Тест: "Ақша - өмірдің мәні ме?"

Тест: "Ақша - өмірдің мәні ме?"

Адам баласы «Әлемді не басқарады? Махаббат па? Аштық па әлде ақша ма?» деген сұрақтардың төңірегінде ғасырлар бойы ойланып келеді. Техникамыз күн санап дамып, біліміміз мың мәрте артса да, өкінішке орай, бұл сұрақтың дәл жауабын анықтай алмай келеміз. Әрине, бұл сұраққа әркім өмірлік тәжірибесіне, осы күнге дейін көрген-білгендеріне сүйеніп жауап беретіні анық. Алайда арасында адасып жүргендер де аз емес. Қалталы азаматтардың жағдайы жоқтарға қол созып, көшеде қайыр сұрап тұрғандарға ақша беретініне сенесіз бе? Немесе дәл осы жағдайда 1 тиынына дейін санап отыратын әпкелеріміз мейірімділік таныта алмайды деп ойлайсыз ба? Ал өзіңіз ше? Әлеуметтік-тұрмыстық жағдайы төмен адамға тұрмысқа шығуға дайынсыз ба? Немесе ақшаның соңында жүріп туған-туысқандарына көңіл бөле бермейтін ағаңызды шын жүрекпен жақсы көре аласыз ба? Бұл сұрақтардың жауабын бүгінгі тестіміз анықтауға көмектеседі.


1. Өз қаражатыңызды қарызға кірмейтіндей реттеп отыра аласыз ба?

А) Әрине қолымнан келеді, әйтпесе оны жоспарлаудың не қажеті бар - 0

Ә) Ешкімнен қарыз алмаймын деп айта алмаймын, алайда қолымнан келгеннің барлығын жасау үшін тырысып бағамын - 1

Б) Үнемдеуге барынша тырыссам да, жоспарым жүзеге аспайды - 2

В) Ақшама қатысты барлық жоспарымды іске асырамын – 3

2. Достарыма тек мына жағдайдан кейін ғана қарызға ақша беремін:

А) 100% қайтара алатынына көзім жеткен кезде - 0

Ә) Артық ақшам болса міндетті түрде көмектесемін - 1

Б) Өзге таныстарымнан сұрасам да, тауып беремін - 2

В) Жақынымыз қысылғанда көмектесу парызымыз ғой – 3

3. Көшеде қайыр сұрап отырған адамның жанынан өтіп бара жатсаңыз:

А) Олардан жиіркенетінім соншалық, жандарынан жылдам өтіп кетуге тырысамын - 0

Ә) Олардың бұл істі белгілі бір дәрежеде бизнеске айналдырып алған деп ойлайтындықтан, ішімдегі жанашырлық пен адамгершілік сезімін тұншықтыруға тырысамын - 1

Б) Көңіл-күйім көтеріңкі әрі қалтамда артық ақшам болса, міндетті түрде беремін - 2

В) Қалтамда майда тиыным болса, беремін – 3


4. Өзімнің жұмысым ұнамайды. Себебі:

А) Жалақысы тым аз - 0

Ә) Ол менің оқыған мамандығыма сай келмейді - 1

Б) Бір жерде 8 сағат бойы отыра алмаймын - 2

В) Бұл мен армандаған жұмыс емес – 3

5. Менің ойымша, махаббат деген - ..:

А) Сезімтал адамдардың ойлап тапқан қиялы - 0

Ә) Екі жартының бір бүтін болуы - 1

Б) Қиялымдағы Жібегім мен Төлегінімді таптық деп жүргенімізде, Бекежандар мен перілерге жолығуымыз - 2

В) Махаббат деген – құдіретті сезім – 3

6. Мерекелерді төмендегідей атап өтуді жақсы көремін:

А) Бір дастарханның басында отбасыммен жиналып отырып бір-бірімізді құттықтау деп түсінемін. Бір шетінен шығын да аз болады - 0

Ә) Достарыңмен бірге жүріп атап өткенге не жетсін - 1

Б) Кез келген мейрамды шулатып жүріп атап өтемін деп жоспарлаймын. Алайда бұл жоспарларым үнемі орындала бермейді - 2

В) Жүрегіме жақын адамдардың ортасында өткізгенді ұнатамын – 3


7. Сүйіктіңізге сыйлық аларда қалай таңдайсыз?

