Адамның ақылға қонымсыз мүмкіндіктері

Адамның ақылға қонымсыз мүмкіндіктері

Әр адамның дене мүшесінің өзіндік ерекшеліктері болады. Адамның мүмкіндігі қандай екенін білгіңіз келсе, төмен қарай көз жүгіртіңіз.

1. Біздің миымыз төменгі температурада денемізді жылыта алады екен. Мәселен, Тибетте минустық температурада денесіне сулы киімдерді орап кептіретін адамар бар. Олардың өз ұйымдары да бар екен. Монахтар бұл істі медитация мен күш-жігерінің арқасында жасайды. 2013 жылы тибеттіктер қарапайым еуропалықтарға бұл әдісті үйретуге тырысыпты. Қатысушылар зерттеу барысында өз денелерінің белгілі бір мүшелерінде «оттың тілін» сезуді үйреніп, төменгі температурада өз-өздерін жылыту қасиетіне ие болған. Бірақ олар тибеттік монахтар жасаған дымқыл киімді құрғату деңгейіне дейін жете алмаған екен. Мария Кожевникова есімді дәрігер бұл құбылысты термогенезис деп атапты. Бұл атаудың мағынасы адам денесіндегі суыту механизмдеріне тосқауыл қойылуы және қан тамырларының кеңеюі дегенді білдіреді.

2. Адамның дене буындары ауа райын болжай алады. Әрине, жасы келіп қалған адамдар бұл «мүмкіндіктің» өзінде болғанын қаламайтыны анық. Күннің бұлттанып, күңіренген кезінде қарттардың тізе, қол буындары сырқырайтынын білеміз. Ауа райының адам буындарына әсер етуі толық зерттелмесе де, жүргізіліп үлгерген бірқатар зерттеулердің нәтижесінде адам сүйектерінің сынуы, буындардың тайып кетуі (шығуы) ауа райына тікелей қатысы бар екенін дәлелдеген. Сонымен қатар, ауа қысымының жамбас буынын тұрақтандыруға көмектесетіні анықталған. Ал суық температура адам буындарында болатын сұйықтықты қалыңдата алады екен.  

3. Адам баласы бір автокөлікті көтере алатын жағдайға дейін күшін арттыруы мүмкін. Интернет бетінде 900 келі салмақ тартатын көлік атасын басып қалған сәтте автоны көтеріп алған жас жігіт туралы ақпарат тарап кетті. Міне, психологиялық жұмыстар жүргізілсе қас-қағым сәтте ауыр күш иелерінің ғана қолынан келетін іс жасауға әркімнің де мүмкіндігі бар екен. Men’s Health ерлер журналының ғылыми қызметкері Дэвид Пирсон бұл құбылысты былай түсіндіреді: «Қандай да бір дене жаттығуы кезінде ми бұлшықеттердің шамадан артық жұмыс жасамауын бақылап, белгі береді. Мидың мұндай қызметі болмаса, жарақат алу оңай болады. Бірақ ми бақылауының бұл қызметі көп адам мүмкіндігін минимумға дейін төмендетіп, адам кей сәттерде ғана өзі білмейтін ғажаптарға баруы мүмкін». Бұл құбылыс әлі де көп зерттеуді талап етеді, себебі лабораториялық жағдайда адамның үлкен күш иесіне айналып шыға келуі екіталай. Бірақ дәрігерлердің жасаған қорытындылары бойынша, алып күш иесіне айналып шыға келген жас жігіттің қайта орта деңгейге түскеннен соң денсаулығында ешқандай да ақау сезілмеген екен. Бұл дегеніңіз болашақта адам баласының денесін зерттеу барысында өте зор күшті талап ететін жұмыстарды атқаруға мүмкіндігіміз болады дегенді түсіндіреді.

4. Ми бәрін де есте сақтайды. «Фотографиялық есте сақтау қабілеті» деген тіркес халық арасында кең таралып жүрсе де, мамандардың пікірінше, бұл тек аңыз ғана. Десек те, осыған ұқсас гипертимезия деген құбылыс бар. Бұл – адамның өз өміріндегі сәттерді бір де бір кемшіліксіз еске түсіру қабілеті. «Титаник», «Айдағы адам» («Человек на Луне») фильмдері арқылы таныс актриса Мэрилу Хеннердің осындай қасиеті бар. Бұл құбылыс тек кейбір адамдарда кездессе де, ғалымдар қарапайым адам да көптеген әрқилы әдістер арқылы есте сақтау қабілетін жақсарта алады дегенді айтады. Мәселен, 2006 жылы АҚШ-та есте сақтау ойынында қарапайым журналист Джошуа Фоуэр жеңіп шыққаны білесіз бе?

5. Жүрегіміз болашағымызды болжай алады екен. Жүрек сіздің лотореядан қай билеттің ұтысты екендігін айтып бере алмайды. Ал бірақ қолыңызда шын мәнінде ұтыс шығатын билет болса, миыңыздан бұрын оны жүрегіңіз бірнеше секунд бұрын біліп, дабыл қағады. 2012 жылы Frontiers of Perception журналында қызықты бір зерттеу жарияланыпты. Ғалымдар бұл зерттеуде қатысушыларға маңызды және ешқандай да маңызы жоқ суреттерді кезек-кезек көрсетіп отырған. Сонда адамдардың жүрегі маңызы бар суреттерді көру алдында қатты соғып, ғалымдар мұны ғылыми түрде құбылыс ретінде тіркеп алған. Ал түк те маңызы жоқ суретті көрер алдында адамдардың жүрегі қатты соқпапты. Ал мұны қалай түсінуге болатынын зерттеуді болашақтың ғалымдарына қалдырайық.

Дайындаған: Ардақ Құлтай

Дереккөз

Сурет: menslife.com

А. Құлтай