Көңіл сырын бейнелеудің ең жақсы жолы

Көңіл сырын бейнелеудің ең жақсы жолы

Көп адам үшін қауымның алдында сөз сөйлеу тым қиынға соқпайды. Бірақ кейбір ерекше ортада, ерекше адамдарға сөз айту оңай шаруа емес.

Бірде Нью-Йорк қаласының басшысы болған Херер мырза қаланың басшылық қызметін қолына ала салысымен қала түрмесінің қал-ахуалын білуге барады. Ешқандай дайындығы болмаған ол қылмыскерлердің алдында не айтарын, сөзді неден бастарын білмей, өте ыңғайсыз жағдайға қалады. Ол: «Менің бұқараларым» деп бастайды да, өзінің бұлай айтуының заңға сәйкес дұрыс еместігін, заң бойынша мұндағы қылмыскерлердің жай халық статусынан ажыратылғанын біледі де, абдырап: «Менің қылмыскер достарым» деп салады. Бұл сөз оның аузынан шыға сала оның маңында тұрғандар қарқылдап күле жөнеледі. Ол тіптен ыңғайсызданып: «Бұл жерде сіздерді көргеніме өте қуаныштымын» дейді. Қала басшысының бұл бір-екі ауыз сөздері осы істен кейін бүкіл халыққа күлкі болады.

Қала бастығы жолыққан бұл жағдайға кейде біз де душар болуымыз мүмкін.

Ерекше ортада орынды сөз айту үшін көп ізденетін едім. Бірақ барлық жағдайда жеңіліске ұшырайтынмын. Бірнеше рет ауруханада емделіп жатқан достарымды, туыстарымды көруге, көңілін сұрауға бардым. Ауру азабымен алысып жатқан жақындарыма не айтамын, қалай айтсам олардың көңіліндегі қаяуды жеңілдете аламын деген сауал көкейімде тұратын. Өз-өзімнен: «Мұндай жағдайда сірә не айтуым керек? Не істесем ауру адамдарға жұбату бере аламын?» деп сұраймын.

Мен көптеген достарымнан бұл жайында сұрадым. Бірақ бұл тығырықтан шығатын нақты жауап таба алмадым. Бірақ медициналық жоғары оқу орнының профессоры Фешир ханымға жолыққан соң, бұл сұраққа жауап тапқан сияқтымын.

Фешир ханым бұл салада танымал адам. Ол кісі тәрбиелеген медбикелердің барлығы өз қызметтерінің үздіктері болып саналады екен.

Мен өзімді мазалап жүрген сауалдарды ол кісіге қойдым. Мендегі мәселені мұқият тыңдағаннан кейін ол кісі: «Мен көп жағдайда өз шәкірттеріме ауру азабын тартып жатқан адамдар үшін тек мейірім ғана жеткіліксіз, тек мейірге толы бір жұп көз ғана болса, олар бәрін жеңеді» деп тәрбие беремін деді.

Бұл – мен естіген ең жақсы ақыл-кеңес болды. Көптеген жағдайда біз не айту керектігі төңірегінде ғана ойланамыз дағы, бізге нағыз керекті дүниені ұмыт қалдырамыз. Қарсы алдымызда отырған кісіге күйінетіндігіміз, оның қиналысына ортақ екендігімізді тек мейірге толы қадалып тұрған көздеріміз арқылы ғана жеткізсек, құба-құп болар еді.

Көңіл сырын, нағыз жанашырлықты білдіруге тек ақ көңіліңіз, қайырымдылығыңыз, кішіпейілділігіңіз шашырап тұратын көз жанарыңыз болса ғана жеткілікті.

Дайындаған: Мейіржан Әуелханұлы

Сурет: blogspot.com 

M. Auelkhan