Әйелге қырық жан не үшін керек?

Әйелге қырық жан не үшін керек?
Фото: amur.kz

«Әйелдің қырық жаны бар» деп жатады дана халқымыз. Ата-бабамыз мұра етіп қалдырған аталы сөздің ешбірі текке айтылмаған. Мына сөз де соның дәлелі. Әйелге қырық жан не үшін керек? Қырық жаны болса неге сонша нәзік?

Әйел болып күн кешу үшін. Әйел адамға әйел болып күн кешудің өзі бір шетінен – бақыт, бір шетінен – салмақты іс. Өйткені қырық жанның де өз сұрауы бар. Қырық жанның да өз салмағы бар. Әйелдің болмысына сай тұрмыстың қандайына болса да төзу үшін күш керек. Олардың физикалық жағдайы әлсіз болғанымен, ішкі жан-дүниесі мен жүйкесі мықты. Әйелдің ғұмырын бойына сіңіріп, әйел атына сай болу үшін де оларға қырық жан керек.

Өзінің қырық жанымен ерінің жалғыз жанына қорған болу үшін. Ер адамның жанының тыныштығы мен жүйкесінің тыныштығына жауап беріп, оған жайлылық орнату үшін де қырық жан керек. Оның барлық мінезі мен қылығына төзіп, көңілінен шығу да көптің қолынан келе бермейді. Ерінің жатса – жастығы, отырса – сүйеуі, тұрса – тірегі болып моральды тұрғыдан оған көмек беріп, сонымен қатар, өзінің әйел затына сай көркем мінезі мен болмысын сақтау арқылы оған жағыну үшін тіпті қырық жан да аз шығар...

Дүниеге бала әкеліп, оны өсіру үшін. Жалғасып жатқан тіршіліктің ең басты қызығы да, мәні де – бала өсіріп, адам қылу. Әйел шіркіннің баласы бойына біткен күннен бастап ұйқысы бұзылып, көңілі тыншымайды. Іште жатқан баласының болашағын сол кезден-ақ ойлап жүрегін ауыртады. Одан кейін «тар құрсағын кеңейтіп, тас емшегін жібітіп» өмірге бала әкеледі. Сол күнен бастап сол баланың өмірі мен денсаулығына жауапкершілікті өз мойнына алады. Бала өсіп, өз қолы аузына жеткенше соның қамын ойлайды. Біздіңше, бұл бейнетке қырық жан да аздық етеді.

Тұрмыс тауқыметіне төзу үшін. Кез келгеннің бағына бақытты ғұмыр нәсіп етілмеген. Өмірде, әйткенмен, бақытты өмір емес, бақытты сәттер ғана болады. Сондай бақытты сәттердің көлеңкесі алыстап, басына бұлт төнген кездерде тұрмыстың бар тауқыметіне төзіп, кез келген болған іске болаттай берік болу үшін де әйелде күш-жігер жетеді. Кез келген қайғыға қасқая қарсы тұрып, болмашыға мүжіліп қалмас үшін қырықтан да көп жан керек.

А. Әбілхан