Қарым-қатынас: кездесулер жалғасын тапсын десең...

Қарым-қатынас: кездесулер жалғасын тапсын десең...

Адамдар неге SMS-пен қарым-қатынасқа нүкте қояды? Интернеттегі таныстықтар неге нағыз кездесулермен аяқталмайды? «Заманауи қыздарға арналған бақытты қарым-қатынас құпиясы» кітабының авторлары Эллен Фейн мен Шерри Шнайдер қыздардың жіберетін қателіктерін саралап, көбіміздің жаңа технологияларды дұрыс пайдалана алмай жүргенімізді атап өтіпті. Біз сол кеңестерді сіздерге ұсынып отырмыз.

Интернет пен ақылды телефондар заманында жігіттер қыздарды тәуліктің кез келген уақытында тауып алатын деңгейде. Демек, біз қолжетімді нысанаға айналдық. Енді не істеу керек? Цивилизация игілігінен бас тартамыз ба? Жоқ, әрине. Кішкене күш салсақ бәрін ұтымды пайдалануға болады және ханзадаға тұрмысқа шығу да қиындамайды.

№1 ереже: оны шақырма

Бірінші кездесуден кейін жігіт өзі бірінші болып хабарласуы керек. Егер сен қарым-қатынасқа жағдай жасап, қарапайым «Сәлем. Қал қалай? Көрінбей кеттің ғой. Бәрі жақсы ма? Бір жерге барсақ қайтеді?» деген SMS жазсаң, бұл айла іске аспайды. Сонымен қатар фильмге, концертке артық билеттер де – бұл жағдайда артық. Бұл әдіс әрі кетсе болмашы уақытқа ғана жарайды, ал кейін жігіт бәрібір бұл қарым-қатынасты үзеді. Неге? Өйткені егер ол хабарласпаса, жазбаса, демек қарым-қатынас ол үшін баяғыда аяқталған. Бәлкім, ол бірінші болып жазғысы келетін қызды кездестіріп қойған шығар.

Сондықтан, бұл саған ұнаса да, ұнамаса да, оның бірінші болып хабарласқанын, жазғанын, әлеуметтік желіде достық ұсынғанын күту керексің. Бірінші болып жазу – қолға оңай түсетін олжа болу. Егер жігітпен кездесу үшін небір айла-тәсілдерге баратын болсаң, мұндай одақ көпке шыдамайды. Жігіттерге оны бірге жерге шақыруға қолы тимейтін, оны онша елемейтін қыздар қызық.

№2 ереже: асықпа

Қарым-қатынасқа қарқынды сен бересің, сондықтан, егер жаңа танысың саған ең алғашқы SMS-ын жазса, бірден жауап жазуға кіріспе. 4 сағаттан 24 сағатқа дейін уақыт соз. Көбіңіз – бұл ақымақтық, дөрекілік қой дейтін шығарсыздар. Олай емес. Егер сенің жасың 20 мен 25 арасында болса, демек сен оқисың, жұмыс істейсің, йога немесе фитнес-клубқа барасың, достарыңмен кездесесің. Сенің жұмысың көп, телефонда өмір сүрмейсің. Сондықтан, егер SMS күннің бірінші жартысында келсе, түскі істеріңді бітіріп, содан кейін ғана барып жауап жаз. Жігіт түсте хабарлама жазды ма? Кешке сенің өз жоспарларың бар, кешкі астан кейін жауап бер. Егер SMS кешке келсе, келесі күні жауап жаз. Сенің кешкі уақытың телефонға шұқшиып отыруға емес, қызықты істерге арналған.

Есіңде болсын, жасың ұлғайған сайын атқаратын істерің де жұмысың да көп, демек бұдан да ұзақ уақыттан кейін жауап жазуың керек. Егер жасың 30-да болса, SMS-ке кем дегенде 12 сағаттан кейін жауап жаз.

Демалыс күндері ешқандай SMS-чат жасама! Бұл күндері сен әрдайым бос емессің. Тек жігіт қандайда бір шараға билет алып, сені шақырған болса, ерекшелік жасап, баратын, не бармайтыныңды айтып жауап жазуға болады.

