Қандай жігіттен "қашу" керек?

Қандай жігіттен "қашу" керек?

Қыздар қауымы жігіт таңдау ісіне айрықша көңіл бөледі. Шындығында, олар болашақ жарына тым көп шарттар қоятын секілді. Сөйте тұра, сол шарттардың бірде біреуіне жауап бере алмайтын жігітке ғашық болып жатады. Мұны қалай түсінуге болады?

Әйтсе де, сол қыздар қауымы қандай жігітті көрсе, екі қолын төбесіне қойып, қаша жөнеледі? Мұны қыздардың өзінен сұрап көрелік. Жігіттерге құлаққағыс болсын!

Тараздық қыз:

- Жұмысы жоқ жігіттерден. Олар өте қауіпті, олар қыздарды алдын-ала зерттеп біліп алады да, яғни білімі, жұмысы, қаржысы туралы. Сол қызға үйленуге тырысып, соның арқасында күн көреді. Бұларды бір сөзбен "арамтамақ" десе де болады.

Талдықорғандық қыз:

- Үсті-басына қарамайтын, салақ, түшкіре беретін, семіз еркектерден қашу керек. Өйткені олардан тек қана зиян келеді. Музыкалық, эстетикалық талғамы нашарлардан да бәтуа жоқ.

Қарағандылық қыз:

- Өтірікші. Ақталуы көп және сізбен бөліскісі келмейтін құпиясы көп жігіттер. Яғни телефонын сізден тығып, біреу телефон соқса далаға шығып сөйлесетін жігіттерге жоламау керек.

Шымкенттік қыз:

- Орынсыз қызғанатын, ұсақ-түйек мәселеге назар аударатын ер кісіден қашу керек деп ойлаймын. Неге? Себебі, ондай адамдармен өмір сүру қиын. Қызғанған дұрыс қой. Бірақ, оның шегі болу керек. Бастысы, екінші жартысына сенім білдіру қажет. Ал, сенім болмаған жерде орынды-орынсыз қызғаныш орын алған жерде тату отбасы болмайды. Екіншіден, ер адам ұсақ-түйекке араласып, әйелдердің ісіне кіріспеу керек деп ойлаймын. Ер адам өзіне лайықты үлкен ерлік істерді істеу керек те, ұсақ-түйек істі әйеліне қалдыру керек.

Астаналық қыз:

- «Құдайдан қорықпағаннан қорық» дейді ғой, имансыздан аулақ дегім келеді. Жүрегінде иманы жоқ адам алдауға да, арамдыққа да бір қадам жақын.

Алматылық қыз:

- Маған батылсыз жігіттер ұнамайды. Сабырлық танытатын жағдайлар қажет болғанымен, кейде намысы мен құқығын таптатып, үндемей кететіндер бар. Барынша жан-жал тудырмауға тырысамын десе де, әрдайым әділін айтып, керек болса қырын көрсетіп қойғаны дұрыс.

Ақтаулық қыз:

- Шындығына келгенде, маған жігіттердің бойындағы көп қасиеттер ұнамайды. Оның бәрін тізіп жатуға тағы болмас. Кейде жаратылысы солай ғой деп көз жұма салуға тырысамын. Бәрін айт та, бірін айт, "бездельник" жігіттерге жоламаймын. Меніңше, жігіт жиырма жасында бір отбасын асырай алатын емес, еліне тіреу болатын адам болып қалыптасып үлгеру керек. Қазір біздің елде, өсемін, өнемін, табысқа жетемін деген адамдарға көп мүмкіндіктер бар. Оны пайдаланып қалудың орнына, телефонын құлағынан түсірмей, қыз қуатын, одан қалса темекі, ішімдік, құмар ойындардың соңынан еріп кеткендерге, теледидар мен ұйқыдан көз ашпайтындарға жаным ашиды екен. Әсіресе, махаббаттан жолы болмай, өмірден түңіліп жүргендерді көп көремін. Жігіт ондай "мелочный" болмау керек. Оның мойнына бүтін елдің, отбасының тағдыры ілінген. Осыны сезініп, әрекет етсе біздің елдің де жағдайы біршама жақсарар ма еді деп ойлап қоямын...

 

Семейлік қыз:

- "Понторез" жігіттерден қашу керек. Мұндай жігіттер енді кездесе бастағанда керемет болады. Гүлдер, сыйлықтар, қымбат мейрамханалар, қолында iPhone, астында темір тұлпары да бар. Киімі, жүріс-тұрысы, дауысы оның мықты жігіт екендігін көрсетеді. "Бүйтемін, сөйтемін" деген сөздері де көп. Көп қыздар осындай жігіттердің болашағы бар деп алданып қалады. Шын мәнінде бұл жігіт қарапайым "понторез" болып шығуы мүмкін. Мақтаншақтыққа басқаның сәттілігін көре алмаушылық қосылып, басқадан кем емес киім, қалтафон, көлік қалайды. Ал оған жету жолында соңғы ақшасын жұмсап, несиелер мен қарыздарға батып жүргенін көбісі біле де бермейді. Елден кем емес болу мақсатында барын салып, болашағы жайлы еш ойланбайды, ертеңгі күнге ақша жинау, жоспарлар құру дегеннен аулақ жүреді. Мұндай жігіт өзінің өмірлік ұстанымы қате екендігін түсінбегенше өзін де, болашақ жарын да, балаларын да артқа тартады.

Қостанайлық қыз:

- Жігіттердің барлығына топырақ шашпаймын, алайда алдына мақсат қойып ұмтылмайтын жалқау, жанжалдасып кетуге дайын тұратын, былапыт сөздерді көп айтатын жігіттерді ұнатпаймын. Сәнге еремін деп белі төмен түскен шалбар киіп, құлақтарын тестіріп алатындары тағы бар. Жігіттер нәзік жандылардан ержүректілігімен, сөз бастаудан тайсалмайтын батылдығымен, қарындасын қорғай білетін күшімен ерекшеленуші еді ғой...

Қыздардың көптеген "керектері мен қажеттері, тиістері мен дұрыстарын" оқыдық. Түзелем дегендерге енді не кедергі?

Дайындаған: Ардақ Құлтай

Сурет: vk.com

А. Құлтай