Қолын жоқтық байлаған адамның әдеттері

Қолын жоқтық байлаған адамның әдеттері

Кедейлік – бұл өмір мектебі. Осы өмір мектебінен шыққан адам кедейлікті өзінің шыққан жері деп санайды. Бұл материалымызда кедей сияқты ойлау жүйесін анықтап, олардан қалай арылу керектігі жайлы кеңес береміз.

«Кедей болғаныма көп те өткен жоқ. Өмірімнің бастапқы 18 жылында мен бала болдым, өз қолыммен ештеңе де өзгерте алмадым. Ал келесі 17 жылды сол бала күйінде өткіздім. Ол кезде мен ештеңе де өзгерткім келмеген. Мен ештеңеге де жылап-сықтап, өміріме өкіне бермеймін. Өз жолымды өзім таңдадым». Бұл Джон Чиздің сөзі. 35 жыл бойы Джон кедейлікте өмір сүреді. Ағынмен бірге жүзеді. Бірақ бұл жүрісі оған тағдырдың сыйындай болып келген керемет жұмыс қолға тигенде мүлдем басқаша арнаға түседі. Бұл оның өмірін түбегейлі өзгертеді. Қарны тоқ, көйлегі көк. Бірақ ол өзінің кедейлік психологиясынан арыла алмай-ақ қояды. Кедейлік дерт оның айықпас серігі болып алады.

Джон өзінің өмірлік тәжірибесі арқылы кедей адамның іс-әрекетін баяндайды.

1. Арзан тамақ

Кедей адамдардың тамақ таңдаудағы басты талабы екеу-ақ:

  • Баға
  • Және жарамсыздық мерзімі.

Біріншісі барынша арзан болуы керек, екіншісі – барынша ұзақ уақытқа арналған болуы керек. Сапасы? Дәмі? Өндірушісі? Бұларды тамақты сүйіп ішетін гурмандарға қалдырыңыз.

Азық-түлік аптасына бір рет алынады. Ал кейде одан да сирек. Олардың 90%-ы консервілер. Ал балғын жемістер мен көкөністер – өте қымбат. Ет? Еттің қажеті жоқ. Адам бәріне де үйренеді. Кей адамдар тіпті ақшасы болса да еттің дәмін көруге батылы бармайды. Үйреніп қалғаны соншалықты, балғын көкөністер мен жеміс-жидектердің дәмі біртүрлі болып сезіледі. Тіпті жағдайыңыз жақсы болып, ет жеп отырсаңыз да, роллтонның дәмін сағынатын кездеріңіз болады.  

2. «Артық» ақша

Кедей адамның әмиянындағы көп ақша – нонсенс саналады. Сыйақы, сыйлық, түскен пайда – егер ақша пайда болса оны бірден жарату керек. Бұл кедейлік аурудың белгісі.

Ал «қара күнге» қалдыру қолдан келмейді – күнінің бәрі де «қара».

Кедейлік өмір бір ғана күнмен өмір сүруге жетелейді.

Кедей адам рефлексті түрде дүкен не базарға барып тиын-тебеніне дейін жаратып тастайды. Ал келесі айда тұрғын үйдің коммуналдық төлеміне ақшаны қайдан алатыны жайлы ойланбайды.

«Артық» ақшаны демде жарата салу әдетінен құтылу өте қиын. Тіпті миллион ақша ұтып алған кедей оны бір аптаның ішінде жұмсап тастайды.

Парадокс – ақшаға мұқтаж адам оны сақтамайды, ал ауқатты адам ақшасы көп болса да үнемдейді.

Адам көп ақша таба бастаған кезде, оған ақшаны рационалды түрде жаратуды үйренуге тура келеді. Ол ақшаның «артығы» болмайтынын түсінуі керек, ақша қандай да бір өмірлік жағдайда қажет болып қалатынын білуі керек (көлік бұзылып қалды, тіс пломбасы түсіп қалды...).

3. Сыйлықтар

Егер адамда ақша жоқ болса оның сыйлықта еш шаруасы жоқ болады. Тіпті өз туған күні немесе біреудің кәсіби мерекесінде ескерткіш мүсіншелерден ары аса алмайды. Мұның үлкендерге еш маңызы жоқ. Ал бала кезде ше? «Міне, саған керемет спорттық аяқ киім әкелдім. Бірақ бұл келесі айда болатын туған күніңе». Егер жағдайы төмен отбасында өссеңіз, бұл сөз сізге таныс болуы керек. Мұндай жағдайда келесі айда болатын туған күнде сыйлық берілмейтінін білсек те, қолымызда тұрған жаңа аяқ киімді көріп, қуанамыз. Көп жағдайда киімге ақша таппай отырған отбасының балалары қымбат затқа қол жеткізуге тырыспайды. Ал бірақ ата-аналар жағдайы жақсара бастаса-ақ балаларының алдындағы борышын еске түсіріп, қымбат заттар әперуді жөн көреді. Ал кейде ауқатты отбасында бала дүниеге келген кезде «менің бала кезімде мұндай болмаған, менің бала кезімдегі жоқшылықты балама көрсетпеймін» деп, баласына қымбат заттар әперу де кедейлік психологияға «шалдыққан» адамның ісі.

4. Бухгалтерия

Ақшаны қайта-қайта санай беру де – кедейлік аурудың бір түрі. Әмияныңызда қанша ақша бар екенін білу, бір айлық азық-түліктің құнын ойша есептеп қою, әлдененің есебін түгендеп, жетпей қалса қайтемін деп уайымға берілу өміріңіздің айнасы болып қалады. Жоқшылықта өскен адамды «ақша бітсе қайтем?» деген қорқыныш торып, арыла алмауы мүмкін.

5. Қажетті затты ғана алу

Егер адам айлықтан айлыққа әрең жетіп жүрген болса өзіне қажетті затты ғана алады. Мәселен, жазда қысқы киімдерді арзанға сатып жатқан болса да, киім өзіне ұнап тұрса да ол ешқашан сатып алмайды. Егер өзінде артық ақша болса да кедей адам оны сатып ала алмайды. Себебі ол қысқа дейін өмір сүруге ақшаны қайдан алатынын білмейді.  

Ағасының я әпкесінің киімін тозығы жеткенше киіп өскен бала джинсы киімін жыртылған да немесе сыймай қалғанда ғана сатып алу керек деп ойлайды. Негізінде қандай киімді болса да алғысы келгенде алу керек.

Бұл әдет адам миын көпке дейін «торып» жүріп алады. «Жаңа аяқ киімді қайтемін? Ескісін қайта тіктіріп алсам да болады ғой!».

Тағы да парадокс: кедей психологиясы бар адамға тауар сатып алу – ләззат сыйламайды. Ақша болса да оны аяйды. Әсіресе өзіне қимайды. «Кедей болудың ең жаманы – кедейлік сіздің уақытыңызды алады» депті Виллем де Кунинг.

Кедейлік ойлану қабілетіңізді қалыптастырады. Ал оны өзгерту үшін кішкентай болса да әдеттерден арылу керек. Жоғарыдағы әдеттер тізімінен бірыңғай құтылсаңыз – өз-өзіңізге деген сенімділік пайда болып, ақша ұстай білетініңізге көз жеткізесіз. Себебі бұл «кедейлік» дертіне қарсы иммунитет!

Дайындаған: Ардақ Құлтай

Сурет: өңделген

А. Құлтай