Және есіңде болсын, хабарламалар арасында міндетті түрде үзіліс болуы керек. SMS жібердің бе, келесісіне кем дегенде бір сағаттан кейін жауап бер. Жасың үлкен болған сайын – үзіліс те ұлғая беру керек.

Қарым-қатынастарың орныққан шақта, тактиканы өзгертіп, кейде 5, кейде 30, ал кейде 60 минуттан кейін жауап жаз. Сен өз жұмбақтығыңды жоғалтпауың керек.

Бұл кесте не үшін қажет, және SMS келген бойда неге жауап бере салуға болмайды? Жауабы – қарапайым. Егер сен барлық істеріңнен бас тартып, онымен чаттасып уақыт өткізсең, демек, атқаратын ісің жоқ. Онымен хат алмасу барлық істеріңнен маңызды, және өміріңді әрлендіретін де тек оның жазған SMS-тері. Сен – оңай олжасың.

№3 ереже: бірінші болып қаш

Жазысып жатып, тезірек қоштас. Не үшін? Жігітке өзің жайлы көп нәрсе айтып қоймас үшін және оны қызықтырып қою үшін. Facebook-те немесе SMS-пен сөйлескенде, 10-15 минуттан кейін жоқ болып кет. Бұдан кейін әрі қарай сөйлесу үшін жігіт сені кездесуге шақырғысы келетін болады.

Егер бұл әдіспен дөрекі көрінемін деп ойласаң, жігіттердің әңгімені оңай үзетінен еске ал. Әңгімелесіп келе жатып, үйіне қонақтар келіп қалғанын немесе футбол көруі керек екенін сылтаурататын сәттері аз емес.

Қыздар болса, әңгімені бітірмей жатып қоштасса, жігіттен айрылып қаламын деп ойлайды. Жігіттің оған деген қызығушылығы басылып қалады деп қорқады. Мүлде олай емес! Егер оған сенің келбетің ұнаса, ол өзі бірінші болып жазса, онда ол сенімен қарым-қатынас орнату үшін барын салады. Ал егер ол жазбай кетсе, демек, сен оған қатты ұнаған жоқсың.

SMS немесе онлайн-әңгімені ыңғайлы жерден үзуді күтпе. Ол сәт қашан туатыны белгісіз ғой? Тәуекелге барып, оның бірінші болып әңгімені доғаруына мүмкіндік берме. Уақытты бақылап, таймерді 10-15 минутқа қой да, «Кешір, маған кету керек» деп әңгімені доғар. Сенің қайда кеткеніңді ойланып қалсын.

№4 ереже: түнде үндеме

Түн жарымнан кейін оның қоңыраулары мен хабарламаларына жауап жазба. Бұл ережені ұстанбайтын қыздар кейін жайсыздыққа ұрынады: жігіттер түннің бір уағында оларға хабарласатын болады, ал кейде тіпті мас күйінде.

Түнде айтылатын әңгімелердің көбі – бос сандырақ.

№5 ереже: алғашқы қадам жасама

Ұнатқан жігітіңе әлеуметтік желіде бірінші болып достық ұсынба. Бұл бірінші болып танысумен бірдей. Ол сенің қызығушылығыңды байқап, оңай олжа екеніңді сезеді.

Егер жігіт өзі достық ұсынса, жауап берместен бұрын 24-тен 48 сағатқа дейін уақытты соз. Әлеуметтік желіде отыратын уақытың жоқ екен деп ойласын.

Оның парақшасына хабарламаларды өте сирек қалдыр, әр суреті мен статусына лайк баспа. Оның парақшасына хабарлама қалдыру дегеніміз – әлемге оны ұнататыныңды жар салу. Бұл ашық әрекетіңмен оның достарына, таныстарына өзің жайлы мәлімдеп, романтиканы бұзасың. Бұл жариялылық пен театралдылық жақсылыққа апармайды.

Өз парақшаңда да ойыңды ашық айтып, ештеңе жазба. Жігіттер сенің немен айналысатыныңды, кездесулер арасында уақытты қалай өткізетініңді білмеуі тиіс. Статустарды жиі жаңарту, қандай фильм қарап жатқаныңды, не жегеніңді, қайда бара жатқаныңды мәлімдеп отыру құпиялылығыңды жоққа шығарады. Ал бұл жаңа қарым-қатынаста ең керегі.