А) Сыйлық күнделікті пайдалануға болатын әрі қолжетімді болуы тиіс - 0

Ә) Сыйлықты да ерекше ықыласпен таңдауымыз керек. Махаббатымыз қандай берік болса, сыйлықтарымыз да бірегей болады - 1

Б) Оның көптен бері қалап жүрген затын сатып алып беремін - 2

В) Талғамым керемет – 3

8. Төмендегілердің қайсысымен келісесіз?

А) Тиыннан теңге құралады, денсаулық, қанағат және рухани қажеттіліктердің өтелуі - 0

Ә) Ақшаға бәрін сатып алуға болмайды, алайда ақшамыз болмаса, еш нәрсе сатып ала алмаймыз - 1

Б) Ақшасы бардың қолында билік те бар - 2

В) Бар бақыт ақшада емес – 3

9. Құмар ойындар жайында не ойлайсыз?

А) Оларды ойнайтын адамдарды қамауға алса жақсы болатын еді - 0

Ә) Өзім құмар ойындарды ойнамасам да, оларды не үшін ойнайтындығын жақсы түсінемін - 1

Б) Бұл - менің сүйікті істерімнің бірі - 2

В) Күнде болмаса да, анда-санда ойнап тұруға болады – 3


10. Байлыққа қызыққандықтан үйленетін жандарға көзқарасыңыз қандай?

А) Қыз балаға жарасады, ал жігіттердің бұл әрекеті өз намыстарын қорлағанмен бірдей - 0

Ә) Болашағы бар отбасында үлкен махаббат пен аздаған ақша қоры болады - 1

Б) Әлеуметтік-тұрмыстық жағдайымды осылайша түзетіп алуыма қарсы емеспін - 2

В) Некеде махаббат пен сыйластық болмаса, көп кешікпей жастар ажырасып кетуі мүмкін – 3

Жауабы:

0-9 ұпайдың аралығы:

Байлық пен ақшаны өмірдің мәні деп ұғынасыз. Бойыңызда Шығайбайдың сараңдығы да бар. Әрбір жұмсалған шығын үшін жүйкеңіз тозып ауырасыз. Жақын достарыңыздың қарызға ақша сұрағанын ұнатпайсыз. Шамадан тыс үнемшілсіз. Сіздің жағдайыңыз «Дүниенің кеңдігінен не пейда, аяғыңда аяқ киімің тар болса» мақалымен ұқсас. Мол қаражатыңыз бола тұра, кедейдің күнін кешіп жүрсіз. Алайда біздің бұл ойымызбен келіспейсіз.

10-19 ұпайдың арасы:

Ақшаны жоспарларыңызды жүзеге асырудың құралы ретінде пайдаланасыз. Қаражатыңызды жақсы жоспарлап, қажеттіліктеріңізге жаратасыз. Сізді сараң деп айту қиын. Әрдайым ақшаның бақ емес, байлық екенін жақсы түсінесіз. Досыңыздың басына іс түсіп ауқымды көлемдегі ақша сұраса, ойланбастан бересіз. Және маңдай теріңізбен тапқан ақшаны желге ұшырмайсыз.


20-25 ұпай:

Сіз ақшаны қатты жақсы көресіз. Оған деген махаббатыңыз өміріңіздің соңына дейін жалғасатын секілді. Ақша қолдың кірі демекші, алақаныңызда ақша тұрмайды. Жастайыңыздан дүние-мүлкін сыйға тарта салатын туысым болса деп армандайсыз. Ақша табу үшін фантастикалық жоспарлар құрасыз. Сізге «Миллион табу үшін не істеймін?» немесе «Оны қалай тез құртамын?» сынды тықырыптарда шығарма жазуға берсе, барлығынан да күшті етіп жазар едіңіз. Осындай орындалмайтын армандардың жетегінде жүріп, бойыңыздағы мүмкіндіктерді сарқылтып алудасыз. Маңдай теріңізбен тапқан ақшаны, жылдам жұмсайсыз. Әмияныңыз әрдайым бос жүреді.   

26 ұпайдан жоғары:

Сіз секілді адамды өмірде бір-ақ рет жолықтыруға болады. Ақша атаулысын мүлдем ойламайсыз. Жерден ақша тауып алса бақыттан басы айналатын жандардың қатарында жоқсыз. Жоқшылықта өмір сүрсеңіз де, адамгершілік пен махаббатты бірінші орынға қоясыз. Тағдыр сізге бақыт пен байлықты молынан сыйға тартса да, өз қалпыңызда қаласыз. Ақшаның соңында жүретін адамдарға жаныңыз ашиды.

Дайындаған: Қарлыға Бүйенбай

Сурет: sihanoukvilla.ru

Қ. Бүйенбай