Сіз мақтауға лайықсыз!

Сіз мақтауға лайықсыз!

Комплимент айта алу - өнер. Ал комплименттерді қабылдау ше? Сізді мақтап жатқанда, басыңыз түсіп, бетіңіз қызарып кетеді ме? Не кеудеңіз төбеге жетіп, "Иә, мен сондаймын!" деуге дайын боласыз ба? Комплимент көңіліңізді көтере де, ұялғаныңыздан еңсеңізді түсіре де алады. Оларды қалай қабылдау керек?

"Рақмет" - ең қысқа әрі дұрыс жауап. Рас, кейде айтылған комплимент барып тұрған жағымпаздану болып көрінеді. Бұндай мадақтауға тіпті жауап бергің келмейді. Осы сәтте "Рақмет" деп, тақырыпты ауыстырып жіберсеңіз болады. Кейде басқаша болады. Сізге мақтаулар айтқанда, өзіңіз жақсы жақтарыңызды айтып, бірнеше жыл бұрын болған сәттіліктеріңізді еске түсіріп кетесіз бе? Сыпайы болыңыз. Комплименттерге қысқа "Иә, рақмет" деп жауап қайтыңыз. 

Бір жақсы сөз естіп қалғаннан кейін, "Жоқ, қайдағы..." деп жаңа комплименттерге сұранбаңыз

Біреуді өтірік мақтап, өзіңіздің артықшылығыңызды көрсетпеңіз. Мысалға, құрбыңыздың онша емес шаш сәнін мақтап, одан "Жоқ, мен шашымды бір апта жумаған едім, сенікі әлдеқайда жақсы!" деген комплимент естисіз. Сөзсіз-ақ көрініп тұрған нәрсені айтудың не қажеті бар еді? Бұл комплимент көңіл көтермейді, тек сізге жеңіс сезімін беріп, құрбыңызды ұялтады.

Кейде қыздар расында өзіне сенімді болмағандықтан комплимент естісе ұялып, кірерге жер таппай қалады. Есіңізде болсын, сізді мақтаса, демек сіз оған тұрасыз! "Жоқ, бұл көйлек ескі, жай кие салған едім..." сынды сөздерді жиі айтып, өзіңізге деген сенімділікті мүлдем жоғалатасыз. 

Өзіңіз де комплимент жасаңыз. Әріптесіңіздің не құрбыңыздың шаш үлгісі, не киімі ұнағанда, ішіңізден ойлап, айтпаған жағдайлар болды ма? Енді осындай сәттері, ұялмай жылы сөз айтып, құрбыңыздың бұған қалай жауап беретінін бақылаңыз. Бір жағынан адамның көңілін көтеріп, екінші жағынан тәжірибе жинайсыз. Сондай-ақ жақсы жақтарды байқай білу - позитивті көңіл-күй кепілі. Айналаңызда қаншалықты жағымды нәрселерді байқасаңыз, өмір де соншалықты жайдары болып көрінеді.

Комплименттер - айтылған себебі мен қалай жауап беруге бас ауыртатын нәрсе емес, күнделікті өмірдегі кішігірім көңіл көтеретін ұсақ-түйек сөздер. Комплиментті шын жүрекпен айтып, естігенде мәз-мейрам болайық.

Дайындаған: Сания Аринова

Сурет: liveinternet.ru

С. А