Жұмыстан сын естісеңіз...

Жұмыстан сын естісеңіз...

"Сын - шын болсын, шын - сын болсын"

Мұхтар Әуезов

Бар ынтасын салып жасаған жұмысынан сын есту кім-кімге де оңай соқпайды. Бірақ сын түзу болса, оның маман ретінде шыңдалуға тигізер пайдасы орасан.

Сонымен сынға бойды қалай үйрету керек? Жалпы сынды қайтсек дұрыс қабылдаймыз? Massaget.kz бүгін осы төңіректе әңгімелеседі. 

♦ Сіз міні жоқ керемет адам емессіз!

Бұл сөзіміз құлағыңызға түрпідей тиер, бірақ бұл дүниеде ешкім де идеал адам емес. Жұмысымды кемшіліксіз керемет атқарып жүрмін деген ойдан арылғаныңыз жөн. Қателеспейтін адам жоқ, сіз де екі қол, екі аяғы бар қарапайым адамдардың бірісіз... 

♦ Жұмысыңызға тексеріс жүргізіп отырыңыз

Жұмыс күні аяқтала салысымен күн сайын жұмысыңызға тексеріс жүргізіп отыруды әдетке айналдырыңыз. Біреуден сын естігенше, сол сынды алдын ала өзіңізге өзіңіз айтып қойыңыз. 

♦ Сынды жүрекке жақын қабылдамаңыз

Жұмысыңызды сынға алса, онда сын айтушы адамның сізге деген пышағы артына жасырынып тұр деген сөз емес. Сынды сізге, сіздің адам ретіндегі болмысыңызға емес, жұмысыңызға айтатыны есіңізде болсын. 

♦ Сынды мұқият тыңдаңыз

Сізге сын айтып жатқан кезде, ашуға берілмей мұқият тыңдаңыз. Бұрынғы қателіктеріңізді қайталай көрмеңіз. Сынды кәдімгі кеңес ретінде қабылдасаңыз нұр үстіне нұр болмақ. 

♦ Қате сын...

Барлық сын шын мәнінде дұрыс бола бермейді. Егер сын расымен қисынсыз болса, оған келіспеуіңізге де болады. Сабырмен отырып, сын айтушы екеуіңіз сынды талқылап көріңіздер. Ал сын айтушы сізге дауыс көтеріп, мінез көрсетіп жатса, сабырлыққа шақырып, жұмысыңыздан қандай қателік көріп тұрғанын тыңдай біліңіз.  

♦ Дегенмен "Сырт көз – сыншы"

Сырт көзге бәрі анық көрінеді. Сондықтан егер бір сынды бір емес, бірнеше адам айтар болса, ойланып көргеніңіз жөн болар. Сынды қабылдай білу де үлкен ақылдылық! 

♦ Оқиғаны ой елегінен өткізіңіз

Сын айтып жатқан кезде бәрі қалай өрбігенін үйге барып ойланыңыз. Ол не деді? Сіз не дедіңіз? Бұның бәрі маман ретінде өсуіңізге зор септігін тигізбек. 

Сынай білу

Енді өзіңіздің де бір әріптесіңіздің жұмысына көңіліңіз толмай қалды делік. Сын айтпауға болмайын деп тұр. Сынды қалай дұрыс айту керек?

Ешқашан сынды оның жеке басына, намысына тиетіндей етіп, дауыс көтеріп айтпаңыз! "Сынды жұрттың көзінше айту дұрыс па?" десеңіз, алдымен оған сыныңызды оңашада айтып көріңіз. Ал одан ешқандай оң қорытынды шықпаса, елдің көзінше айтсаңыз, әбестік емес. 

Сын айтқанда оның жұмысындағы жетістігін де қоса айтыңыз. Мысалы: "Сіз мына жобаны жақсы жасауға тырысып, еңбектеніпсіз, бірақ бір жерлерін жөнді түсінбеген сияқтысыз". 

Сын естіген адам бәрібір төмендеп, сынмен келіссе, тіпті өз-өзін жегідей жеуге дейін барады. Сондықтан бір қателік жіберді екен деп оны соншалықты тұқыртуға болмайды. Әріптесіңізге үміт беріңіз. Жұмыстағы сын адамның маман ретінде қалыптасуы үшін ғана керек! Артық кетпей, тек қана нақтылықпен сөйлегеніңіз жөн. 

Дайындаған: Мейіргүл Оңғарова 

Сурет: psychologies.ru

М. Оңғарова