Мінезіңізді жақсы жаққа өзгерткіңіз келе ме?

Мінезіңізді жақсы жаққа өзгерткіңіз келе ме?

Мінезіңізді өзгерту үшін ең алдымен қолыңызға қалам мен қағаз алып, бір бөлігіне жағымсыз қасиеттеріңізді, екінші бөлігіне алдыдағы уақытта ие болғыңыз келетін қасиеттердің тізімін жазыңыз.

Жағымсыз қасиеттеріңізді дұрыс анықтау үшін жақындарыңыздың көмегіне жүгініңіз. Сіздің бойыңыздағы өздері ұнатпайтын қасиеттерді жасырмай айтуын өтініңіз. Кейде кемшіліктерімізді байқамай жатсақ, енді бірде артық кетіп жатамыз.

Қажетті, қажетсіз мінездердің жанына олардан қалай арылып және керісінше қалай ие болу жолдарын жазыңыз. Мысалы, жалқаулықты жоғары белсенділікпен, пессимизмді позитивті көңіл-күймен, кекті мейірімділікпен, сенімсіздікті батылдықпен жеңуге болады.

Мінезіңізді өзгертудің қандай ұтымды тұстары бар екендігін ойлаңыз. Бұл сізге шабыт сыйлайтын болады. Алайда өзгеру үшін көп уақыт қажет екендігін, мұның барлығы ерік-жігеріңізді ұштайтындығын ескеріңіз.

Кейде сыртқы көріністі өзгерту арқылы адамның жан-дүниесін де өзгертуге болады. Бұны бойжеткендер жақсы біледі. Мысалы, шашының түсін өзгерткен қыздар өздерінің өмірге деген көзқарасының өзгергендігін байқайды. Ашық түсті шаш бояуларын нәзіктік пен романтиканы сүйетін жандар таңдаса, қара түсті мақсатына бар күшімен ұмтылатын қыздар ұнатады.

Кейде керісінше жан-дүниемізге сай сыртқы көрінісімізге өзгеріс енгізгіміз келеді. Киімдеріміздің де ішкі «менімізге» сәйкес болуын қалаймыз.

Мінезді өзгерту – өте қиын іс. Оның салдарынан жетістікке жетуге немесе шыққан шыңнан құлап кетуге болады. Сол себепті жоғарыда жазған тізіміңізді өзіңіздің бөлмеңізге іліп, күнделікті қайталап оқып отырыңыз. Көп ұзамай әдет болып қалыптасады.

Дайындаған: Қарлыға Бүйенбай

Суреттер: dobranovika.si

Қ. Бүйенбай