Түсін мені...

Түсін мені...

Ат кісінескенше, адам түсініскенше. Арамыздағы көптеген келіспеушіліктердің басты себепкері де – түсініспеушілік. Адам болмысын түсінуге тырыспау.

Адамды қалай түсінуге болады? Сол туралы аз-кем...

Ең алдымен адам туралы біраз ақпаратты бізге оның бет-жүзі береді. Бірбет, екібет деген сөздер осыдан шықса керек. Адамның ойы, эмоциясы ең бірінші бетіне шығып тұрады. Бетіне қарап "ақылды көрінеді", "ақымақ қой, беті айтып тұр" деген сияқты алғашқы қорытындыны шығарып жатамыз. Сондықтан, адаммен сөйлескенде, бетіне тік қарап тұрудың артықшылықтары бар.

Іс-әрекет. Адамның қимыл-қозғалысы, әдепкі әдеттері де оның қандай адам екенінен хабар берсе керек. Мәселен, бір ғана жүріске қарап, ол туралы біраз нәрсені білуге болады екен. Сондықтан, қимыл-қозғалысқа да баса назар аударғаныңыз жөн.

Адамды сөзіне қарап таны. Бірақ, ол адам сізден асқан қу болса, ол басында өзінің шынайы болмысы қандай екенін көрсетпеуі мүмкін.


Адамды түсінудің басты қағидасы – өзіңді оның орнына қою. Оқиғаға оның көзімен қарау. Осы бір қарапайым қағиданы көбіміз есімізден шығарып жіберіп жатамыз. Біз тек өзіміздің мәселемізге ғана бас қатырып, өзімізде ғана қиындықтың зоры бар деп ойлаудан танбаймыз. Сондықтан, көбіне ешкімді түсінгіміз келмей, өз өмірімізді қиындата түсеміз.

Расымен де, біз  түсініспеушілікпен қарау арқылы тек өзіміздің өмірімізді қиындатамыз. Ал бір сәт оның орнына өзімізді қойып көрейікші. 

Адам өз өмірінде бірнеше ортаға тап болады. Сабақта, жұмыста, үйде оны түрлі-түрлі адамдар қоршап жүреді. Әр ортаға сай өзін бейімдеп, ортаның атмосферасына сіңіп кету біреуге оңай, біреуге қиын. Дегенмен, барлық ортада әркімнің мінез-құлқын танып, біліп, оны түсінуге ұмтылу сіздің парасаттылығыңызды да, қарым-қатынас жасай білу мүмкіндігіңізді де көрсетеді. Адам өзінің миы жетпейтін нәрселерді түсіне бермейді. Оның адамды, қоршаған ортаны, оқиғаны түсінуі үшін білім керек. Дүниетаным керек. Сондықтан, көп оқып, дүние туралы көп ойланудан, адам болмысына тереңдеп, ұғынуға тырысудан қашпау керек...

сурет: liveinternet.ru, furrytoy.ru

М. Оңғарова