Мына нәрселерден бас тартуыңызға тура келеді...

Мына нәрселерден бас тартуыңызға тура келеді...

Өзің үшін өмір сүруді үйренуден пайдалы нәрсе жоқ.

Сомерсет Моэм

Өмірде кейбір нәрселерден бас тарту арқылы жеңілдеп, бақытты болуға болады. Бізге еш қажеті, пайдасы жоқ дүниелерден бас тартып, күйзелістен, ауыр жүктен арыла аламыз.

Бұл қадамға дайынсыз ба?

1. «Менікі дұрыс»

Қоғамда өзінікін дұрыс деп санауды жөн көретін, өзгелерді тыңдағысы келмейтін қасиеті бар адамдар баршылық. Алайда мұндай әрекеттің еш пайдасы жоқ. Кейбір адамдар қызбалықпен дауласып, біраз уақыттан соң сабасына түсіп, өзінің ұстанымының дұрыс емес екенін түсінеді. Бірақ мұндай қасиет он адамның бірінен ғана табылады. Көбінде адамдар өзінің қателігін көре тұра, өз-өзін алдап, қырсыққан қалпында қалады.

Дауға түскен кезде өзіңізге сұрақ қойыңыз: «Дау мен ұрыс маңызды ма? Әлде мейірім мен тыныштық маңызды ма?»

Біріншісін таңдасаңыз, дауды жеңіп, өз дегеніңізге жетесіз. Екіншісін таңдасаңыз, дана шешім қабылдап, жүйкеңіз тыныш қалып, ешкімнің қарғысына қалмайсыз.

2. «Басқаруым керек»

Сізді қоршаған дүние, адамдардың бәрін билеуге ұмтылуды доғарыңыз. Жағдайлар, өмір сынақтары, алдыңыздан шығатын адамдар, иә, мұның бәрі өзіңіздің «тапсырысыңызбен» келетін дүние. Алайда оның бәрін билікке алып, бақылаймын деп ойламаңыз. Жақындарыңыз кім боламын десе де, оның өміріне араласпауыңыз керек. Мейлі, ол туысыңыз, әріптес не бала кезден танитын досыңыз болсын. Әлемді өзгертемін деп әлек болмаңыз. Ең алдымен, өзіңізден бастаңыз. Сонда ғана сізді қоршаған орта да өздігінен өзгере бастайды.

3. «Кім кінәлі?»

Мақсатқа жете алмай, біреуді кінәлайтын адамдарды жиі кездестіреміз. Сүйіктіңізді «мені жақсы көрмейсің» деп, ата-анаңызды «маған көмектеспейсіз» деп, мұғалімді «маған сенбейсіз» деп кінәлаудан аулақ болыңыз. Ең алдымен, өзге адамдардың (қанша жақын болса да) сізге еш міндетті емес екенін қабылдаңыз. Иә, олар сіздің туған адамдарыңыз болуы мүмкін, сүйетін, сенетін адамыңыз болуы мүмкін. Алайда олардың әрқайсысының өз өмірі бар. Сол өмірінде олар өзіндік шешім қабылдап, бағыт таңдайды. Ал сол бағыт сіздікімен сәйкес келмесе, ренжіп, қапаланудың еш мәнісі жоқ.

Кінәні өзіңізден ізде демейміз. «Кінәлі» деген түсінікті мүлде жойыңыз. Себебі кінә – міндеттің синонимі, ал жоғарыда айтқанымыздай, сіз ешкімге міндетті емессіз, сізге ешкім міндетті емес.

Жалғасы бар...

Сурет: ©Марк Урнявичус

Оқи отырыңыз:

Неліктен біз виртуалды қарым-қатынасты таңдаймыз?

Не жайлы ойламауымыз керек? #3

Ерлер ұжымында жұмыс істеу оңай ма?

Өмірде қажет болатын кеңестер

Ф. Абилова