Еркектер макияжсыз әйелдерді таңдайды

Еркектер макияжсыз әйелдерді таңдайды

Бэнгор университетінің зерттеуші ғалымдары нәзік жандыларымызға косметиканы белсенді түрде қолданбауға кеңес береді. Шетелдік Meddaily басылымы таяуда ғана жүргізілген сауалнама нәтижесін жариялады. Нәтижесінде, ер азаматтардың жеңіл макияжға ие немесе мүлде боянбайтын қыздарды ұнататындығы анық болды.

Яғни, білектілер қауымы косметикалық өнімдерді 40%-дан кем пайдаланатын әйелдерді таңдап отыр. Бұл сауалнама ауызша да, әлеуметтік желідегі фотосуреттерге дауыс беру арқылы да жүргізілген.

Енді жігіттің жүрегін бес елі бояумен жаулаймын деген қыздарымызға ойларын өзгертуге тура келеді.


Осыдан біршама уақыт бұрын жүргізілген тәжірибелік жұмыс барысында әйелдердің 80%-ы серігіне бояусыз түрін көрсету үшін бір ай уақыт күтетіні анықталған. Сондай-ақ, қыздардың  17%-ы екі ай, 16%-ы жарты жыл, 8%-ы бір жыл бойы шынайы түрін жасырса, 3%-ы өмір бойы бояусыз кейіпте жігіттің алдына шықпайды екен.  

Ғалымдардың жаңалықтары мұнымен бітпеді. Олар әйел затының үштен бірі жасырын боянып үлгеру үшін күйеуінен жарты сағат ерте тұратынын айтады. Ал таныстықтары енді ғана басталған бұрымдылардың 60%-ы беттегі макияжды мүлде өшірмейді екен. Ал тұрмыс құрған қыздың әрбір бесіншісі күндіз ғана емес, түнде де боянып жататын көрінеді.

Барлық әйелдердің 58%-ы макияжсыз түрін жігітке көрсетуге қорқады, олардың барлығы да косметикаға арқа сүйеп, оның өзін сұлуландыратынына сенеді. Қыздардың 28%-ы макияжсыз әйелге жігіттердің оң көзқарас танытуын доғаратынын, 2%-ы мүлде суып кететінін айтып отыр.

Солай, жігіттер мен қыздардың ойы екі жақтан шығып отыр. Кімдікі рас? Кімдікі жаңсақ? Ой қоса отырыңыз...

Сөз соңында қазақ жігіттеріне: "Сізге макияжсыз қыздар ұнай ма?" деген сауалды қойғымыз келеді. Ендеше, жауап сізден болсын!

Дайындаған: Айгерім Сматуллаева

Сурет: vk.com