Өтірікшіні құрықтаудың 10 жолы

Өтірікшіні құрықтаудың 10 жолы

Өмірлік тәжірибеңізден байқаған боларсыз, полиция қызметкері, дәрігер немесе сіздің ата-анаңыз өтірік айтып тұрғаныңызды 100% - ға біледі. Қалай? Олардың ішкі сезу мүшелері тым жоғары дәрежеде дамыған ба? Мүмкін. Кейбір адамдар өзінің аңғарымпаздық қасиетін кәсібіне айналдырып алған. Олар жалған мен ақиқаттың аражігін жақсы ажырата алады.

Өтіріктің негізгі белгілері мыналар: айтушының баяндап тұрған әңгімесінің болған оқиға уақытымен сәйкес келмеуі, қобалжуы мен ретсіз мысалдар келтіріп, тым нақтылауға тырысуы.

Екатерина Быковцева, «Здоровье-Инфо» сайтының мәлімет таратушысы:

Адамның айтқан әңгімесінің ақиқаттан алыс екенін білу үшін кәсіби барлаушы болу шарт емес. Кез келген адам алаяқты оңай тани алады немесе жақын адамының жалған сөзін оның бет-әлпетінен, өзін-өзі ұстау тәртібінен анық байқай алады. Бұл сіз ойлағандай қиын емес. Бар болғаны, сарапшылар дәлелдеген 10 әдісті білу.

 № 1 кеңес: сәйкессіздік

Егер әңгімелесушіңіздің өтірік айтып тұрғанына анық көз жеткізгіңіз келсе, оның іс-әрекеттері мен сөздерінен сәйкессіздіктерді іздеңіз. Мәселен, құрбыңыз сізге өз көзімен ерекше нәрсені көргенін айтып, бірақ оған мән бермей, дұрыстап қарамадым десе, оның көргені өтірікке жақын. Мұндай жағдайда адам мен оның айтып тұрған оқиға желісінің арасында ешқандай рефлектрлік байланыс болмайды. Тағы қарапайым әдіс, әңгіме айтушының сөзін бөліп, үстел үстін саусағыңызбен ұрсаңыз, ол әңгімесін ортасынан шорт кесіп, назарын бірден сіздің саусағыңызға аударады. Адам шуды естігенде, ойынан адасып, нақты оқиғаға назар аударады. Күмән тудырған адаммен сөйлесе отырып, оның әңгімелерінің логикалық байланысына да назар аударыңыз.

№ 2 кеңес: тосын сұрақ қойыңыз

Жер бетіндегі адамдардың 4%-ға жуығы шебер өтірікшілер екен. Олардың жалған сөздеріне тек қана кәсіби барлаушылар көз жеткізе алады. Бірақ, әрқайсысымыз талпынып көрсек, өтірікшінің құпиясын ашуға мүмкіндігіміз бар. Алдымен, оны сыртынан бақылап отырыңыз да, белгілі уақыт өтіп, оқиғаны ойша әсерлі өрбітіп жатқанда, тосыннан сұрақты қойып қалыңыз. Егер ол кібіртіктеп, тіпті басқа нәрсені баяндап кетсе немесе сіздің сұрағыңызға жауап беруден мүлдем бас тартса, онда оның сөзінің жалған екеніне көз жеткізесіз. Егер ойынан жаңылмай, сұрағыңызға қысқа әрі нұсқа жауап беріп, әңгімесін тоқтаған жерінен жалғастырып жатса, оның сөзінде шындықтың жатқаны белгілі.

№ 3 кеңес: мінез-құлқының өзгеруі

Өтірікшінің бейнесін анықтауға көмектесетін тағы бір белгі — мінезінің көз алдыңызда өзгеруі болып саналады. Назар салып көріңіз: салмақты адам кенет беймаза кейіпке еніп тұрса, оның ісінде айқындылықтың жоқ болғаны. Немесе, керісінше, қиын мәселелерге кенет атүсті қарайды. Мұның себебі, өтірігін  басқа әрекетпен шайып жіберу болса керек. Басты қағида, егер әңгімелесуші өз сөзінен тыс эмоциямен айтып тұрса, оның сөзінде өтірік барына сене беріңіз.

№ 4 кеңес: жасанды эмоцияны байқамау мүмкін емес

Адамдардың басым бөлігі өтірік күле алмайды. Күлкі табиғаттан берілетіндіктен, адам белгілі себептерге ғана шынайы күледі. Кейбір жағдайларға орай, "бетперде" киюге тура келетін кездер болады. Мұндай сәттерде күлкінің орнына адамның жүзінде жасанды қуаныш пайда болады. Оны азғантай жымиыстың астарындағы ашулы рең мен мұңды көздерден байқауға болады.

