Перфекционизм немесе идеалдыққа ұмтылу

Перфекционизм немесе идеалдыққа ұмтылу

Перфекционизм дегеніміз - мүгедектік 

Уинстон Черчилль

Алдымен терминді жіті түсініп алайық. Перфекционизм бір сөзбен айтқанда, адамның өз ісінің мінсіз болуына талпынуы. 

Перфекционистің ең алдымен өз-өзіне деген талабы жоғары болады, қолына алған кез келген нәрсені барлық жағынан мінсіз етіп орындауға күш-жігерін салады. 

  • Перфекционистің жақсы жағы

Көбіне мұндай адамдар жұмысын мінсіз қыламын деп, алға қарай тынымсыз тырмысып отырады. Мысалға жазып отырған қағазын умаждап қоқыс жәшігіне лақтырып, одан да жақсысын жазам деп қаламын қолына қайта алған жазушыны келтіруге болады. Перфекционизм адамды бір орында тоқтап қалмай, үздіксіз дамуға итеріп отырады. 

  • Перфекционистің екінші ұшы

Ол мынада. Перфекционист бәрінің мінсіз болғанын қалайтындықтан, кемшілікті қабылдай алмайды. Соның ішінде, бірінші кезекте өзінің кемшілігін мойындамайды. Кішкене қателік жіберсе, сол үшін өз-өзін жазғырып, "қателесуге құқым жоқ" деп есептейді. Оның өз айналасындағы адамдарға деген талабы да дәл осындай болады.

Ата-анасы қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқытпай, аялап өсірген балалар өсе келе нағыз перфекционистке айналып жатады. Мектепте үздік оқып, үнемі бірінші болып үйреніп қалған адамдар әркез озық болуға талпынып, жеңіліп қалса, өмірінің соңы келгендей қайғырып, өз-өзін жегідей жейді. Бұндай адамдар қоршаған ортадан бөлектеніп, жүрегінің түбінде өзін өзгешемін, ерекпін деп есептейді. 

Бәсекелестіктің туы желбіреген қазіргі қоғамда екінің бірі перфекционист. Екінің бірі оқуда, сабақта, жеке өмірде идеалдыққа ұмтылады. Бұл жағынан карьеристке де ұқсап кетеді. Бір сәт жетістіктің шыңына шарықтаған жақсы-ау дерсіз, ал жан-дүние шипагерлері - психологтар перфекционизмнің адам бойынан табылуын құптай қоймайды. 

Александр Македонский - перфекционист. Күллі әлемді жаулап алсам деді. Жұмыр жердің аяқ астында жатқанын көкседі. Егер ол 32 жасында о дүниеге аттанып кетпегенде, бұның арты не болар еді?.. Психологтар перфекционист адам үнемі өз ісінің мінсіз болғанын қалайтындықтан, үнемі өз-өзіне қанағат қылмай, көңілі жайланбай жүреді дегенді айтады. Перфекционизм қазіргі заманның әйелдері үшін қауіпті дерт деген де пікір бар. Сұлулық үшін құрбандыққа баратын ханымдар мүсінінің мінін көріп қалса, одан арылмайынша, жай таппайды. Ерлер де, әйелдер де жеке өмірінде перфекционист болса, бұл өз өмірін өз қолымен құртуына әкелуі мүмкін. Идеалдыққа ұмтылатын жандар жартысының бойынан қандай қасиеттер іздейтінін шамалап отырған шығарсыз...

"Не бәрі, не ештеңе". Бұл перфекционистердің ұраны. Не ісінің түбіне дейін жетуі керек, не ойындағысындай шықпаса, оны түбегейлі құртуы керек. 

Идеалдыққа ұмтылу дұрыс емес демейміз. Адам өз ісін мүмкіндігі жеткенше, шама-шарқынша жасап, өз-өзін кемшілігімен қоса қабылдай алуы керек. Әлемде ештеңе де мінсіз емес. "Кемшілік жібермейтін адамнан қорық" дейді. "Аяз би, әліңді біл, құмырсқа жолыңды біл". Дер кезінде тоқтап, қабілет-қарымын бағамдай алса болғаны. 

Ал сіз перфекционист емессіз бе?

сурет: work-blog.com, kamelek.com

М. Оңғарова