Сенбілік ойын: "Жаһан және мен"

Сенбілік ойын: "Жаһан және мен"

Сенбіні әр адам әртүрлі етіп өткізеді. Бірі жай ғана ұйықтап, миын тынықтырса, енді бірі қызықты орындарға барып, көңіл көтеру арқылы демалады. Осы ретте әрдайым өз-өзін дамытып, шығармашылық ізденісте жүретін адамдар үшін ми жаттығуын ұсынамыз.

Бұл ми ойыны Тони Бьюзеннің (Тони Бьюзен – психолог, 100-ден аса кітаптың құрастырушысы, авторы, ми мен ойлану, шығармашылық туралы зерттеу саласында үлкен еңбек сіңірген адам) "Шығармашылықты дамытудың 100 тәсілі" атты кітабынан алынған. 

"Жаһан және мен" ми жаттығуын жасағанда, әр адам кез келген нәрсені өзімен байланыстыруы керек. Мысалы:

  • Химия және мен
  • Ай және мен
  • Құс және мен
  • Махаббат және мен
  • Жер ғаламшары және мен
  • Күн және мен
  • Видеокамера және мен  
  • Ғарыш кемесі және мен
  • Түс және мен т.б.

"Бұл заттар мен менің арамда қандай байланыс болуы мүмкін?" Ойланып көріңіз...

Леонардо да Винчи әлемдегі барлық заттың өзара байланысы туралы былай деген: "Барлық зат бәрінен пайда болады, барлық зат бәрінен құралған, барлық зат бәріне айналады".

Айналада болып жатқан құбылыстарға жіті қарау, мән беру миға өте пайдалы. Ми үнемі жаттыққанды ұнатады. Барлық заттың өзара байланысын байқай білу мидың мүмкіндігін барынша мол пайдалануға әкеледі. Мәселен халық арасында "Исаак Ньютон басына алма құлаған соң, тартылыс заңын ашты" деген сөз бар. Бұл аңыз дәлелденбеген. Ньютонның өзі "бұл теория аспанда ілініп тұрған айға қарап отырған сәтінде алманың құлап бара жатқанын көрген кезде (алма басына құламаған!) пайда болғанын" айтып кеткен. Осы кезде Ньютонның басында кішкентай баланың сұрақтары туған: "Алма неге құлады?", "Ай неге құламайды?".

Дәл осы түрдегі сұрақтар мен заттарды байқау, заттардың өзара байланысы туралы ойлану Ньютонның адамзат тарихындағы ең үлкен жаңалықты ашуына әкелді.   

Сондықтан миға шектеу бермеңіз. Тіпті өзара байланыспайды-ау деген нәрселер туралы да бас қатырудан қорықпаңыз. Ми – шексіз. Ал саналы адам мүмкіндігі одан да шексіз. 

Сенбілеріңіз сәтті өтсін! 

Автор: Мейіргүл Оңғарова

Сурет: desktopwallpapers.org.ua, goodfon.ru

М. Оңғарова