Қоштасу кімге ауыр тиеді?

Қоштасу кімге ауыр тиеді?

Қоштасудың кімге де болса оңай тимесі анық. Біздің айтып отырған қоштасу – махаббаттың үзілгендегісі.

Көбіміз көбінде ұлдарға қарағанда қыз балалар қоштасқан соң сары уайым мен қимастыққа беріліп, айырылысуды ауыр көтереді деп ойлаймыз. Ал психологтар болса, бұл стереотиптің түк те негізі жоқ екенін айтып отыр. Қыз балалар айырылысудан кейін мұң, көп сағаттар бойғы үнсіздік, депрессия сияқты халге түсетін болса, жігіттер жағы тәртібін өзгертеді (бұзақылыққа барады, тәуекелге басын тігеді). Неліктен? Неге екі жақ та айырылысуды бірдей көтере алмайды деген сұраққа жауап іздеп көрелік. Мәселен, қыз балалар мұңайып, ішкі мұңы мен қайғысын құрбыларымен бөлісіп, көз жасын көрсете алады. Қоғам қызға жаны ашып, оның ісін құптайды. Ер жігіт болса мұндай эмоционалды «ләззатқа» бара алмайды. Сонымен қатар, егер қыз бала жігітті тастап кетсе, жігіттің қоғамдағы рөлі бірден түсіп, абыройсыз қалуы мүмкін.

Сонымен, екі жақ тарапқа да, қоштасудан кейін не істеу керектігі жайлы кеңес беріп өтсек дейміз:

1. Айырылысудан кейін болатын ең көп таралған қателіктің бірі – ұрыс-керіс шығарып, өзінің қатесін көрмеу.

Агрессия жеккөру, мәдениетсіздік көрсету, боқтық сөз айту, тіпті төбелес шығаруға дейін барады. Мұнда ерегестің жағдайды тек қиындататынын ескеру керек.

2. Өз қалауы мен көңіл-күйін ішке сақтау да қателік. Айырылысудан шығатын негативтің барлығы да адамның ішінде сақталмауы тиіс. Бірақ бұл дегеніміз ол біреуге сол жаман көңіл-күйді беруі керек деген сөз емес. Қанша шыдап баққанымен қырсық шалып, әйтеуір сол түсіңкі көңіл-күйдің ашуға, кейін тіпті зұлымдыққа ұласып кетуінен сақтану керек.

3. Тағы да бір қателік – қашқақтау. Айырылысқан соң адам баласы өзін құрбандыққа теліп, басқа ешкіммен емен-жарқын сөйлескісі келмейді. Біріншіден, ол тағы да айырылысудан қорқатын болса, екінші кезекте оған өзін құрбандыққа шалу қайғылы кинофильмдердің әйгілі кейіпкерлеріне ұқсатқандықтан боулы мүмкін. Жамандыққа қасақана өзін қиюдың орнына, әрқашан да жақсылық ойлап, кешегі қайғылы күнді ұмыту бақыттың нағыз өзі болмақ.

4. Регрессия. Бұл психологияда қиындыққа душар болған адамның өз-өзіне қастандық жасауы деп түсіндіріледі. Мәселен, шылым шегу, арақ ішу. Бірақ бұл әдістердің ешбір пайдасы жоқ екенін де ескергеніңіз абзал. Бұл әдістер тек жауапкершіліктен қашу ғана.

5. Рационализация. Айырылысқан адам туралы біржақты пікірде болып, оны жеккөріп кету. Мұның бір теріс қыры да бар – кешегі адам сіздің кешегі өміріңіз. Оны жамандап, сіз өзіңіздің өміріңізді де былғайсыз. Әрбір адамның теріс қасиеттері болуы заңды. Бірақ мұндайда адам өсек пен жамандауға жол бермеу керек.

6. Сублимация. Адам айырылысудан кейін өзін мүлдем басқа бір арнаға, тіпті басқа бір салаға бұрады. Мұның пайдасы – орасан зор. Себебі адам ештемеге назар аудармай, өзінің бар мүмкіндігін пайдаланып, нәтижеге қол жеткізе алады. Адам басқа бір салада жетістікке жете алады. Бұл теорияны да ғалымдар көп айтады.

Сонымен, біз бұл материалымызда сүйіктіңізбен айырылысқан соң қандай жағдайларға жиі тап болатынымыз туралы айттық. Қосымша, кеңестерді де бере кеткенді жөн көрдік.

P.S. Бастысы – әркім де бақытты болуға лайық. Осы сөзді ұмытпайық!

Дайындаған: Ардақ Құлтай

Сурет: vk.com

А. Құлтай