Бұған қоса, мезі болған афоризмдер мен дәйексөздерден аулақ бол. Өмірден шаршағаныңды, өмірдің қызықсыз екенін жазба. Мұның бәрі сенің бос жүрген адам екеніңді көрсетеді.

№6 ереже: анкетаны дұрыс толтыр

Әлемде миллиондаған қыз өз бақытын танысу сайттарынан тапты. Күмәншіл адамдар не десе де, бұл мүмкін нәрсе. Алайда арты жаман аяқталған және ештеңемен аяқталмаған танысулар да аз емес. Неге бұлай болады? Өйткені, бір қыздар анкетасын дұрыс толтырмайды, ал басқалары – онлайн-әңгімелесу кезінде қателіктер жібереді.

Сонымен, алдымен лақап ат ойлап тап. Бірақ Әсел29 деп емес, ерекшелік таныт. Танысу сайтындағы лақап ат – бұл шығармашылық қырыңды көрсету, ерекшелігіңді таныту. Лақап атта өзіңнің ерекшелігің жасырынған болсын. Мысалы, қарақат көзді заңгер. Сырлы әрі тартымды естіледі.

Лақап атты таңдап болған соң суретке көш. Тауарды анық көрсету керексің. Бір портрет сурет және бойың толық көрінетін бір немесе екі сурет сал. Осы жетеді.

Өзің жайлы барынша қысқа мәлімет бер. Сен жайлы толық ақпаратты жігіт кездесу кезінде білуі тиіс. Сенің биографиялық трактаттарың мен өлеңдеріңді ешкім оқып отырмайды. Профиліңде сенің мамандығың, қызығушылығың, сүйікті фильмдерің, спорт түрі, сүйікті тағамың жайлы ғана мәлімет болуы керек. Болды. Қалғаны жайлы жеке кездесуде әңгімелеп бересің.

№7 ереже: қысқа жауап бер

Онлайн-таныстықтардың басты ережесі: ол өзі бірінші болып жазады! Сен бірінші болып хабарлама немесе смайлик жібермейсің, лайк баспайсың.

Егер ұнаған жігіт профиліңді көріп кетсе, бірақ саған жазбаса, бастаманы өз қолыңа алма. Жазғысы келсе, сол кезде жазар еді, немесе кейін жазғанын күт.

Онлайн-профильдегі жазбаға жауап беру де – өнер. Саған хат алмасып жүретін дос қажет емес, сондықтан әрдайым қысқа жауап бер.

Егер жігіт төрт хат алмасудан кейін кездесуге шақырмаса, демек ол сенің уақытыңды алып жүр немесе саған деген қызығушылығы орташа, не үйленген, жүріп жүрген қызы бар болуы мүмкін.

Қарым-қатынас орнатудың басқа да түрлеріндегідей, жаңа танысыңның хабарламасына жауап берместен бұрын кем дегенде төрт сағат өтуі керек.

Егер, «Сәлем. Өте әдемі екенсің. Бұл сайтта қай уақыттан бері отырасың? Ортақ дүние көп сияқты. Менің профилім ұнады ма? Қарап көр» деген хабарлама алсаң, оның профилін әңгіме қылудың қажеті жоқ. Қара да, қысқаша: «Сәлем. Рақмет. Қызықты адам сияқтысың» деп жауап бер. Мұндай хабарлама оны тағы да саған жазуға итермелейді.

Көп сөйлеме. Егер жігіттің саған деген сұрағы көп болса – кездесуге шақырсын. Әйтпесе таныстықтарың тек онлайн-әңгімелесу деңгейінде қалады және соңында кездесуге әкелмеуі де мүмкін.

Сурет: dinamusina.com, ps-shtychki.ucoz.ru

Дайындаған: Анар Мұстафина

Оқи отырыңыз:

Алғашқы кездесу (қыз көзімен)

Алғашқы кездесу (жігіт көзімен)

Қыз бен жігіттің қарым-қатынасы: Қате қағидалар!

Бақытты қарым-қатынастың заңдары

A. Mustafina