Кітапқұмар жанға ғашық болып көрдіңіз бе?

Кітапқұмар жанға ғашық болып көрдіңіз бе?

Бүгінгі таңда кітап оқушыларды «Қызыл кітапқа» енгізуге болады. Өйткені олардың саны күн өткен сайын күрт азайып келеді. Кітап оқитын адамдар өзгелеріне қарағанда сезімтал әрі ақылды. Және өзіне ғашық болуға лайық жандар десек те болады.

Сіз бір рет болсын кітапты бүге-шүгесін қалдырмай, әрбір кейіпкердің өміріне үңіліп, соңына дейін оқып көрдіңіз бе? Терең демалып, кітапты қолыңызға аласыз. Оның мұқабасын қарап, мазмұнына зер саласыз. Арман мен түрлі ойдың жетегінде жүресіз. Құдды басқа әлемге еніп, өмірге жаңа туған сәбидей күйде боласыз. Кей тұстарын тірі жанға сипаттай алмай қиналсаңыз, енді бірін айтуға да ұяласыз. Ғалымдар осыларды басынан кешірген адамның болмысы ерекше болатындығын айтады. 

Мұның барлығы бейтаныс жанға ғашық болумен бірдей. Дәл мұндай сезімді бастан кешіргеніңіз үшін өзіңізді барынша бақытты сезінсеңіз де, оны енді жолықтырмаймын деген өкініш сезімі жүрегіңізді қарып өтеді. Бұл өзге жанның жан-дүниесіне ену арқылы тәжірибе жинақтап, байлыққа кенелумен бірдей.

2006-2009 жылғы Канада университетінің психологы Рэймонд Мардың жариялаған зерттеуінде Торонто университеті когнитивті психология саласының мамандары көркем әдебиетті оқитын адамдардың өз көзқарасы мен өзгенің пікірінің ара-жігін ажырата алатындығын айтады. Мұнымен қатар, өзгелердің жан-дүниесіне терең бойлап, барынша түсіністікпен қарайды екен.

Олар өз идеяларын да, өзгелердің идеясын да алға тарта біледі. Іштей ешкімді бөліп-жармайды. Әрине мұндай дәрежеге жету үшін көп тәжірибе қажет.

Бұған дейін жүрген сүйіктіңіздің қолынан кітап көргенсіз бе? Сіз онымен кітап туралы сөйлестіңіз бе? Егер жоқ деп жауап берген болсаңыз, болмысы өзге жандармен кездесе бастағаныңыз жөн болар.

Кітапқұмар жандардың өзгелерден артық екеніне ешкімнің таласы жоқ. Олар көркем әдебиетті оқу арқылы өзге адамдардың кейіпіне еніп көрді. Сіз танымайтын адамдардың қайғы-мұңын арқалай білді. Әйел болудың да, еркек болудың да машақатын сезінді.

Мар 2010 жылы жүргізген зерттеуінде көп кітап оқыған балалардың ойы да жүйрік болатындығын дәлелдеген. Кітапқұмар балалар жаңа жерге тез бейімделеді. Өйткені олар өзге әлемге ойша саяхат жасап үйренген.

Бұл өмірде сүйіктіңізді жолықтырып үлгермеген болсаңыз, «Қызыл кітапқа енуші жандарға зер салыңыз». Сіз оларды кофеханалардан, саябақтан, кітапхадан, метро вагондарынан жолықтыруыңыз мүмкін. Міндетті түрде арқа қоржын асып, қолына сөмке, шабадан ұстап жүреді. Өмірге деген ерекше құштарлықтарын небары бірнеше минуттың ішінде сезінесіз.

Олар ойын хат пен өлең жолдары арқылы жеткізуі мүмкін. Сұраққа бір ауыз сөзбен жауап бермей, терең ой айтады. Сөздік қорының байлағымен таңқалдырады.

Калифорния университетінің маманы Энн Е.Каннингхем өз зерттеуінде «Ми үшін оқудың маңыздылығы», «Кітап оқу - сөздік қорды байытуға бағытталған, мектепте жүргізілмейтін пән» сынды тақырыптарға тоқталған болатын.

Каннинхем баланың сөздік қоры «жанама» тәсілдердің көмегімен жүзеге асатындығын айтқан.

Кітапқұмар жандар сізді түсінеді. Сол себепті жан-сарайыңызға үңілетін жанға ғашық болғаныңыз жөн. Әлеуметтік зерттеулер жаңа мектебінің психологы Дэвид Комер Кид жазушылардың бізді де шабыт иесіне айналдырып, кейіпкерлердің болмысын өздігімізше толықтыруға мәжбүрлейтіндігін айтады. Ғалымның бұл пікірі күннен-күнге дәлелденіп келеді.

Кітапқұмар жандармен сөйлесіп отырған кезде мың адаммен танысқандай боласыз. Сол себепті бұл мүмкіндікті жіберіп алмаңыз. 

Ал Сіз кітапқұмар жанға ғашық болып көрдіңіз бе?

Сурет: ©Мейірман Толыбаев

Қ. Бүйенбай