Неліктен жасөспірімдер жиі ауырады?

Неліктен жасөспірімдер жиі ауырады?
Фото: vk.com

7-сыныпқа көшкеннен кейін бір оқушылар тұмаумен жиі ауырса, екіншілерінің мұрны қанайды, үшіншісі басының сақинасы барын айтады. Бұл тек біздің қазақстандық оқушыларға ғана тән жағдай емес, әлемдегі біраз баланың басында болатын жайт.

Неліктен?

Ата-бабамыздың «он үште отау иесі» деген сөзін көбі отау көтерумен ғана байланыстырады. Алайда мұны кеңірек түсінген дұрыс секілді. Себебі осы кезден бастап балалар «өтпелі кезеңді» бастан кешіреді. Бала ағзасында көптеген өзгеріс болатынын «Анатомия» оқулығынан оқыдық, олардың иммунитеті әлсірейді, тез шаршайды, ашуланшақ келеді.

Оның үстіне оқу бағдарламасы күрделі, сабақ көп, біріне үлгерсе, екіншісінің беті ашылмаған күйі мектепке барады. Оқымаған сабағының үстінде мұғалімнен қаймығып, жүзін төмен салып, бүкірейіп отыруға тура келеді. Үнемі осылай отыратындықтан, омыртқа қисайып, сколиоз ауруына шалдығуы мүмкін. Ол ағзаны зақымдайды.

Сколиоз ауруы тек мұнысымен ғана қорқынышты емес, психологтар сколиозы барлардың алдына жоғары мақсат қойып, армандай алмайтын жанға айналатынын айтады. Өз өміріне, болашағына немқұрайлы немесе күмәнмен қарайды. Ал ештеңеге қызықпайтын балалардың көбейіп бара жатқанына ата-аналар да, мұғалімдер де қатты алаңдаулы. Бүкірейіп, оқулықты тым жақын отырып оқитындықтан, көзілдірік тағатын оқушылар да көбейген. Көздің көруі бір бұзылғаннан кейін, оны емдеуге ұзақ уақыт, қыруар қаржы керек.

Жасөспірімдер асқазан ауруларымен де дәрігерге жиі келеді. Асқазан ауруы маманның пікірінше, өз-өзіне көңілі толмайтын жандарда көбірек кездеседі. Әрі балалар таңертең ертерек тұрып, тамақ ішуге ерінеді, көзі-басын сипалап, ұйқылы-ояу киініп, мектепке жүгіреді. 6-7 сабақ оқып, қарны әбден ашып, үйге келе жатып, жол-жөнекей сатып алған фаст-фудын жеп алады. Қазіргі балалар қазанда пісіп тұрған дайын тамақтан гөрі фаст-фудты, газдалған сусындарды ұнатады. Олардың ағзаға әкелетін зияны туралы естігісі де келмейді.

Денсаулығын жасынан сақтаған бала өз елінің дені сау азаматы болып өседі. Ол үшін бала күн тәртібін ата-анасымен ақылдаса отырып құрып, соны сақтап үйренсе, ол бірте-бірте жақсы әдетке айналады. Ауру қалса да, әдет қалмайтыны бәрімізге де белгілі...

Ұқсас жазбалар:

Жасөспірімдерге кеңес: Адам күні адаммен

Жасөспірім шақтың ерекшелігі қандай?

Ф. Абилова