Еңбек демалысына дайындық

Еңбек демалысына дайындық

Еңбек демалысын "көптен күткен ұлы той" деп айтсақ та болады. Біріміз өткен демалысымыз біткеннен бері осы күнді сарыла күтіп жүрсек, екіншіміз, жаз басталысымен жоспарлар құрып, орындау үшін күн санап жүрміз. Кеңсеге қарай сүйікті ісіңізбен айналысу үшін асығып келетін болсаңыз да, демалыс керек. Бұл ағзаға да, жұмыс үдерісіне де пайдалы болмақ.

Иә, демалыс деген жақсы, бірақ көзді ашып-жұмғанша өте шығатыны өте өкінішті. Сондықтан, еңбек демалысының иісі сезіле бастағаннан-ақ, тізім құра бастаңыз, сонда уақытты ұтымды пайдаланасыз.        

Қазақтың қыз-келіншектері еңбек демалысын шетелде, басқа қалада өткізе бермейді. Айлықты қолға алысымен, барлығын жаратып алып, ай бойы үйде жататындар қатары көп. Онан кейін бір ай тағы «тегін» жұмыс істейтініңіз бар.

Бұл – сіздің таңдауыңыз. Жыл бойы есесі кеткен ұйқыны, энергияны қайтарып алғым келеді десеңіз, біз сізді райыңыздан қайтармаймыз. Сіздің туыстарыңыздың, әріптестеріңіздің не айтатыны маңызды емес. Мұндай жағдайда да, алдын ала жоспар керек. Мәселен, шкафты жылжыту, киімдерді ретке келтіру, гүлдерді жаңарту т.б.

Дайындық туралы кеңестерімізді ұсынбас бұрын, бір нәрсені баса айтқымыз келеді. Қандай жағдай болса да, жағдайды өзгертуге тырысып көру керек. Анталияға немесе Тайландқа бармасаңыз да, басқа қаладағы туыстарыңызға, ауылға барып келуге болады. Бүгінде еліміздің бас қаласы Астана әлем саяхатшылары іздеп келетін туристік мекенге айналды, ендеше неге сізге бармасқа?       

Еңбек демалысы – бұл кішкентай өмір...


Дайындық үдерісін әдемі блокнот сатып алудан бастаңыз. Жалпы осындай блокноттың отбасына ортақ тағы біреуі болғаны дұрыс. Мұнда сіздер отбасыларыңызға ортақ дүниелерді жазасыздар, осы арқылы бауырларыңыз, балаларыңыз ісін алдын ала жоспарлап, тыңғылықты атқаруды үйренеді.

Жоспар жазуға кіріспес бұрын демалыс орнын анықтаңыз. Сіз онда қанша уақыт боласыз? Қалада боласыз ба, саяхаттайсыз ба? Дайындық барысы осы сауалдардың жауабымен тығыз байланысты. Қалада қалсаңыз бос уақытты түрлендіру керек. Бұрын мүмкіндік болмай жүрген орындарға, мәселен, театрға, SPA-орталыққа немесе қала сыртында тұратын құрбыңызға барыңыз. Жан қалауымен болған нәрсенің бәрі ләззат сыйлайды.

Кейінге қалдыруға болмайтын маңызды нәрселер болса, еңбек демалысының бірінші бөлігінде орындап тастаңыз. Иығыңызда жүк тұрса, демалыстың мәні де болмайды. Немесе басқа қалаға кеткеніңізде, шұғыл қиындықтар шығып қалса, қайта оралуға тура келеді.

Демалысыңыздың бір бөлігін денсаулығыңызға арнаңыз. Поликлиникаға немесе медициналық орталыққа жүгініңіз, стоматологқа қаралыңыз. Жазда жеміс-жидектер көп болатындықтан, ағзаңызға қажетті дәрумендерді алып қалуға тырысыңыз. Ағзаңызда тазалау үшін, жеміс-жидек диетасына отырыңыз.

Үйіңізге бастан-аяқ тазарту жұмыстарын жүргізу керек. Демалыстан кейін таза үйге келу өте жағымды әсер қалдырады. Киімдеріңізді ретке келтіріңіз, керегін алып, қажетсізін тастаңыз немесе туыстарыңызға таратыңыз, балалар үйіне беріңіз.

Еңбек демалысы үшін түскен қаржыдан өзіңізге арнап бір нәрсе сатып алыңыз. Ертең демалыс мәресіне жетіп, қалта бос қалғанда, «Мен не істедім?», «Ақша қайда кетт?» дегенде осы дүние жаныңызға демеу болады.

Келесі қадам – үй жануарлары мен бөлме өсімдіктеріне байланысты сұрақтарды шешу. Үйде мысық немесе ит ұстасаңыз, таныс, сенімді адамға тапсырыңыз немесе арнайы орталықтарға барыңыз. Гүлдер «өздері» қала береді. Ол үшін ваннаға 2 сантиметрге дейін су құйып, онда гүл құмыраларын қойыңыз. Бұл су сіз келгенше жетуі керек.

Қарыздарыңыздан құтылыңыз. Қарызды ойлап демалу демалыс емес. Әсіресе, коммуналдық квитанцияларды төлеп тастау керек. Демалыстан кейін екі айға бірден төлеп, өзіңіз қиналып қаласыз.

Ғаламторды біржола өшіріп тастаңыз. Алайда, шетелге баратын болсаңыз, туған-туыспен байланысқа шығу керек болады немесе жаңалықтарыңызды, саяхат барысында түсірген суреттерді жариялайсыз. Бірақ, мөлшерімен пайдаланыңыз, миды тынықтырут жолдарын іздеңіз.

Жүк, құжат мәселесін алдын ала ойластырыңыз. Сапалы чемоданды қысқы арзан сатылымдардан, мерекелік акциялардан алуға болады. Чемодан ешкімге ешқашан артық етпейді. Мұнымен қоса, жолға арналған дәрі қобдишасын дайындаңыз. Ауруды басатын, ыстықты түсіретін дәрілерді, орағыш, мақта, аллергияға қарсы дәрі-дәрмектерді алыңыз. Дымқыл сулықтар, күннен қорғайтын құралдар да осында болуы керек.

Ең соңында сатып алу керек заттардың тізімін жасап, дүкен аралауға шығыңыз. Ақшаңызды үнемдеу үшін, алдын ала барлық жағдайға керекті қаржыны бөліп жазыңыз және дүкен аралауға артық ақша алып шықпаңыз. Және демалыс бойында ақшаны үнемдеуге тырысыңыз.

Демалысыңыз сәтті өтсін!

Дайындаған: Бұлбұл Дәрібаева

Сурет:tvou-udeu.ru