Қарашаш сұлудың қағидалары

Қарашаш сұлудың қағидалары
Фото: Асылбек Имандосов

Әрбір әйел өз сүйгенінің сүйіктісі болуды қалайды. Алайда кейбіреулері өкінішке орай, көп тұрмастан ажырасып кетіп жатады. Мұның себебін біз ерлі-зайыптының мінездерінің келіспеуі, баспананың жоқтығы, материалдық жағдайының төмендігі сияқты көптеген тұрмыстық-әлеуметтік жайттан іздеп жатамыз.

Ал психологтар моральдық-психологиялық әлсіздікке өмірлік тәжірибенің жетіспеуі қосылып, осындай жайтқа алып келетінін айтады.

Моральдық салмақ негізінен, отбасының ұйытқысы әйелге түседі. Сондықтан қыз-келіншектер ғажайып ертегідегідей өмір сүру үшін біраз жайтты білулері қажет. Даналықтың үлгісі ретінде Жиренше шешеннің аты аңызға айналуына еңбек сіңірген Қарашаш анамыздың қағидаларын ұсынып отырмыз:

Егер күйеуі бірдеңені бүлдіріп алса, оған көңіл бөлмейді, «бәсе, біліп едім» деп білгішсінбейді. Осы жағдайдан аман-есен шығудың жолдарын білдірмей қарастырады.

Қарашаш анамыз сыйластық, құрмет, адалдық, сүйіспеншілік сезімдерін ту қылып ұстаған. Себебі күйеу әйелдің дүниедегі ең жақын адамы, мәңгілік қосағы. Онымен күресудің қажеті жоқ.

Жиренше шешен ханның қитұрқы тапсырмасын қалай орындарын білмей сасқалақтағанда, анамыз дұрыс ақыл беріп отырған. Себебі анамыздың дүниетанымы өте кең болған. Ал қазір білімін жетілдірем дегендерге ақпарат көздері көп-ақ.

Қарашаш анамыз ешқашан қайын жұртымен ұрсыспаған, керісінше, оларды барынша сыйлау арқылы өзі де құрметке ие болған. Ата-баба салтын ұстанғысы келген кейбір жас келіншектер қайнылары мен қайын сіңлілеріне ат қойып жатады. Бұл өте құптарлық іс. Дегенмен сыйластық мұнымен ғана бітпейді. Сыйлайтынын күнделікті іс-әрекетімен дәлелдеп отырады.

Ақылды ана балаларын әкесін құрметтеуге баулиды. Жаман қылық көрсетсе, «әкеңе ұқсағансың, мінезің аумай қалған» деп сөкпейді. Еріне ренжісе, балаларының көзінше ренішін айтпайды, қабағымен де білдірмейді. Тек оңаша қалғанда ғана наз қылып жеткізеді.

Дана келіншек жарының өзін сүйетінін «мені сүйесің бе?» деп күніне 10 рет сұрамай-ақ немесе қымбат сыйлық тарту еткенінен емес, қабағынан, қылығынан сезеді. Өз қылығымен, даналығымен, көркімен ерін өзін сүюге «мәжбүрлейді».

Әрбір келіншек Қарашаш анамыздың бейнесін үлгі етіп ұстаса, осы анамыздай дана болғанда отбасымыздың түтіні түзу шығып қана қоймай, тұрмысымыз түзеліп, дамыған 30 елдің ішінен көрінерміз, бәлкім...

Ф. Абилова