Сенің неге қызың жоқ?

Сенің неге қызың жоқ?

Кеше ұжымдағы қыздар "Сенің неге жігітің жоқ?" деген тақырыпта жазба жазып, құрбыларына ақыл айтыпты. 

Сол жазбаны оқып болып, біздің де шабытымыз ашылып, "Сенің неге қызың жоқ?" деп жігіттермен әңгіме-дүкен құрғалы отырмыз. 

Шыны керек, жігіттің қызының жоқ болуының себебі өте көп болуы мүмкін. Яғни, себеп-салдардың барлығын тізіп жататын болсақ, шегіне жете алмаймыз. Сондықтан негізгі деп тапқан аргументтерімізді ғана айтып, назарларыңыздан өткізгелі отырмыз. 

  1. Сен "тормозсың!". Күлмей тұра тұр, бауырым! Расында жасқаншақтығыңның себебінен қызбен жақындап танысу немесе араласу қиынның қиыны болып көрінеді. Біздің айтарымыз мынау. Өмір бір-ақ рет беріледі. Оның үстіне тым қысқа. "Ана қызбен нені сылтау қылып таныссам екен?" - деп шақшадай басың шарадай болып жүргенде жасың да келеді, заманың да өтеді. Ұнатқан қызыңа ебін тауып, әдемі қадамдар жасаудан қорықпа.
  2. Тым асығыссың! Бұл тура кешегі қыздардың әңгімесі секілді. Таныспай жатып, отбасылық өмір мен бала-шаға туралы әңгіме айтудан аулақ болған жөн. Сонымен қатар "үйдің басшысы еркек, қыз жұмыс істемей, үйде отыруы керек" деген секілді радикалды пікірлермен қызды шошытудың да қажеті жоқ. Ақылы бар қыз ненің бұрыс, ненің дұрыс екендігін сен айтпасаң да түсінеді. Біздің басты миссиямыз оның ойлау жүйесі мен пікірлерін еппен, ымын білдірмей біліп алу ғана. Ал қарым-қатынастың дамуы табиғи түрде жүруі тиіс.
  3. Тым идеалиссің немесе догматиксің! Шынайы өмір мен жазылып жүрген көркем туындылардың арасында көп айырмашылық болатынын есі дұрыс азамат білу керек. Киноларда сипатталып жүрген "ұлы махаббаттар" көрерменнің ыңғайына қарай жасалатын дүниелер ғана екендігін ескеру керек. Сіз бен біз идеал тұтатын Ромео мен Джульеттаның арасында "үй жинауға көмектеспейсің" деген секілді тұрмыстық кикілжіңдер болмады деп ойлайсың ба? Өмірге шынайы қарайтын уақыт жетті. Айтқаныңнан шықпайтын сызылған Қыз Жібекті іздесең, өмір бойы сүр бойдақ болып өтерсің. Біздің басты мақсат - өте әккі саясатпен арадағы кикілжіңдерді шешіп, алдын алып, отбасын басқара білу. 
  4. Өзіңе не керек екенін білмейсің! Өмірде кез келген адамның білуі керек аксиомасы мынау: "Барлық адам бірдей емес және қарым-қатынаста қатып қалған ереже жоқ". Жалпы қоғамда отбасылық қарым-қатынастың формалары туралы ортақ, қатып қалған түсінік қалыптасқан. Біздің ойымызша, бұл тұрғыда ешқандай ережеге бағынудың қажеті жоқ. Мәселен, айтқанына көне беретін қыз бір жігітті бақытты етсе, эмоцияны жақсы көретін жігіттерге бұндай қарым-қатынас ұнамауы мүмкін.
  5. Жауапкершілікпен кел! Әрине, бұл пункттерді оқып алып, көрінген қызға тұра шап демейміз. Отбасылық өмір біздің бақытты болуымыздың немесе болмауымыздың басты кепілі. Сондықтан "осы қыз болады-ау" деп бір тоқтамға келген күннің өзінде, өмірлік көзқарастар мен өмірлік түсініктеріңіздің сәйкестігін асықпай зерттеп алған жөн болады деп ойлаймыз.

P.S. Айтпақшы... Массагеттің қыздарына бір көз салып қоюды да ұмытпа, бауырым! Бағың онлайннан табылып қалар, қайдан білесің?

Көрнекі сурет: mail.ru