№ 5 кеңес: интуитивтік ойлау немесе соқыр бағалау

«Іштей сездім немесе интуициям айтты» деген тіркесті тым көп қолданатын жандар бар. Бірақ, сарапшылар бұл сөздердің астарында шындықтың жоқ екенін айтады. Ішкі сезім мүшелерін себеп қылатын жандар - көп жағдайда, мән-жайға мән бермейтіндер. Статистика дәлелдеулері бойынша, ешбір адам арнайы сезім мүшелерімен немесе басқа да белгілерге сүйеніп, нақты нәтиже шығара алмады. Дәл қорытындыны мамандар мен сарапшылар ғана шығара алады.

№ 6 кеңес: микроэлементтерге де назар аударыңыз

Шындық пен мифтің аражігін ажыратудағы белгілі маман Пол Экманның зерттеулері нәтижесінде, адамның “микроэмоцияларына” басты назар аудару керектігі анықталған.  Микроэмоция — бұл небәрі 25 секунд ішінде адамның кескінінде пайда болатын алғашқы белгілер. Адамның бет әлпетінде пайда болатын ең алғашқы эмоция белгілері оның шынайы бейнесі болып табылады. Жағдайға қарай ол бейне 25 секундтан кейін өзгеріп шыға келеді. Сондықтан, адамның ең алғашқы білдіретін эмоциясына назар аударыңыз.

№ 7 кеңес: қарсы пікір айтыңыз

Адамның ым-ишаралары оның айтқан сөздерімен сәйкес келуі тиіс. Егер оның әңгіме мазмұнымен бет-әлпетіндегі қимылдары сәйкес келмесе, әңгімелесушінің сөзінен өтіріктің ұшқынын байқауға болады. Әңгімелесушіңіздің мұқият тыңдаушысы ретінде, сөзін орта жолдан бөліп жіберіп, қарсы пікір айтып көріңіз. Бұл кезде әріптесіңіздің бейнесінде микроқимыл пайда болады. Ол “бас шайқау” немесе “ көз жыпылықтату” сияқты қимылдар болу мүмкін. Яғни әңгімелесуші сіздің қарсы пікіріңізге қайтаратын жауап таба алмай қиналып, ым-ишараларынан сөзінің өтірік екенін көрсетіп қояды.

№ 8 кеңес: көзінің қарасы

Егер әңгімелесушіңіз сөйлесу барысында көзіңізге тура қарауға батылы жетпей тұрса, ол өз сөзіне толық сенімді емес екенін білдіреді. Егер ол көзінің жанарын тым алысқа тастай отырып, тіл қатып отырса да, оның сөздеріне күмәндана беріңіз. Психологтардың дәлелдеріне сүйенсек, сөзіне нық сенімді адам әңгімелесушісінің көзіне тура қарап сөйлейді екен. Кейбіреулердің көзі жанды жері болса, енді біреулерде бұл құбылыс басқаша жүреді. Мәселен, алақан терлеу, мұрынның үсті терлеу немесе дауыстың дірілдеп шығуы сияқты белгілерді байқасаңыз да, айтушының сөзінің растығына күмән келтіргеніңіз абзал. Шындықты айтқан адамның  бейнесі шынайы.

№ 9 кеңес: ұсақ детальдар

Кейде анасының “ сабақтан неге кешіктің?” деген сұрағына балалары былай деп жауап қатуы мүмкін: “сабақтан соң ауырып қалған досымдыкінде болдым. Ол менің дәріханаға барып, дәрі әкеп беруімді өтінді. Сөйтіп, кешігіп қалдым”. Осы өтірікті айтып тұрғанда, балаларының әр түрлі қимылдарынан анасы қандай сұрақ қойғанын да ұмытып кетеді. Мысалы, бала табанының астына жалтақтап қарай беруі мүмкін немесе басын қасиды. Осындай ұсақ детальдардан жауап алушының сөзде өтіріктің бар екенін аңғаруына болады. Сіз де әңгімелесушіңіздің осы қимылдарына назар аударып көріңіз. Ұсақ детальдар оны құрықтауға көмектеседі.

№ 10 кеңес: шындықты жоққа шығаруға болмайды

Бас салып өтірікті іздемей, айтушының сөздеріне мән беріп алғаныңыз орынды болады. Өзіңіз сенімді болмаған құбылысқа әңгіме айтушыны кінәлаудың қажеті жоқ. Егер тырнақ астынан кір іздегендей, өзіңіз бос күмәнға жол берсеңіз, өзіңізге деген сенімді жоғалтып алуыңыз мүмкін. Сондықтан, мұқият бақылаушы болыңыз.

Жоғарыда көрсетілген 10 кеңестер алданып қалмауыңызға септігін тигізеді. Тек, оны өз қажетіңізге жүзеге асыра білгеніңіз жөн. 

Суреттер bestlifehacker.ru сайтынан алынған

А. Байжан