Бақыттың түрі көп екен

Бақыттың түрі көп екен

«Бақыт деген не өзі?» деп толғанбаған жан жоқ шығар. Оның жауабын философ та, психолог та, дәрігерлер де іздеп көрді. Осы сөзге нақты анықтаманы ешкім де бере алмады. Сол себепті оның арнайы рецепті жоқ. Рецепті болмаса да, өміріңізді өзгертетін бірнеше кеңесімізді пайдаланып көріңіз. 

1. Шын мәнінде бақытты болған сәттеріңізді есіңізге түсіріп көріңіз. Мүмкіндік болса, 20-30-ын қағаз бетіне түсіріңіз. Ол кез келген нәрсе болуы мүмкін. Мысалы, жәй ғана бейтаныс адамның сізге қарап күлімсірегені... Тіпті, ешбір себепсіз өзіңізді ең бақытты адамдай сезінген күндеріңіз болған шығар? Жұмыстағы дәрежеңіз көтерілді ме? Мектепте мұғаліміңіз бестік баға қойған болар? Ата-анаңызды тосын сыймен қуанттыңыз ба? Қысқасы, тек шын бақытты болған сәттеріңізді жазыңыз.


2. Жазған тізімңіздің ішінде ортақ не нәрсе бар екендігін ойланып, оларды бір топқа біріктіріңіз. Мысалы, сіз өзіңіз қалаған ЖОО-ға түскен кезде, нан илеуді үйренген кезде, алғаш рет шпагатқа отырғаныңызда және т.б. Бұндайларды «Жетістікке жеткен кезде» деген топқа біріктіре аласыз. Топтың атауы тек өзіңізге байланысты.


3. Өміріңізде қандай бақыт жетіспейтіндігіне анализ жасаңыз. Мүмкін ауылға ата-әжеңізге бармағаныңызға, салқын қымыздың дәмін татып, құрт жемегеніңізге көп болған шығар әлде шет елге барғыңыз келе ме? Өзіңізді еркелетіңіз. Орайы келгенде, осылардың орнын толтырыңыз. Алайда жәй ғана достарыңызбен бірге киноға барудың өзі жетіп қалуы мүмкін.


4. Тағы да бір тізім жасаңыз. Бұл жолы әлі де өміріңізде болып көрмеген, бірақ сізді бақытты ете алады деген сәттерді жазыңыз. Жазғандарыңызды қалай жүзеге асыра алатындығыңызды ойлаңыз. Уақыты келгенде іске асырыңыз.

5. Бақытқа қол жеткізуге болатындығын біліңіз. Бақыт – қол жететін мақсат.

Ал сіз бақытты қалай түсінесіз?

Дайындаған: Қарлыға Бүйенбай

Сурет: вк желісінен

Қ. Бүйенбай