайды. Табысты адамдар өз уақытын қаншалықты бағалайтынына мән беріп көріңізші. Мұның барлығы уақытын бақылай алудың арқасында келген жетістіктер.

Уақытты ұтымды пайдалану арқылы табысқа жетеміз. Сол себепті әрбір секундыңызды бағалай біліңіз.

Қ. Бүйенбай